Соғыс: Қауіп пен қатер

Міне, Ресейдің Украинаны бейбітшілікке мәжбүрлеу үшін бастаған арнайы әскери қимылына аптаға жуықтады.
Әубаста Кремль санаулы сағатта ресейшіл Донбас пен Луганскіні азат етіп, Киевте отырған Батыстың жандайшаптарын қуып шығамыз, деген жоспары іске аспады. «Балтада өткір, бұтақта қатты» демекші, Украина оңай шағылатын жаңғақ емес екенін танытты.
Екі жақтан да шығын бар. Соғыс Украинаның барлық өңірінде жүріп жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, Ресей Украина жерінде жүріп жатқан соғыстағы әр күніне 20 миллиард доллар жұмсап жатқан көрінеді. Бұған қайтып орнына келмейтін адам шығынын қосыңыз. «Соғыстың құны – қираған жамбас, соғыстың құны – қураған мың бас», деген осы. Бірі – өз жерін қорғаса, екіншісі – «орыс әлемін құтқарамын», деп қидаласып жатыр. Әрине, бұл соғысқа төрелік айтар біз емеспіз. Дегенмен, мынаны ескере кеткен жөн болар. Украин жұрты Ресейді оккупант деп танып, сарбазы да, қарапайым шаруасы да, өз жерін қорғауда. Президент Зеленский, экс-президент Порошенко, экс-премьер-министр Юлия Тимошенко да қару алып, орыс сарбазына қарсы тұруда. Тіпті, Украина аруы аталған сұлу қыздың да отанын қорғау үшін қолына автомат ұстауы кімді де болса тәнті етері анық. Белгілі футбол командалары да ойынды тастап, қару асынып, жерін қорғауға кірісіпті. Қала басшылары, депутаттар бір төбе.
Міне, Отанын сүю, міне, қайыспас қайрат, өр рух. Мұндай елді жау басып алмақ түгілі, сағын сындыра алмасы хақ. Бұл әділетсіз соғысқа бүкіл әлем қарсы. Алайда «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, Путин әлем халқының наразылығын жүре тыңдауда. Бәлкім, «атың шықпаса, жер өрте», деген осы болар. Батыс елдері Ресейге санкцияның үстіне, санкция салуды бастады. Мұның соңы Ресей экономикасын күйретіп тынары белгілі.
Бұл соғыстан біз сабақ алатын тұс көп. Болашақта болу мүмкін қауіп-қатерді де ескерген жөн болатын секілді.
«Әлемде болып жатқан әскери-саяси оқиғаларды зерделейтін болсақ, Қазақстанға да бір қауіптің төніп тұрғанын көреміз. Мәселен, Ресейдің Украинадағы сепаратистік аймақтарды («Донецк халық республикасы» (ДХР) және «Луганск халық республикасы» (ЛХР) тәуелсіз мемлекет деп тануы және ол аймақты Украинадан азат етеміз, деп арнайы әскери қимылдар бастауы жақсылықтың нышаны емес. Осылайша, Ресей Украинаның екі облысын өзінің қанатының астына алды деуге болады. Ал 2014 жылы Қырымды анекциялап алғаны белгілі. Бұл Ресейдің империялық «тәбетінің» тым асқынып бара жатқанының белгісі. ДХР мен ЛХР-ды мойындап, Украинаға қарсы соғыс ашқаны үшін – Батыс елдері Ресейге қарсы санкция жариялады. Көрші елдің ірі компанияларының құнды қағаздарының бағалары құлады, азаматтық ұшақтары Еуропа әуесінде ұша алмайтын болды. Ақшасы құнсызданды. Әрине, ол бізге де қатты әсер етті. Өйткені, біздің теңге рубльге байланған. Содан болар, теңге де құнсызданды, доллар бағасы көтерілді. Бұл біздің экономика үшін үлкен соққы»– дейді белгілі қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай.
