Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:51, 19 Қаңтар 2024

Йога және дін: неліктен елде йогаға сұраныс жоғары

йога
Фото: из открытых источников

Елімізде кейінгі 10 жылда йогамен айналысатындар, оны насихаттайтындар саны артып кетті. Әлеуметтік желілерде түрлі лофт стиліндегі әдемі студиялар мен йога төсеніштері адамдарды тартатын маркетингтік әдіс секілді. Сонымен қатар, танымал блогерлер де арнайы жаттығу залдарына барып, йогамен айналысқандарын әрі сол арқылы жанын тыныштандыратынын айтып жатады. 

ЙОГА: қалай пайда болды және қандай мақсатқа қызмет етеді?

Йога сөзінің мағынасы үнді тілінен аударғанда «байланыстыру», «ойды жинақтау», «қабылдау» дегенді білдіреді. Басты мақсаты — жан, ой мен денені бір арнаға біріктіру. Ол адамның өзін тануына, жүйкені тыныштандыруға, денені физикалық тұрғыдан жаттықтыруға көмектеседі. Бүгінде адамзат йоганы жанға арналған жаттығу ретінде ғана емес, оны дене қалпын сақтау үшін физикалық жаттығулар ретінде де пайдаланады.

Негізі Йоганың шыққан жері Үндістан. Оны Индуизм философиясындағы алты дәстүрлі мектебінің бірі дейді. Ислам ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, біз білетін "Йога" - шындығына келгенде, тек спорттық жаттығу ғана емес, күнге табынушылықтың бір түрі. Яғни, түп-тамыры будда діні. Йоганың негізгі атауы "Сатсанга сурья намаскар" деп аталады. Бұл "Дененің сегіз мүшесімен күнге сәжде ету, табыну" дегенді білдіреді.

Шығу тарихына көз жүгіртсек, ежелгі дәуірде Инд өзені алқабында, Инд өркениеті кезеңіне қатысты (б.э.д 3300-1700 жылдар) жазбаларда медитация немесе йога позаларында отырған ескерткіштер анықталған. Йога рухани, физикалық және психикалық жаттығуларды қамтиды. Оның түрлі мақсаттағы, соның ішінде белгілі бір дін өкілдері ғана айналысуға болатын рада йога, хатха йога, бхакта йога, джнана йога, янтра йога сынды түрлері бар. Ашық дереккөздерде жер бетінде адамдардың қанша әрекеті болса, йоганың сонша түрі бар екені жазылған.

Қазақстандықтардың бұл үрдіске көзқарасы қандай?

Йога жаттығулары туралы қазақ қоғамының пікірі екіге жарылған. Бірі оны «Кришнаға табыну» деп санаса, басқасы жай ғана спорт түрі деп қарайды.

Йогамен айналысқанына 1 жыл болған Раиса Сандибекова Алматы қаласындағы студиялардың бірінде жаттығады. Оның айтуынша, йога – физикалық жаттығу элементтерінен тұратын тепе-теңдікте созылу әрекеті.

«Мен тыныс алу жаттығуларын жасағаннан соң өзімді өте жақсы сезініп, жеңілдеп қаламын. Омыртқамның тік, әрі бір қалыпта болуыма да йога көмектеседі», - дейді ол.1

йога
Фото: из открытых источников

 

Адамның жүйке жүйесіне қалай әсер етеді? Қандай пайдасы бар?

Дәрігер-невропатолог Мөлдір Сапарқызы йоганың жүйке жүйесіне әсері мен оның зиянын айтып берді.

«Жүйке жүйесінің жұмысының көпшілігі біздің бақылауымызсыз жүреді. Бірақ күйзеліске ұшыраған кезде дененің шиеленісіп, тыныс алуымыз жиілеп, жүрегіміз жиі соғатынын білеміз. Йога тәжірибесінде біз кері байланыс жасауды үйренеміз: тыныс алуды ұзарту арқылы жүректің соғу жиілігін бәсеңдетеміз, бұлшықеттерімізді босаңсытып, тыныштандырамыз. Яғни йогамен миды тыныштандырып, уақытша депрессия мен стресстен арыла аламыз. Ал егерде адам гастрит, ойық жара, жүрек, ақ қан ауруларымен ауыратын болса, йогамен айналыспағаны жөн», - дейді дәрігер.

