Соғыстан қайтқан солдаттар

Соғыстан қайтқан жауынгерлер қан майданға жігер, күшін қалдырып, жаралы жанын сүйреп қайтты. Олардың әрқайсысы адам жаны түршігетіндей қауіп-қатерге, ерлікке естеліктер арқалап қайтты.
Бүгінде олардың саны да сиреді. Алайда сұм соғыстың зардабын, зауалын терең біліп, түйсіну үшін майдангерлердің хикаясы қашан да құнды. Олардың әр сөзі сұрқай жылдардың тасқа басылған таңбасындай. «Жас Алаш» 9 мамыр Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлерінің естеліктерін оқырманға ұсынып отыр.
Зейнетулла Бекбосынов,
Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны,
1922 жылы туған, 1944 жылы соғысқа шақырылған:
Жеңіс күнін Венада орман ішінде қарсы алдық
– Чикаго облысының Мизновозер деген лагерінде бар-жоғы 1 айдай әскери жаттығудан өттік. Одан кейін пойызға тиеп, Қара теңіз жанындағы Одессаға апарды. Одессадан корабльге тиеп, таң атарда Румынияға жеттік. Жататын жер жоқ, ат көнесіне қамап, сонда аздап дем алдық. Ертесінде әскери киім беріп, сол жерден Румыниядағы әскери қорғанысына апарды. Содан жаумен біресе олар, біресе біздер шегінісіп, шайқаса жүріп жаяу Венгрияға дейін бардық. Венгрияда бірталай уақыт соғысып жаяу Болгарияға, одан ары Австрияның Венасына дейін жеттік. Соғыса жүріп Дунай өзенінен өттік, оны ерекше атап өтетінім, өзеннің ұзындығы 1 700 шақырым екен. Соны немістер бомба тастап, 3 жерінен үзіпті. Соған фонтанный темір қайық салып, екі жағынан зәкірлеп қойған екен, қараңғы батқан кезде әлгі фонтаннан өткізді. Одан өткен соң Венгрияға келіп Дунайдың жағасында әскери қорда болдық. Альпы тауында айлап-жылдап әскери қорда болдық. Бізден бұрын монастырь сияқты салдырған екен, сонда немістер қару-жарақтарын орналастырып, бекініпті. Онда оқта-текте снарядтың оғы естіліп тұрады. Біз оборонда, теректің ішінде отырдық. Содан Венгрияны тастап, Болгарияға бардық. Ол да Альпы тауының етегіне жақын екен, тағы сонда болдық. Содан Австрияның Венасына бардық. Австрияда үлкен қиындыққа тап болдық. Себебі жаяу әскерлер келгенімізбен, артта ауыр қару-жарақтар келе алмады. Айнала кілең су, теңіз, өзен болғандықтан өте алмады. Артынан «катюша» келіп, бәрін тас-талқан етіп бұзды. «Катюшаны» бір оқтағанда 8 снарядпен оқталатын және оғы 15 шақырымнан асатын еді.
Украинаны азат етуге, «За Советский Заполярьяда» 6 айдай болдық. Танктің «Максим» пулеметінде болдым. Пулемет қызып кетпес үшін су құйып тұрады. Сондай бір оқиғада пулеметке су жоқ еді, оқ қатты жауып тұрған кезде біршама жерден екі котелок су алып келдім. Сол үшін «Завоевал за слугу» медалімен марапаттады.
1945 жылы жеңіс уақыты жарияланғанда Австрияның Дунайдан бөлінетін үлкен сағасы бар екен, сонда салынған көпірдің арғы бетіне Америка солдаттары, бергі жағына біздің әскерлер ту көтерді. Содан Мәскеу «Победа будет за нами» деп хабарлады. Ал 9 мамырда Германияның түпкілікті берілуі туралы радиодан хабарлады. Венада орман ішіндеміз, жаспыз ғой, Сталиннен «үш күн солдаттың не істесе де өз еркінде» деген рұқсаты келді. Үш күн тойлау, үш күн билеу болды. Бірақ қуаныштың арасында да қайғылы оқиғалар болып жатты. Солдаттар қызық іздеп, шекараның ар жағына өтіп кетеді, оларды атып тастайды, сөйтіп жеңістен кейін де талайы қырылып қалды. Содан ешқандай ауыл, ешқандай қаланы көрсетпей, тек орманға тығып отырып СССР-ға жаяу жүріп келдік. Жолда артында асханасы бар ат-арба, жүк тиелген ұзын керуен, оның соңында біз жүріп отырдық. Тамақ піскенде жол-жөнекей тоқтатады, асымызды ішіп аламыз, демаламыз. Демалып болған соң тағы жаяу жүреміз. Керуенде не бар екені белгісіз. Жүктің беті жабылған. Оны 4 ай дегенде Мәскеуге алып келдік. 1947 жылы 700-бөлімнің батальонының байланысшысын оқытамыз деп жатқанда қайта ауырып, содан әскери тексеріс денсаулығыма байланысты жарамсыз деп тауып, елге қайтарды.
