Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 12 Қазан 2023

«Соғыстың бәрі – жеңіліс». Жаһан көз тіккен қоршаудағы Газа

израиль соғыс
Фото: Жас алаш

Таяу Шығыстағы жағдай қатты ушығып барады. ХАМАС ұйымының Израильге террористік шабуылынан соң ашуға булыққан еврейлер Газа секторын күндіз-түні бомбалап жатыр.

 7 қазанда Израильде жүздеген адамды өлтіріп, жүзден аса адамды кепілге ұстап әкеткен ХАМАС содырлары қазір әр бұрышта қашып-пысып соғысып жүр. Екі жақтың шайқасынан зардап шегуші – қарапайым, бейбіт халық.

«АТЕИСТ БОЛСАМ ДА СЫЙЫНДЫМ»

– Қызыңызды соңғы көргеніңіз осы ма?

– Иә, соңғы рет сол видеодан көрдім. Басқа жерде кездесіп қала ма деп мыңдаған видеоны ақтарып шықтым. Жоқ, еш жерде жоқ.

– Қызыңыз тірі болар деген үміт бар ма?

– Үміттенемін. Бір жерде аман-есен отырған шығар деп үміттенем. Үміттен басқа сүйенеріміз жоқ.

Бұл – америкалық CNN телеарнасының журналисі Андерсон Купер мен Германия тұрғыны Рикард Лук арасындағы қысқа сұхбат. Рикард Лук Израильде хабар-ошарсыз кеткен қызы туралы айтып отыр. Ол «соңғы рет көрдім» деген видеоны тұтас әлем көрді. Сұлық жатқан қыздың жалаңаш денесін пикап үстінде қару көтерген, оқ-дәрі асынған төрт еркектің екеуі аяққа таптап, әлдене айтып отыр. Көлікке ілесе жүгіріп, елірген топ әйелге жан-жақтан түкіріп келеді. Оның кім екенін журналистер денесіндегі татудан таныған. Пикаптағы хамастықтарға тапталған бойжеткен Германияның Шани Лук есімді азаматы екені белгілі болды. Ол Израильде дәстүрлі түрде ашық аспан астында өтетін концертке қатысуға келген. Газа секторы шекарасына 30 шақырым жерде, Реим елдімекенінде тойлатып жатқандар шабуылдан бейхабар еді. Тағы бір видеода ән айтып, билеп жүргендер ұшып келе жатқан зымырандарды да байқамайды. Кенет автомат атылып, адамдар құлай бастағанда барып қана тым-тырақай қашады. Көптің ішінде Шани Лука да қолға түскен. 10 қазан күні белгілі болды, 30 жастағы бойжеткен Газа қаласында ауруханада ауыр халде жатыр екен. Содырлар оның аяқ-қолын түгел сындырған.

BBC телеарнасы бұл музыка фестиваліне құрбысымен бірге қатысып, шабуылдан аман қалған Гили Оскович есімді әйелмен сөйлескен. Ол террористердің ағаштар арасынан атқылап, оқ жаудырғанын, қалай тым-тырақай қашқанын сипаттайды. Оскович шабуыл кезінде өздерін ешкім қорғамағанын, не полиция, не әскери адам көрмегенін айтады. «Атеистпін. Сонда да Құдайға сыйындым» дейді ол қанды оқиғаны есіне алып.

Жалпы, Израиль ресми органдарының хабарлауынша, 7 қазан күні осы концерт өтіп жатқан жерде кемі 260 адам мерт болған.

Бұдан кейінгі жағдай бәріне аян. ХАМАС ұйымының содырлары шекараны тас-талқан етіп, баса-көктеп кіріп, Газа секторына жақын шағын қалаларды, ауылдарды тонай бастады. Қолында қару бары да, жоғы да темір шарбақтан аттап-пұттап секіріп, даурығып жүр. «Аллаһуакбар» деп ұрандатқан жүздеген адам әп-сәтте ондаған шақырым аумақты бақылауға алған. Ойда-жоқта осындай жойқын шабуыл болатынын Израиль күтпесе керек. Шекара маңындағы сарбаздары, полиция жасақтары не істерін білмей абдырап қалған. Қарсылық көрсеткен санаулы сарбаз хамастықтарға бұйым болмаған. Әскери казармаларда әр жерде шашылып жатқан жалаңаш мүрделер еврей сарбаздарының киініп те үлгермегенін аңғартса керек. Таңертеңнен түс ауғанша ойран салған ХАМАС бірнеше танк олжалап, құрыш сауытты көліктерді айдап әкетті. Кемі жүзден аса адамды кепілге алған. Олардың өлі не тірі екені жұмбақ. Әп-сәтте абдырап қалған Израиль билігі жылдам ес жиды. Үкімет шұғыл жиын өткізіп, соғыс жариялады.