«Ал бұдан да зор сорақы, ол Ресей алдағы уақытта Қазақстанның солтүстік, шығыс аймақтарына ауыз салмай ма, деген қауіп. Осыдан бірер күн бұрын Путин «Украина деген мемлекет болмаған. Ол КСРО кезінде ғана мемлекет болып қалыптасты», дегенді айтты. Арты не болды. Түсінікті. Ал осыдан біраз жыл бұрын сол Путин «Қазақстан деген мемлекет болмаған» деп те қойып қалған. Путиннің осы сөзі демеу болды ма, орыс саясаткерлері «Қазақстанның солтүстік, шығыс облыстары біздің жер, кері қайтару керек», деп әңгіме бастаған-ды. Әлі де сол сарын айтылып жатыр. Қырымды алып, ДХР мен ЛХР-ды бір жақты еткен Ресей билігі енді бетін Қазақстанға қарай бұруы әбден мүмкін. Қайтпек керек? Шығыс пен солтүстік облыстарда жергілікті ұлтқа қарағанда, славяндар басым тұрады. Олардың қаншасы Ресейдің төлқұжатын алып алғандары да белгісіз. Әгәрәки, солтүстік жақта қазақ пен орыс арасында бір қақтығыс, текетірес бола қалса, Ресей «орыс мүддесін қорғаймыз», деп әскер енгізе салуы ғажап емес. Оған бізде қарсы тұрар күш жоқ. Өйткені, армиямыз бен Ұлттық қауіпсіздік күштерінің қандай жағдайда екенін кешегі қаңтар оқиғасы көрсетіп берді. Демек, не істеу керек? Бірінші кезекте, қазақтардың оңтүстіктен солтүстікке көшуін күшейту қажет. Басқа жол жоқ. Демек, солтүстікті қазақыландыра алғанда ғана «елдің іргесі бекіді», деп тыныш ұйықтауға болады. Өкініштісі, оңтүстіктен солтүстікке «Еңбек» бағдарламасы арқылы барған жұрттың біразы кері қайтып кеткен. Өйткені, уәде етілген жағдай жасалмаған. Ақша берілмеген. Сонда ол жаққа бөлінген миллиардтар қайда кетіп жатыр? Өкінішті. Солтүстікті қазақыландырудың артында үлкен саясат жатқанын жергілікті әкімдер, шенеуніктер түсінуі керек. Оның артында Ұлттық қауіпсіздік тұр. Сондықтан оған бөлінген қаржыны жергілікті шенділер жырымдап, жеп қоймай, қоныс аударғандарға беріп, барлық жағдайын жасауы тиіс. Егер олай істемесе, онда сол әкім-қаралардың өзі еліміздің қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істеп жатыр деп түсінген дұрыс», – дейді қоғам белсендісі. Жөн сөз.
Демек, біріншіден, президент Тоқаевтың жедел атқаратын бір жұмысы ішкі көші-қон мәселесі, яғни оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатындарға баса назар аударып, квотаны көбейту болып табылмақ. Өйткені, бір қауіптің шеті қылтия бастағанын бәріміз көріп отырмыз. Екінші мәселе, Украинадағы соғыс армияның білікті және заманауи қарумен жабдықталуы тиіс екенін көрсетті. Ал біздің Қарулы күштеріміздің техникасы, атыс құралдары сонау КСРО кезінен қалған, не болмаса, Ресейдің «ескі-құсқы» дүниесі. Онымен жасанып келген жауға төтеп беру мүмкін емес. Демек, армияны реформалау, атыс құралдарын жаңалау, соның ішінде, алыстан соққы беретін кешендер, әуе қорғаныс, зениттік-зымырандық құралдар алу, сонымен қатар, әскери ұшақтар паркін жаңалау — кезек күттірмейтін мәселе. «Сақтансаң, сақтаймын!» деген тәмсіл бар. Осыны әрдайым есте ұстайық!