«Соғыс украин халқын біріктірді»

Қазір түрткүл дүние Киевке көз тігіп, құлақ түріп отыр. Көптеген елдердің журналистері оқ пен оттың ортасында жүріп репортаж жасауда.
Ал біздің елден соғыс нүктесіне айналған Украин қалаларына барып тілшілік қызмет қылып жатқандар бар ма? Бұған дейін осы мәселе әлеуметтік желіде жазылып «Қазақстан тілшілері неге Украинаға барып тікелей эфирде хабар таратпайды?» деген сауал қойылған болатын. Біз де шетелде тұратын қазақ журналистерін іздеп, сұрау салдық. Еуропаның көптеген елдерінде тілші ұстайтын мемлекеттік телеарналардың өзі Украинадан тікелей хабар тарата алмай мысы құрып отыр.
Бірақ біз таптық. Киевте тұратын жерлесіміз, журналист Аида Қыдырбайқызы қазір оқ бораған соғыстың өтінде жүр. Бірнеше жылдан бері сол жақта тұратын отандасымыз қазақ журналистерінің бұл тақырыпқа қызығып, шынайы ақпарат беруге тырысып жатқандарына дән риза екенін жеткізді. Өзі де соңғы бір аптаның ішінде қазақстандық телеарналарға жиі-жиі ақпарат бере бастаған.
— Қазақ баспасөзінің Ресей-Украина соғысын ашық жазуы, менің әлеуметтік желідегі ақпараттарымның кедергісіз ашық жариялануы, бірқатар мемлекеттік арналар бұл тақырыпты бұрмаламай беруі – 2013 жылға қарағанда ашық ақпарат тарата бастағанын көрсетіп отыр. Өйткені 2013 жылы Майданды өз көзіммен көрдім, ортасында болып, репортаж жасадым. Сонда кейбір мемлекеттік телеарналар аузымды жауып, ешқандай ақпарат тарата алмаған едім. Осы жолы ақпаратты бұрмаламай ашық беріп отыр. Бұл баспасөз саласында жүрген журналистер үшін қуанатын жағдай. Тағы бір жағынан мемлекеттік телеарналар болсын немесе «Жас Алаш» газеті сияқты тәуелсіз басылым болсын, мен бәріне бірдей ақпарат таратып, сұхбат беріп отырмын. Берген ақпаратымның қиылмай, сүзгіден өтпей шығып жатқаны қазақ баспасөзінің ашықтығын көрсетсе керек. Солай деп сеніп отырмын.
– Дұрыс айтасыз, Аида. Көршінің көңіліне қарап шынайы ақпаратты бұрмалап беретін уақыт өтті ғой. Қазір ғаламтор, әлеуметтік желі дамыған, біз бұрмалағанмен, шетелдік БАҚ бәрін ашық көрсетіп отыр. Сондықтан бәсекеге қабілетті болу үшін заман көшінен қалмау бәрімізге ортақ талап болу керек. Енді нақты сұрақтарға тоқталсақ. Соғыс басталғалы айдан асып барады. Украинадағы дәл қазіргі жағдай қалай?
–Жағдай өте қиын. Украинада 43 миллион халық бар десек, соның 3 млн 200 мыңы шетелге босып кетті. Бұл әр бесінші украиндық босқын болды деген сөз. Сол босқындардың 2 миллионнан астамы Польшаға бас сауғалады. Өйткені Польша, біріншіден, көрші ел. Екіншіден, қиын жағдайда бірінші болып украиндарды қабылдаған, құшағын жайып қарсы алған дос елдің бірі.
Украин қорғаныс министрі елдің барлық аймағы бойынша қауіпсіз деп мәлімдеді. Мен дәл қазір Украинаның батыс өңіріндегі Яремча деген қаладамын. Бұл жақ толығымен тыныш деп айта алмаймын. Мысалы, бірер күн бұрын ғана Львов қаласында мұнай базасы жарылды. Жағдай қиын. Бірақ украин халқы жеңістен күдер үзбейді. Өйткені бұл жақтағы ақпарат басқаша. Ресей телеарналары сияқты біржақты хабар таратпайды. Мысалы, Ресей телеарналары Мариуполь, Херсон қалаларын басып алдық деп ақпарат таратты ғой. Бірақ олар әлі толық басып алған жоқ, тіпті ондай болуы мүмкін емес. Дәл қазір Украина армиясы Ресейдің мыңға жуық зымыранына қарсы тойтарыс беруде.