ШАБУЫЛДЫ ИЗРАИЛЬ НЕГЕ АЛДЫН АЛА БІЛМЕДІ?

Қазір көпті толғандыратын сұрақтың бірі – осы. Израиль халқы да, шет мемлекеттер де хамастықтардың қалайша оп-оңай шекарадан аттай салғанына аң-таң. Қазіргі мәлімет бойынша шамамен 800-1000 арасында террорист басып кірген. Үлкен күш те емес. Осынша адамды тоқтатуға Израиль армиясының күші неге жетпей қалғаны да түсініксіз.

АҚШ-тың The New York Times басылымы Пентагондағы және Израиль қарулы күштері құрамындағы жасырын дереккөзіне сілтеп, ХАМАС шабуылынан Израиль «Моссад» барлау қызметі де, қауіпсіздік органдары да хабарсыз қалғанын жазады. Басылым ақпаратына қарағанда, Газа секторында жүрген Израиль жансыздары Тель-Авивке әдетте зымыран шабуылдарын бірнеше күн алдын ала хабарлайтын. Ол үшін арнайы тыңшылардың тізбегін құрған және хамастықтардың рация байланыстарын тыңдайтын қуатты құрылғыларды пайдаланған. Бірақ The New York Times газетіне мәлімет берген израильдік шенеунік ХАМАС ұйымы Израиль тыңшыларының тізбегін анықтап, тыңдау құралдарын айналып өтетін жол тапқанын айтқан.

Reuters агенттігі ХАМАС ұйымын іштен білетін дереккөзден сұхбат алған. Оның сөзінше, шабуыл жоспарын ұйымның жоғары жетекшілігінен басқа төмендегі қарапайым мүшелері де білмеген. Ақпараттың сыртқа шығып кетуінен қауіптенген ұйым жетекшілері алдын ала жасалған бірнеше ай жаттығудың да мақсатын ашып айтпаған.

Израиль әскери сарапшысы Йосси Хелман Твиттер парағында хамастықтардың шабуылынан қаза тапқандардың көбі әскери адам екенін жазды. Газа секторынан шабуылдағандар Израильдің Эрез, Реим, Керем-Шалом әскери базаларын талқандағанын, оған жүздеген террорист қатысқанын айтады.

BBC агенттігі түрлі сарапшылардың сөзіне сүйеніп, шабуылдың артында әлдебір күшті елдің құпия қызметі тұруы мүмкін деп болжайды. Нақты дәлел көрсетілмесе де ең алдымен ауызға ілігетіні – Иран. Бірақ Иран президенті Ибраһим Раиси мұсылмандарға (ХАМАС ұйымына) жақтас екенін ашық айтса да шабуылға еш қатысы жоғын мәлімдеді. Сөйте тұра, 8 қазан күні Раиси ХАМАС ұйымының жетекшісі Исмаил Ханиямен телефон арқылы сөйлесіп, оған қолдау көрсеткен. Ақпаратты Иранның ресми баспасөзі таратты. Әңгіме барысында Раиси Израильге шабуылды «ислам әлемі мақтанатын оқиға» деп атаған және соғыста «сөзсіз жеңіске жететініне сенетінін» айтқан. 10 қазан күні Иранның рухани көсемі Али Хаменеи де «Израильге шабуыл жасағандардың қолын сүю керек» деген.

Шабуылдың артында Ресей тұруы мүмкін дейтін де қаңқу сөз бар. Мұндай уәжді әсіресе Украина баспасөзі мен қауіпсіздік органдары айтып отыр. Олар сүйенетін дәйектің ең біріншісі – өткен қыркүйек айында ХАМАС ұйымы жетекшісінің Мәскеуге барып, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуі. Кремльге де кіріп-шыққан болар. Тағы бір дәлел – хамастықтардың Израиль танкілеріне қарсы ұрыс тәсілі. Дронмен төбеден граната тастаған видеолардан Украина барлау қызметі «орыстардың қолтаңбасын жазбай таныған». Алайда нақты айғақ жоқ.

ЖАҺАН РЕАКЦИЯСЫ

Израиль шабуыл туралы ресми мәлімдеген соң ең алдымен АҚШ ашық қолдау танытты. Ақ үй иесі Джо Байден қандай көмек керек болса, соның бәрін жіберуге әзір екенін білдірді. Іле-шала Жерорта теңізінде жүрген жойғыш ұшақтар мен түрлі зымыраны бар USS Gerald R. Ford. әуе күштерін тасымалдаушы кемесін жөнелтті.

