Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:19

Жетісу әкімдігі «отчет үшін» кездесу өткізбекші болғанын мойындамай отыр

Қанат Тілеухан
Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет есеп үшін жазушы Қанат Тілеуханмен кездесу ұйымдастырмақ болған. Алайда, “кездесуге” барған жазушыны тек видеоға түсіріп, шығарып салған.

Жазушының айтуынша, өткен бейсенбіде Талдықорғаннан бір жігіт хабарласып, кездесу ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқан. Жазушы туған жерде халықпен кездеспегеніне көп болғандықтан ұсынысқа келіскен.

Қанат Тілеухан
Фото: Қанат Тілеухан

Қанат Тілеухан, жазушы, журналист:

Маған Жетісу облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Шығармашылық орталықтан хабарласып, шұғыл түрде сізбен кездесу өткізуіміз керек, ертең келесіз бе дейді. Мен шұғыл келе алмаймын, кейінге қалдырайық дедім. Олар “онда дүйсенбі келсеңіз” дейді. Мен Мәдениет басқармасынан хабарласқаннан кейін шығармашылық кездесу шығар деп топшыладым. Өйткені оның алдында осы мекеменің ұйымдастыруымен Талдықорғандағы Б. Римова театрында «Медаль» спектаклім қойылған. Cөйтіп, кездесуге барсам, сыбайлас жемқорлыққа қарсы деген баннер іліп қойған, антикордың белгісі тұр. Менің бұл жерге қатысым қанша деймін. Қыздар күмілжіп жауап бере алмайды. Мен іштей “жемқорлық жасамаңдар дегенді шығармашылық адамның аузымен айтқызайын деп тұрған шығар” дедім.

Cөйтіп, бір сағат күтем, адам жоқ. Қыздар, бұның бәрі отчет үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар,- десем “мақұл” дейді. Мыналарың ұят болды деп шығып кеттім.

Сөйтсем, бұл қоғамдық даму басқармасының осы шараны өткіземіз деп ұтып алған тендері екен. Бұл солардың олқылығы дейді.

Менің түсінбегенім - Мәдениет басқармасына қарайтын мекеме Қоғамдық даму басқармасының жұмысын не үшін атқарып жүр?

Кейіннен Қанат Тілеухан қайтып бара жатқанда шотына елу мың теңге салып жіберген. Дана есімді қыз қоңырау шалып кешірім сұрап, 50 мың қаламақысы екенін айтқан. Бірақ жазушы ақшаны алудан бас тартқан.

Ал, мәдениет басқармасының өкілі бұл шараға біз емес, қоғамдық даму басқармасы жауапты дейді.

Жомарт Мандатұлы, Жетісу облыстық мәдениет басқармасына қарасты шығармашылық орталық директоры:

 “Жетісу жастары” деген үкіметтік емес ұйымнан хат келді. Бізде халық шығармашылығы болғандықтан, ақылы қызметтер ұйымдастыру деген бар. Бізге сол ұйымнан осындай кездесу болады, лед экранмен, жүргізушілермен қамтамасыз етіп бере аласыздар ма деп тізім алып келді. Біздің міндетіміз тек лед экран беріп, жүргізушілер жіберу болды. Ал, шараны ұйымдастыру, адамдармен қамтамасыз етуге сол ұйым жауапты.

“Жетісу жастары” жүргізушілерге және лед экранға ақшасын төледі.

Облыстық Қоғамдық даму басқармасының өкілі де бұл шараға қатысы жоқ екенін айтып, пікір беруден бас тартты. 

Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасының ресми өкілі, Досан Қызайбекұлы: 

Оны ұйымдастырған бір компания, біздің бөлімге қатысы жоқ. Олар бізге қарамайтын жастар қоғамдық бірлестігі, үкіметтік емес ұйым ғой. Сондықтан бұл мәселеге қатысты ештеңе айта алмаймын.

Алайда, шараны өткізген "Жетісу жастары" ұйымы тапсырысты Қоғамдық даму басқармасынан алғандарын айтады.

Ержан Жанатұлы, “Жетісу жастары” ұйымының заңгері:

Кездесуге дайындық жұмыстарының барлығы жүргізілді. Ақылы түрде лед экран, жүргізушілерді алдық, жазушымен келістік. Оқу орындарына студенттерді сұрап, хат жібердік. Кездесу сағат 3-ке жоспарланған. Бірақ, балалардың кешігуіне байланысты, аудитория жиналмай, шара өтпей қалды.

Кездесу TED Talk форматында ғой - еркін, баяндама емес, спикер өзінің өміріне немесе кәсібіне байланыстырып адалдық, парасат жөнінде әңгіме айтады. Сондықтан тақырыбы сыбайлас жемқорлықсыз болашақ деп, идеясын айттық. Бірақ, ол кісімен сөйлескенде адалдық, парасат жөнінде әңгіме қозғасаңыз деген болатынбыз. Ол кісі келген соң, неге антикормен ұйымдастырып жатырсыңдар деді. Ол енді біздің қателік, ол жағын ескертуіміз керек еді. Бұл жерде тапсырыс беруші тікелей Қоғамдық даму басқармасы болғандықтан, біз сол тапсырысқа сай жасадық.

Тақырыбы антикор болғаннан кейін, сыбайлас жемқорлық деп жазылса, олар міндетті түрде спикерлерін бекітеді, афишаларын бәрін қарайды.

Жыл басында осындай 21 шара өткізуге тендер жарияланып, біз ұтып алғанбыз. 21 шараның 10-ы осындай белгілі адамдармен кездесу форматында өтеді. Бұл кездесу сол 21 шараның бірі және еркін форматтағы кездесудің алғашқысы болған.

Тендердің құны қазір есімде жоқ, бірақ, біз оны осы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін орындауымыз керек.

Біз бұл кездесу туралы есепті өтті деп бере алмаймыз. Оған қатысушылар кемінде 100 адам болуы керек. Ондай адам болған жоқ, сондықтан ол тех.ерекшелікке қайшы келіп тұр. Тапсырыс беруші Қоғамдық даму басқармасы да мұны қабылдамайды.

Енді біз енді бұл шараның жол шығынын, лед экран, басқа да кеткен қаржысын өз қаражатымыздан өтейміз де, бұл шараны міндетті түрде қайта өткіземіз.