– Қазірге дейін соғыстан қанша адам қаза болды? Қанша қала қирады, қанша қалада соғыс болып жатыр?
– Дәл қазір Киев, Чернигев, Харьков, Херсон, Николаев және Сумск өңірінде, Донецк мен Луганск өңірінде соғыс әлі жүріп жатыр. Ресей бұл қалаларды екі сағаттың ішінде басып аламыз деген болатын. Өздеріңіз көріп отырсыздар, соғыстың басталғанына отыз күннен асып кетті. Орыстар ешқандай қаланы басып алған жоқ. Әлемде армиямыз жағынан екінші елміз дейтін Ресейді Украина жайдақ атқа теріс мінгізді.
Халық Украинаның солтүстігі мен шығысынан батыс аймақтарына қарай босуда. Өйткені батыс Украина таулы аймақ болғандықтан, бұл жақта зымыран тастау қолайсыз. БҰҰ-ның мәліметі бойынша мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған. 135 бала көз жұмды. Ата-анасынан айырылған жетім балалардың санында әлі есеп жоқ. Мариуполь толығымен жер бетінен жойылып кетті. Азов теңізінің жағасындағы өте әдемі қала еді. Драма театрына мыңға жуық адам тығылған екен, үш жүзге жуық адам үйінді астында қалып көз жұмды. Ол туралы Мариуполь әкімшілігі хабарлады. Соғыстың осыншама ауыр зардаптарын көзбен көргенде, қалай ғана жаның күйзелмейді?
– Соғыс болып жатқан Киев сияқты үлкен қалаларда халық қалай өмір сүріп, қалай бас сауғалап жатыр: метро мен жертөледегі халықтың жағдайы қалай? Осы жағын толық баяндап беріңізші...
– Мен бірер күн бұрын ғана Киевте болып қайттым. Қалада әр жарты сағат сайын дабыл қағылады. Шаһардың ортасын кесіп ағып жатқан Днепр деген алып өзен бар. Өзенде дамба бар, сол жарылса жарты Киев су астында қалады. Метро жұмысын жартылай тоқтатқан, негізгі бағыттарға ғана қатынайды. Метроны паналаған халықтың жағдайы өте нашар. Көрсең тұла бойың түршігеді. Халық отанына басып кірген басқыншыларға қарсы соғыс болған соң ғана қиындыққа шыдап отыр. Әйтпесе, соғысты кім қолдасын? Метроны паналаған тұрғындар арасында қарттар мен әйелдер, балалар бар. Тіпті босанып жатқан келіншектер қаншама? Ауыру-сырқау, үлкен-кіші түгел жер астын паналап жатыр. Киев қаласында дүкендер жартылай босап қалған. Нан, су сияқты негізгі тағамдар ғана сатылады. Бірақ Мариуполь, Харьков сияқты соғыс қатты жүрген қалаларда не жарық, не жылу жоқ. Көгершін қуырып жеп отырғандарды да көрдік. Бұл екі қала да үлкен ғой. Сондықтан мұнда жүз мыңдаған тұрғын жылу мен суға зәру.
Днепрге салынған екі көпірді жарып жіберді. Қазір бір ғана көпір қалған. Бір жағалаудан екінші жағына өту үшін төрт сағат кезекте тұрасыз. Әр жиырма метр сайын көлікті тексеретін жасақ қойылған. Олар әрбір машинаны жіті тексеріп өткізіп отыр. Қалада жүріп тұру қиын. Сондықтан, мен қаладан кетуге мәжбүр болдым. Мәскеудің негізгі нысаны қазір осы Киев.
Жертөледе өмір сүріп жатқан халық қаншама? Судың бағасы төрт есе қымбаттады. Нан күніне бір рет қана беріледі. Сүт өнімдері мен жеміс-жидек жоқ, өйткені қалаға сырттан келетін тауарлар тоқтап қалған. Жекеменшік дәріханалар жұмыс жасап тұр. Оған да ұзын-сонар кезек. Халық күйзеліске қарсы дәрі-дәрмекті көптеп сатып алуда.