Ұлыбритания, Германия, Франция бастап Еуропа елдері де Израиль билігін жақтады. Ресей, Қытай әдеттегідей «бейтарап» позиция ұстанатындарын мәлімдеді. Пекин де, Мәскеу де қақтығысты дереу тоқтатып, бітім жасасуға, келіссөзге шақырды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бейбіт адамдардың қаза тауып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Түркия билігі қақтығыстың тым ушығып кетуінен қауіптенеді. Екі жақты да сабырға шақырған Режеп Тайып Ердоған Израиль әскерінің биыл сәуір айында мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Иерусалимдегі Әл-Ахса мешітіне жасаған шабуылын еске алды және оны кешірмейтінін аңғартты.

Палестина президенті Махмуд Аббас Газа секторындағы ахуалды «адамзатқа қарсы қылмыс» деп атап, халықаралық қауымдастықтың араласуын сұрады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың сөзінше, «бұл басы ғана». Ол «Газаны үйіндіге айналдырамыз. Су, жарық, жылу да бермейміз. Жауымызды шабуыл жасап, соғысты бастағандарына қатты өкінетіндей қыламыз» деп мәлімдеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль премьер-министрінің бұл мәлімдемесіне қатты алаңдайтынын білдірді. Ол онсыз да қансырап жатқан бейбіт тұрғындарды аштықпен азаптамауға шақырды.

Ватикандағы Рим папасы Франциск жексенбі күні әулие Петр алаңындағы дәстүрлі дұға оқу рәсімінде «терроризм де, соғыс та өлімнен басқа ештеңе әкелмейді. Әрбір соғыс – жеңіліс» деп, қаруды тастауға үндеді.

Әлемнің әр бұрышында Палестинаны немесе Израильді қолдаған шерулер өтіп жатыр. Иран, Судан, Индонезия сынды мұсылман елдері Палестинадағы діндестеріне жанашыр екенін байқатты. Оңтүстік Америкадағы Аргентина мен Чили астаналарында алаңға жиналған мыңдаған адам еврейлерге болысты. Еуропа елдерінің бірнеше қаласында да осыған ұқсас Израильді жақтаған іс-шара ұйымдастырылды. Еуропалықтар арасында Палестинаны қолдағандар да аз емес. Лондон, Мадрид, Берлин қалаларында мұсылмандар «Палестинаға бостандық» тақырыбында митинг өткізді. АҚШ-та да екі жақты жақтаушылардың қолдау акциялары болды.

ГАЗА СЕКТОРЫНДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Израиль армиясы 8 қазаннан бастап Газа секторын үздіксіз бомбалауға көшті. Ұзындығы 40, ені 10 шақырымнан аспайтын шағын аумақта қазір кемі 2 миллион адам өмір сүреді. Көбі мұсылман. Бас-аяғы 5 күнде олардың көбі баспанасынан айырылған. Біріккен ұлттар ұйымы 10 қазан күнгі мәлімдемесінде 160 мың тұрғын үй-күйсіз қалғанын айтты. Палестина билігі Израиль шабуылынан Газада 900-ге жуық адам мерт болып, 5 мыңдайы жараланғанын хабарлады. Бірақ нақты есеп жоқ. Мәлімет бұдан әлдеқайда қорқынышты болуы да мүмкін.

Reuters агенттігі таратқан видео-фотоларға қараудың өзі қиын. Газа қаласында жедел жәрдем қызметкері 3-4 жасар бүлдіршінді көтеріп, жүгіріп келеді. Жолай «есікті аш» деп көмекшісіне айқайлайды. Анау әудем жерде дайын тұрған көліктің артқы есігін ашады. Баланы көтерген бойда ішіне кірген дәрігер енді, керісінше, «жап» деп бұйырады. Көлік жылдам орнынан қозғала берді. Іштегі дәрігерлер ес-түссіз жатқан бүлдіршінді оятып әлек. Қайда бара жатқаны да белгісіз. Өйткені Газада қауіпсіз жер қазір жоқтың қасы.

Тағы бір видеода егде ер адам ұлы мен қызынан бірдей айырылдым деп зарлап тұр. Оның сөзінше, түнде үйіне Израиль зымыраны түсіп, көпқабатты ғимараттың сау тамтығы қалмаған. Оның жанындағы әйел де, екі бірдей баласы қаза тапқанынын айтты.

