Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:13, 16 Наурыз 2023

«Соғыстан кейін батырлар, сайлаудан кейін уәделер жерленеді»

None
None

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау. Сайлау өтеді дегелі жұртта сабыр жоқ, кандидат көп.

Мәжілісті майшелпек көретіндер шамасына қарамай шабылып жатса, атағы таудай азаматтар да алашапқын қазір. Мұны кейбір саясаттанушылар демократияның көрінісі деп түсіндіруде. Оны уақыт көрсетер. Ал «Жас Алаштың» Қызылордадағы меншікті тілшісі Нұрбек Дәуренбеков аймақтың ахуалын сыртта отырып жазғаннан гөрі, ішінен араласқанды жөн көріп, бақ сынап жатыр. Әріптесімізге ақ жол тілеп, шағын сұхбат алуды жөн көрдік.  

–Нұрбек мырза, сайлау деген аламанға ат қосып жатыр екенсіз. Сәттілік серік болсын. Бір мандаттық тәртіппен түсіп жатырсыз ба, әлде көппен көрген ұлы той деп, бір партияның қанатының астындасыз ба?

–Көп-көп рақмет. Биыл Мәжіліс және мәслихат сайлауы жаңа форматта өтіп жатыр ғой. Мен «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болғасын, партия ұсынысымен Қызылорда облысының №21 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде тіркелдім.

— Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан қызық болғалы тұрған сияқты. Атағы таудай азаматтар да, қазаққа тарыдай жақсылық жасамаған кездейсоқ жандар да бағын сынап көруде. Демократияны желеу еткен қараша сайлауды сайқымазаққа айналдырып жіберген жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?

— Дұрыс айтасыз. Сайқымазақтардың һәм өз мүддесін ойлаған балама кандидаттардың кесірінен мұндай ой туындайтыны сөзсіз. Медальдың екі беті бар болса, бізде кандидаттардың үш түрі бар. Біріншісі, шынайы депутат болғысы келетін біз сияқты жандар. Олар ауыл-ауылды аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, «ескі» Қазақстанның есерсоқтарының істеген кем-кетігін жөндегісі келетін кандидаттар. Ал екіншісі, ағасы һәм жағасы барлар. Балағын былғамай, халықпен жүздеспей, «звонокпен» бәрін шешетіндер. «Жаңа Қазақстан» деп мың рет айқайласаң да мұндайлар бар. Және соңғысы екінші кандидаттардың «құйрығы», баламасы. Солардың айтқанын істеп, кандидаттыққа ұсыныс бергендер. Тіпті олардың арасында мәслихат пен мәжілісті ажырата алмайтындар болса да таң қалмаймын. Бұндайлар әшкере болған сайын, сайлау да циркке айналып жүре береді.

– Сіз көтерген бағдарлама қандай? Мұны сұрап отырғанымыз, Қызылорда облысы экологиялық аймақ қой. Арал, Сырдария, Байқоңыр, Барсакелместің экологиялық жағдайы жалғыз Қызылорданың апаты емес, Қазақстанның, күллі әлемнің проблемасы. Сәтін салып, мәжіліске барып жатсаңыз, айналысатын тақырыбыңыз не болады?

— «Соғыстан кейін батырлар, сайлаудан кейін уәделер жерленеді» деген екен Қадыр Мырза Әлі. Өзіміз қараша үйде қатаң тәрбиемен жетіліп, обал-сауапты жүрегімізге иманмен бірге сіңіргесін, уәде мен сөздің құнын семсердің алмас жүзіндей көреміз. Аралдан бастап өзім тұратын Өсербаев көшесіне дейінгі мәселелерді «Жас Алаштан» бастап әлеуметтік желілерге дейін жеріне жеткізіп жазып та, айтып та жүрміз. Өңірдегі әлеуметтік мәселелерді жетік білеміз. Осы жетіспеушіліктер мен кемшіліктерді, мәселенің мәнісі мен шешімін табуды ендігі Мәжілісте тікелей қоюдың мүмкіндігі туып тұр.

Экологиялық қауіпті аймақта тұрғаннан кейін, жалақы, зейнетақыны көтеру, әсіресе зейнетақы жасын түсіру (әйелдер 55 жас, еркектер 60 жас), Жас отбасыларына төмен пайызбен ипотекалық баспана беріп, балалы болған сайын 25 пайыз несиесін кешіріп отыру, бала босанған соң берілетін біррерттік жөргекпұлды 500 АЭК-ке, яғни 1 725 000 теңгеге көтеру, Сырдария, Арал мәселесін, жер дауларын ұдайы үкімет назарына ұсынып, шешілу жолдарын табуға үлесімді қосып, елдің мұңын мінберде көтеріп отыруды міндетіме аламын.

Мен, қарапайым ғана көпбалалы отбасынан шыққан көп қазақтың бірімін. Қара жұмысқа пісіп, жетіліп, халықтың мұң-мұқтажын қалам ұшымен жеткізіп жүрген жанмын. Аспандамаған, аласармаған, аға-көке жағаламаған басым бар. Көппен бірге заманның ащысы мен сынағын сабырмен көтеріп келемін. Обал-сауапты ойлайтын жүрегім бар, салдарды түйсігіммен, себепті шешіммен күресе алатын дәрменім бар. Өйткені мен сол халықтың ішінде жүрген бір бел баласымын.

– Ендеше, жортқанда жолыңыз болсын!

Тегтер: