«Соғыстың аяқталуына жақындадық» – Зеленский Трамппен кездесуден кейін

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен өткен келіссөздерден кейін, «соғыстың аяқталуы жақындағанын» мәлімдеді.
Reuters агенттігінің дерегінше, кездесуде Трамп соғысты қазіргі майдан шебінде “тоқтату” ұсынысын жасаған.
Кездесу барысы және келіссөз ұсынысы
Кездесу Вашингтонда өткен, онда Зеленский Украина өз жерлерін ерікті түрде бермейтінін нақты айтқан. Осыдан кейін Трамп соғысты қазіргі шепте “мұздату” идеясын ұсынған. Келіссөз осы ұсыныстан соң аяқталған.
Reuters мәліметінше, Трамптың бұл позициясына оның Зеленскиймен кездесудің алдында Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуі ықпал еткен.
The Washington Post газетінің жазуынша, Путин ол әңгіме барысында Украина Донецк облысын толығымен Ресейге беруі тиіс, есесіне Запорожье мен Херсон облыстарының бір бөлігін қайтарып алуы мүмкін деген нұсқаны айтқан. Бірақ бұл ұсыныс нақты «территория алмасу ма, әлде саяси ымыра ма» – белгісіз.
Reuters дереккөзі хабарлауынша, АҚШ өкілдері 17 қазандағы кездесуде де осындай «айырбас» ұсынысын көтерген.
Алайда Трамп кейін журналистерге:
«Мен ешқашан украин тарапымен Донбастың берілуі туралы талқылаған емеспін», — деп мәлімдеді.
Кремльдің жауабы
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Трамп ұсынған “қақтығысты мұздату” идеясын бірден жоққа шығарды:
«Бұл тақырып бірнеше рет көтерілген. Ресейдің ұстанымы өзгермейді – біз өз бағытымыздан таймаймыз», — деді ол.
Зеленский: «Соғыс аяқтала бастады»
Кездесуден кейін Владимир Зеленский журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып:
«Біз соғыстың аяқталуына жақындадық. Бұл оның ертең бітетінін білдірмейді, бірақ президент Трамп Таяу Шығыста көп жетістікке жетті, енді сол серпінмен Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға тырысып жатыр», — деді.
Зеленский бұл сөзінің егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ, бірақ «соғысты тоқтатуға бағытталған әлемдік саяси сұраныс күшейіп келеді» деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Украина осы сәтті пайдаланып, Ресейге әскери және дипломатиялық қысымды арттыруға ниетті.