Ресми ақпарат бойынша Украинадан Қазақстанға оралған азаматтардың саны 800-ге жуықтайды. Олардың арасында этникалық қазақтар да бар. Төтенше жағдай талаптары бойынша әйелдерді ғана шығарып жатыр. Ал 18-ден 60 жасқа дейінгі ер азаматтар елден шыға алмайды. Қазақстанның елшілігі автобус жалдап Харьков пен Мариуполь қалаларында қалып қойған азаматтарды алып кету үшін жұмыс жасады. Елшілік Киевтен Львовке көшіп алды.
– Соғыстың жақсысы жоқ қой. Дегенмен, халықтың бұл қақтығысқа көзқарасы қалай? Біз көп жағдайда Украинаның ресми мәліметін ғана көріп отырмыз, ал халықтың шынайы пікірін көріп жатқан жоқпыз? Халық биліктің соғыс туралы шешімін толық қолдап отыр ма?
–Жарас, шынымды айтайын, халықтың бәрінде бір ғана мақсат бар: соғыста біз жеңуіміз керек деген. Мейлі, кәрі, мейлі жас болсын, халықтың бәрі соғысқа рухани тұрғыда дайындалып алған. Осындай бір соғыстың болатынын әлдеқашан сезгендей. Маңқасын ағызып жылап отырған боркемік украин жоқ. Бұл соғыс украин халқын біріктірді. Журналистер автотұрақтар мен жертөлелерде жұмыс жасап жатыр. Украин армиясын қолдап ақша бөлген халықта есеп жоқ. Армияға деген халықтың құрметі керемет, сенімдері де мол. Ресей талабына бас қатырып, келісімге қадам жасап отырған ешкім жоқ. Мәселен, орыс тілін екінші тіл ету, ұлтшылдардан тазарту деген сияқты «ертегілерден» әлдеқашан азат болған. Дәл қазір Украина билігінің де, қарапайым халықтың да талабы жалғыз: Ресей әскері Украина топырағынан шығып кетсін дейді. НАТО туралы да бұлардың пікірі өзгерген. «НАТО-ға біз емес, бізге НАТО мұқтаж» деген әзілдер тарап жатыр. Бұрын Мәскеуге бүйрегі бұрып тұратын кейбір азаматтардың ойы толық өзгерген. Ресейдің жауыздығын, озбырлығын көрген соң, бұл қылмысты ешнәрсемен ақтауға болмайтынын бесіктегі балаға дейін түсініп алды.
– Өзіңіз неге елге қайтпай отырсыз?
– Менің Қазақстанға қайтпай, оқ пен оттың ортасында қалуым – Қазақстанға ешқандай бұрмаланбаған, Ресей ақпарат көздерінен аударылмаған таза әрі шынайы ақпарат жетсе екен деген ой ғана. Қысқасы, орыс журналистеріне мұқтаж болмасақ екен деген мақсатпен Украинадан кетпей қалдым. Қазір жергілікті украин журналистерінің ынтымағы тастүйін. Бұрынғыдай сен оппозиция, мен биліктің баспасөз өкілімін деген ұғым жоқ. Осы соғыста Украина жеңіске жетсе, бұл ел Еуропаның ең мықты мемлекеті болатынына сенімдімін!
Қазір мен Еуропа мен Украина арасында ерікті болып қосымша қызмет етіп жатырмын. Украинадан Еуропаға шығатын адамдарды өз көлігіммен тасимын. Еуропадан Украинаға кірерде мені қатты тексерді. Менде Қазақстан паспорты, Украинада тұрақты тұру туралы рұқсат куәлігім бар. Ұялы телефонымда екі мыңға жуық фото, мыңға жуық видеоларды түгел қарап шықты. Әлеуметтік желідегі парақшаларымды да қарап, кімдермен сөйлесетінімді, қандай ақпарат көздерін пайдаланатыныма дейін сүзгіден өткізді. Қауіпсіздік үшін мұндай қырағылық дәл қазір ауадай қажет. Мен сияқты кейбір шетелдік журналистер Украинаға кіре алмай, Польша сияқты елдердің шекарасында қалып қойды. Сондықтан, дәл қазір Украинаға келемін деген кез келген азамат өзінің ұялы телефонына, әлеуметтік желідегі парақшаларына мұқият болғаны жөн.
— Аман болыңыз!