Мұқанов Жұмахан, Алматы облысы Есік ауданы Ащысай ауылының тұрғыны, 1925 жылы туған, Ұлы Отан соғысының ардагері:
Қиыншылықты ауылға келген соң көрдік
– Фашистер соғыс ашқалы жатыр деп, Сталиннің тапсырмасымен Қиыр Шығысқа 7 баланы дайындады. 15 күндік дайындықтан соң Иркутскіден ең алдымен бірінші эшелонмен біз өттік. Артымызда әлі 6 эшелон бар еді, Спасскі разъезіне таңертең ерте барып едік бөгеліп кешке дейін тұрып қалдық. Ол кезде көмірмен жанатын эшелон. Орыстың балалары «тұрамыз ба өстіп» деп шуылдады. Сөйтсек, артымыздағы 6 эшелонды Иркутскіге түсіріп, қысқарту жасапты. Біз өткен соң жол таза деп команда беріп, хабарлап қойған екен, олар келе жатқанда теміржолдың шпалдарының шегесін шығарып, жолды бұзып тастаған болып шықты. Ол кезде шпиондар мықты жұмыс істеді ғой. Өте алмай қалған 6 эшелонның біреуі оқ-дәрісі бар – бәрі Иркутскіде қалды. 1942 жылы Қиыр Шығысқа барғаннан ешқандай соғысқа қатысқан жоқпыз. Жапон Қытай жерін алып алған екен, Манчужурияда болдық. Жапон шекарасында орман арасында палаткада ұстады. Тек, әне ашады соғыс, міне ашады соғыс деумен болдық. Соның арасында 18 күндік соғыс болды, соның өзінде көп адам қырылды. Қиын болды. Бөтелкені алады да танкінің алдынан жүгіреді, өзі де жарылады, машина да жарылады. Әлгі кішкентай күнінен үйрететін Жапондардың армиясы бар ғой, сол армия талайды құртты. Бір тау бар екен, сол таудың етегі сазды жерде танкі, американский пушкісі тіркелген еді, біз сонда тұрып қалдық. Сөйтіп тұрып қалғанда жапонның 4 солдаты қолын көтеріп келіп, мылтығын тастады. Содан танкистер, орыстар «талай уақыттан соғыста жүріп жолдастарымыздан айырылмап едік, сендердің кесірлеріңнен талайынан айырылдық» деп, оларды бірінің үстіне бірін айқастырып жатқызып байлап, үстіне бензин құйып, тірідей от қойды. Негізінен оларды ана бетте отырғандар әдейі жіберіп отыр ғой, қалай қабылдайды екен деп. Қабылдаса берілме, егер жандарын қинай бастаса атыспақшы. Содан от қойған соң төбеден оқ жаудырып, атыс басталып та кетті. Сол сәтте командир катюшерді шақырып алып, 4-5 рет оқ атып еді, дым болды. Сөйтіп 18 күндік соғыс бітті. Басқа соғыс болған жоқ, бірақ сол шекара аймағында біздерді 1948 жылға дейін ұстады да, 7 март күні ауылға (Ащысай) келдім.