Мұндай көрініс қаланың барлық жерінен кездеседі. Бала-шағасын алып қашуға тырысқан ел есеңгіреп қалған. Қайдан пана іздерін, қайда барып жан сауғаларын білмейді. Жылаған, еңіреген жұрт.

Израиль 9 қазан күні Газа секторын түгел қоршауға алғанын мәлімдеді. Үш күнде 300 мың адамды мобилизациялап, 100 мың сарбазды шекараға жеткізіп үлгерген.

Израильдің «Валла» басылымы 8 қазанда премьер-министр Биньямин Нетаньяху АҚШ президенті Джо Байденмен сөйлескенін хабарлады. Басылымның жазуынша, Нетаньяху Израиль армиясы Газаға басып кіретінін ескерткен, ал АҚШ президенті оны райынан қайтаруға тырыспаған.

10 қазандағы дерек бойынша Израиль өз аумағында ХАМАС-тың кемі 1500 содырын өлтірген. Ал Газа секторына түсіп жатқан зымырандар мен бомбалардан мерт болған қарапайым тұрғындардың есебі жоқ.

ПАЛЕСТИНА-ИЗРАИЛЬ ШИЕЛЕНІСІ

Таяу Шығыстағы палестиндер мен еврейлердің арасындағы текетірестің тамыры тым терең. Арыдан қазса, сонау пайғамбарлар заманына кетеді әрі өте күрделі, шытырманы көп тауарих.

Бірінші дүниежүзілік соғыс, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қашқан, босқан еврейлер – Таяу Шығыста Жерорта теңізінің шығыс жағалауына ауған. Олардың тарихында ол жер еврейлердің ежелгі қонысы. Бірақ еврейлер келгенше сандаған ғасыр сонда өмір сүріп отырған палестиндер де бұл аумақты өзінікі деп есептейді.

Гитлердің еврейлерге қарсы геноцидінен соң бұл ұлтқа әлемнің назары айрықша ауып, Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйытқы болып, оларға мемлекет түзіп берудің қамына кірісті. Ақыры Таяу Шығыстағы қазіргі мекеннен палестиндермен келісе отырып жер алып берді. 1948 жылы Израиль деген мемлекет пайда болды. Палестина да ресми мойындады. Бірақ діні басқа, ежелден ит пен мысықтай болған тарихы бар екі ұлттың арасы тату болмады. Сыртқы күштер ықпалымен жиі қақтығысты. Екі ел арасындағы ең үлкен соғыс осыдан 50 жыл бұрын 1973 жылы 6-25 қазан аралығында болды. Ол соғыс тарихта «Ақырзаман соғысы» деген атпен белгілі.

Ұзақ уақыт ірілі-ұсақы түрлі қақтығыстан қажыған екі ел 1993 жылы бейбіт келісім жасасты. Израиль премьер-министрі Ысқақ Рабин мен Палестина басшысы Ясир Арафат құжатқа Вашингтонда, Ақ үйде қол қойды. Оларды АҚШ президенті Билл Клинтон «татуластырды». Осы келісімге байланысты 1994 жылы екі саясаткер Нобель сыйлығын алды. Рабинді 1995 жылы өлтіріп кетті. Ясир Арафат 2004 жылы ауруханада көз жұмды.

Палестина – БҰҰ-ның 130-дан астам елі, оның ішінде Қазақстан да мойындаған тәуелсіз ел. Бірақ ұйымның қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты 5 елдің үшеуі – АҚШ, Ұлыбритания, Франция Палестинаны жеке мемлекет ретінде мойындамайды, қалған екеуі – Қытай мен Ресей мойындайды. Қазір Палестинаның өз ішінде «қос билік» бар деуге болады. Оның бірі – ХАМАС. ХАМАС-ты Еуропа одағы, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль елдері «террористік ұйым» деп санайды. Араб елдері, Ресей, Түркия, Қытай, Қазақстан үшін олар террорист емес.

ХАМАС (Ислам қарсылық қозғалысы) 1987 жылы жасақталған. 1988 жылы партия құрған. Палестинаның бұрынғы президенті Ясир Арафаттың өлімінен соң ғана елдің саяси өміріне белсене араласа бастады. 2007 жылы ХАМАС Газа секторында толық билік орнатты. Бұған Палестина билігі наразы. Өйткені Газа секторы әлемде Палестинаның аумағы саналады, алайда іс жүзінде оған қазіргі президент Махмуд Аббастың билігі жүрмейді.

Айгүл БАБА

Тегтер: