“Соғысты тоқтатыңдар! Израиль халықаралық оқшаулауға ұшырауы мүмкін” – Германия

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Израильге Газадағы гуманитарлық жағдай жақсармаса, халықаралық оқшаулауға ұшырауы мүмкін екенін ескертті.
Бұл туралы ол Израильге сапары барысында айтып, сөзін DPA агенттігі таратты.
– Жақын Шығыс бейбіт процесі және жалпы аймақ бүгінде қауіпте тұр. Израильге қатысты Еуроодақта санкциялар енгізу мәселесі талқылануда. Сондай-ақ бірқатар елдер Палестина мемлекеті мәртебесін тануға дайын екендігін білдіріп жатыр. Израиль барған сайын халықаралық оқшаулауға тап болуы мүмкін. Германия мұндай сценарийге жол бермеу үшін бар күшін салуы керек, - деді Вадефуль.
Министрдің айтуынша, ол дәл осы себеппен Израильге келген. Вадефуль Газа секторындағы жағдайды «шыдау мүмкін емес» деп бағалап, оны «тез арада өзгерту қажет» екенін атап өтті.
– Газа халқына қатысты жағдайды түбегейлі жақсарту қажет. Израиль үкіметі бұл аймаққа жаппай қырғынның алдын алу үшін гуманитарлық және медициналық көмекті құрлық арқылы тез, қауіпсіз әрі жеткілікті түрде жеткізуі тиіс, - деді ол.
Министр Израиль тарапы бұл міндетті орындау қажеттігін түсінгендей әсер алғанын жеткізді. Сонымен қатар Вадефуль Газа секторында атысты тоқтату қажеттігін баса айтты. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда тек уақытша бітім емес, соғысты түбегейлі тоқтату керек.
– Бұл соғысқа нүкте қою қажет. Бұл ең алдымен ХАМАС қозғалысына бағытталған талап, - деді Германия СІМ басшысы.
Вадефуль бейсенбі күні түстен кейін Тель-Авивке келіп, одан кейін Иерусалимге барған. Онда ол Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саармен, премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен және президент Ицхак Герцогпен кездесті. Жұма күні ол Иордан өзенінің Батыс жағалауына барып, Палестина президенті Махмуд Аббаспен Рамаллада жүздеспек.