Ауылға келген соң қиыншылықты содан көрдік. Ауылдың жағдайы армиядағыдай емес, өте нашар екен, тамақ жоқ, аш. Шешем науқас екен. Келе сала жұмысқа кірістім. Ауылға келіп военкоматқа тіркелгеннен соң Сыдық деген егіс бригадасының бастығына жіберді, көктемде атпен соқа айдап, күні бойы жұмыс істейміз де, 800 грам күріштің кішкентай-кішкентай қалдықтары қалады ғой, соны береді. Мына Шелек ауылының төменгі жағында Бабатоған деген колхоз бар, сонда күріш егетін, бастығы Қалибек Жабықбаев деген кісі болды, бұл жерде Өміржан Мұхамеджан деген бастық болды, екеуі жолдас екен сол күріштен қалған күрмекті өкімет алмайтын көрінеді, содан күні бойы жұмыс істегендерге береді, істемесе ол да жоқ. Содан шешем екі кісіге арнап сорпа пісіріп, көже жасап, сонымен үйтіп-бүйтіп күн көрдік. Ол жұмыстан кейін учетчик болып жұмыс істедім де, 1950 жылы егіс бригадирі етіп сайлады. 1952 жылы астықты жақсы алып, онда суды сатып береді, колхоздың бастығын дайындайтын оқу бар екен, сол мына жақын жерден Талғардан ашыла қалды да, сонда барып оқуға райкомнан қаулы шығарыпты. Соны 1955 жылы бітіп келген соң егіс бригадирі болып істеп жүріп институтты сырттай бітірдім. Ол кездегі ауыл тұрғындарының жағдайы өте нашар болды, аш, тамақтың жоқтығынан адамдар үлкен болып кеуіп, ісініп кетеді екен, жағдай тек 55 жылдан кейін ғана бірте-бірте жақсара бастады.
Жазып алған: Құралай Қожаханова
Алматы қаласы Музейлер бірлестігі,
Д.А.Қонаев музейінің
ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты
Ағам Соғыс бітерге 12 күн қалғанда қайтыс болды
Бүгінде сексенді аяқтап, тоқсанға иек артып, қатары сиреген біздер кешегі патша заманы, кеңестік кезеңнің қиындықтарын көрдік. Еңбекке жастайымыздан ерте араласып, оқу-білімге құштар болып өстік. Ел болып бірігіп, ес жиып еңбек ете бастағанда – 1941 жылы соғыс басталып, ел азаматтары қан майданға аттанып жан алысып, жан берісіп, жат жерде қалып, елге оралмады. Туған жердің тарихына үңілген сайын есіме туып-өскен жерім Жайылма ауылы түседі. Бұл қастерлі жер қаншама ашылмаған сырды, айтылмаған ақиқатты сақтап қалған өңір. Осы бір шағын елді мекеннің тарихына, онда мекен еткен әр шаңырақтың бастан өткізген қиындықтарына көз жүгіртсек, бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының өмір-тіршілігімен ұштасып жатқанын байқаймыз. Біз тек 1941 жылғы соғысты еске алсақ, бір ғана Жайылма ауылынан қаншама адам елі үшін, ұрпағы үшін жанын қиды. Сол соғыстың құрбандары ауылдың бетке ұстар азаматтары еді. Олардың арасынан менің ағам Ақтанау Кенжебаевтың тағдырын алайықшы. Ол кісі Германияда Берлинге жақын Зелесен деген қалада ерлікпен қаза тапқан. Соғыс бітерге небәрі 12 күн қалғанда. Қайран қатал тағдыр-ай десеңші. Қандай өкінішті? Осы қаралы хабарәлі күнге дейін өзегімді өртеп, жүрегімді езеді. Ақтанау ағаның немересі Сейілбек атасының Германияда Зелесенде бауырластар зиратында жерленгенін интернеттен тапты. Сейілбек екеуміз ағамыздың жерленген жеріне барып қайттық. Бауырымның иманы жолдас. Жаны жаннатта болуын Алла нәсіп етсін!
Екінші ағам Ағыбай Досжанов 1942 жылы 7-сыныпты бітірісімен соғысқа аттанып, 1948 жылы елге аман-есен оралды. Бауырларымның есімдерін еске алып, ұрпақтарының жалғасып өсіп-өніп, әр салада еңбек еткендерін мақтан етемін. Өлгендердің аруағы риза болып, тірілерінің мерейі өссін!
Ұлы жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! Жастар өсіп-өніп, Отанын, елін сүйетін болсын, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын.
Алтын Досжанова,
тыл еңбеккері, Жамбыл облысы
Сарысу ауданы, Саудакент ауылы

Алғашқы қазақ генералы
Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең алғашқы қазақ генералы Шәкір Жексенбаев. Мұны біреу білсе, біреу білмес, сондықтан әуелі кейіпкеріміздің өміріне аз-кем көз жүгіртейік.