Дін және йога. Ислам дінінде йогамен айналысуға рұқсат етілген бе?

Имам Мұхамеджан Естемірдің айтуынша, йога мен медитация– индуизм мен буддизмнің ажырамас бөліктері. Йоганың барлық элементтері реинкарнация сенімімен сусындаған.

«Бұл көзқарас исламға қайшы. Діни сенімге қайшы келіп, пұтқа табынушыларға еліктеу діни тұрғыдан алғанда дұрыс емес. Йога арқылы денесі мен ақыл-ойын қалыпты жағдайда сақтауды көздеген әрбір мұсылманға йога төсенішін емес, оның орнына жайнамазды алып, намаз оқып, түн жарымда тұрып, қолын жайып, жалбарынып дұға жасауды ұсынамын. Егер адамдар йогамен дененің қимыл-қозғалысы үшін айналысатын болса қауіп жоқ, алайда діни уағыздар айтылып, йога мен медитация арқылы сенімге кіріп, діни ұйымдарға, буддизмге шақыратын болса, дереу тиісті органдарға хабарласу керек. Осындай қауіптердің алдын алу үшін әрбір мұсылман адам исламдағы діни құлшылықтардың әлдеқайда артық екенін ескерген жөн», - дейді имам.

Йога-тренер. Сыйлас есімді тренерден, дін мен йоганы қалай ұштастырып, адамдарға үйретіп жүргенін сұрадық. Алайда ол әрбір сұрағымызға қысқа, қашқақтап жауап берді.

Оның айтуынша, йога тек арнайы жаттығу түрлері. Тәнді баланста ұстау. Сол себепті дінге қайшы келетіндей еш негіз жоқ.

«Енді өзіме келетін болсам, өткізіп жүрген йога сабақтарым өзіміздің қазақша нақышқа, менталитетке сай, арнайы жаттығулар түрінде өтеді. Адамдар сабақтан кейін күйзелістен арылып, сабырлы, ішкі еркіндікті сезінетін болады», - дейді тренер.

Жалпы йоганы дінмен байланыстырмауға бола ма? Дінтанушы Жүргенбаева Жанна жауап берді.

«Йога сабағында адамның барлық дене мүшелеріне пайдалы жаттығулар жасалынады, сонымен қатар ойды тыныштандыру үшін ведалық мантралар айтылады. Бірақ мұсылман, христиан, буддизм өкілдері йогамен шұғылданса, өздерінің дінінде айтылатын дұғаларды айтуға рұқсат етілген. Йогада діни мантра оқылғандықтан мұсылмандарға, түсініксіз, теріс болып саналуы мүмкін. Йога негізінен дене және ой жаттығуынан тұрады, жоғарыда атап кеткендей, ой жаттығуында діни мантралар айтылады. Сондықтан йога дін ғылымымен және гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдармен тығыз байланысты. Йога ілімінің бастауы дін ғылымынан алынғандықтан, одан бөліп қарастыра алмаймыз»

Қазір йоганы діннен бөліп алып, адамдарға үйрететін орталықтар бұны мәдени трендке айналдырған. Йоганы танымал адамдар арқылы жарнамалау да көбейді. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 200-ге жуық йога-орталықтар жұмыс істейді. Арнайы жаттығулар адамдарға жайлылық сыйлап, салауатты өмір салтын ұстауға көмектесуі мүмкін. Алайда адамдардың дүниетанымын өзгерту жағынан алып қарастырсақ, бұл әркімнің психологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан бұл жерде йога емес, онымен кімнің айналысатыны көбірек маңызды.