Ш.Жексенбаев – 1901 жылы 28 ақпанда, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Шоңғай ауылында дүниеге келген.
Бөкей Орда ауданындағы Шоңай ауылында орыс-қазақ мектебін тәмамдаған. Аз уақыттан кейін бірінші қазақ әскери полкінде отряд командирі, кейін взвод командирі, эскадрилья командирінің көмекшісі болды.
Генералдың өз қолымен жазған өмірбаянына қарағанда, полктың курсанты болып қабылданған жас жігіт кейін атты әскер эскадроны құрамында Орынборға ауысады. Борисоглебск атты әскер курсында оқып, 1920 жылы 30 маусымда командир атағын алып, І дербес Қазақ атты әскер дивизионына оралады. 1924 жылы Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы Әскери академиясын тәмамдап, 1931 жылы Жоғары әскери-химиялық академияның курстарын бітірген соң әскери-химия саласында жауапты қызметтер атқарды.
Ш.Жексенбаев 1941 жылғы 28 қазанда Брянск майданы химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы болып тағайындалып, осы қызметті 1943 жылғы қазан айына дейін абыроймен атқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде химиялық әскерлер аз көзге түскен жоқ. Химиялық әскер бөлімшелері талай құрметті атаққа қол жеткізсе, 28 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанып, орден-медальдармен марапатталды. Бір ғана мысал, солардың бел ортасында жүрген Шәкір Жексенбаев дайындап, басшылық еткен фугасты от шашқыш роталар 1942 жылдың ақпанында 13-армия құрамында ерлік көрсетті. Сол жылдың жазында аталған роталар 13-ші және 38-армия құрамында жаудың 9 танкісі мен мыңға жуық солдат-офицерлерін жойған. Сондай-ақ Воронеж-Касторное операциясы кезінде әскери химик Ш.Жексенбаев шабуыл барысында химиялық реакция нәтижесінде жаудан тасалану үшін қою түтінді 8 шақырым қашықтықта қолданып, кеңес әскерлері жаудың 12 дивизиядан тұратын 2-неміс армиясының қорғанысын шығынсыз бұзған.
Соның дәлеліндей, 11 наурызда Қызыл ту, 23 қыркүйекте бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталып, 16 қазанда техникалық әскерлердің генерал-майоры атағы беріледі. Ш.Жексенбаев осындай жоғары атақтарды иеленген тұңғыш қазақ еді. Айта кетейік, Қызыл ту – КСРО-да жоғары бағаланған алғашқы ордендердің бірі. Отан қорғауда ерекше батырлығы мен қайсарлық көрсеткені үшін берілетін осынау орденмен Шәкір Жексенбаев бір емес, төрт мәрте марапатталған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс, орталық Брянск, Ленинград майдандарында жоғары қолбасшылық қызметтерде болған еді.
1943 жылы Шәкір Жексенбаевқа генерал-майор атағы берілді. 1945–1949 жылдары К.Ворошилов атындағы Әскери академияда химиялық шабуылдардан қорғау кафедрасының меңгерушісі, Кеңес Армиясы химиялық әскерлер кафедрасы бастығының орынбасары, Ақ теңіз әскери округінің химиялық қызметінің бастығы болды. 1949–1958 жылдары В.Куйбышев атындағы Әскери-инженерлік академияда кафедра меңгерушісі, аға оқытушы қызметтерін атқарды.
Мәскеуде өмір сүрген генерал өмірінің соңғы күндеріне дейін туған жерімен байланысын үзген жоқ. Бөкей Орда ауданында Ш.Жексенбаев атындағы орта мектеп болса, Алматы, Орал қалаларында оның атында көшелер бар. Қазақтың ұлы ақыны Қадір Мырза Әли Ш.Жексенбаев туралы: «Бостандық та келді. Қайғылы күндер артта қалды. Сіз қазақтан шыққан тұңғыш генерал болдыңыз» деген еді. Биыл қазақ тарихында ерекше орны бар бірегей тұлғаның туғанына 28 ақпанда 124 жыл толды. Ендеше, халықтың қаһарман ұлы қандай құрметке де әбден лайық!
Данияр Маменов
подполковник