Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

«Мәңгілік фашизмді» қалай дөп басып тануға болады?

Умберто Эко
Фото: ашық дереккөз

Италиялық философ Умберто Эко (1932-2016) «ур-фашизм» (мәңгілік фашизм) ұғымын нақты тарихи режиммен ғана шектемейді.

Егер «олар» деп Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі Еуропадағы тоталитарлық үкіметтерді ғана түсінсек, онда фашизм енді қайтып келмейді деп ойлап, тыныш отыруға болар еді. Алайда философ фашизмді тек саяси жүйе емес, дүниетаным, мәдени әдеттер мен бейсаналық импульстердің жиынтығы ретінде қарастырады. Идеологиялар құлағанымен, оларды тудырған психологиялық және мәдени негіз сақталып қалуы мүмкін.

Италия фашизмі харизмалық көсем культіне, әсіреұлтшылдыққа, империалистік пиғылға, парламенттік демократияны жоққа шығаруға және антисемитизмге негізделді. Алайда ол философиялық тұрғыдан біртұтас жүйе бола алмады. Неміс нацизмі мен сталинизм толық тоталитарлық жүйеге негізделсе, Италия фашизмі диктатура болғанымен, идеологиялық тұрғыдан «бұлдыр», ішкі қайшылықтарға толы құрылым еді. Ол монархия мен революцияны, шіркеу мен зайырлы мемлекетті, мемлекеттік бақылау мен еркін нарықты қатар ұстады.

Италия фашизмі мәдениет пен өнер саласында да бірізді болмады. Германиядағыдай қатаң канон орныққан жоқ: бір жағынан, насихаттық өнер қолдау тапса, екінші жағынан, авангард пен модернизмге де шектеулі еркіндік берілді. Университеттер мен мәдени ортада фашизмге іштей қарсы интеллектуалдық ағымдар өмір сүрді. Бұл режимнің «төзімділігін» емес, керісінше, оның жүйесіздігі мен идеологиялық әлсіздігін көрсетеді.

У.Эко «фашизм» терминінің неге кең мағынада қолданылатынын түсіндіреді. Нацизм – бірегей құбылыс, ал фашизм әртүрлі нұсқада көріне алады. Италия фашизмінің кейбір элементтерін алып тастау немесе оған жаңа сипат қосу арқылы Франко, Салазар, Балқан фашизмі немесе басқа да қозғалыстар пайда болады. Сондықтан фашизм нақты анықтамадан гөрі, «отбасылық ұқсастықтары» бар құбылыстар жиынтығы ретінде өмір сүреді.

Осы себепті У.Эко «мәңгі фашизмнің» (ур-фашизм) типтік белгілерін бөліп көрсетуді ұсынады. Бұл белгілердің біреуі ғана көрінсе де, фашистік сана қайта тіріле бастауы мүмкін. Ур-фашизм ашық диктатура түрінде емес, ең бейкүнә, күнделікті тілде, мәдени әдеттерде, популистік ұрандарда көрінуі ықтимал. Сондықтан оның ең үлкен қаупі – дәл осындай жасырын, танылмайтын сипатында.

Ур-фашизмнің бірінші белгісі дәстүр культі

Ур-фашизмнің алғашқы белгісі – дәстүр культі. Ол фашизмнен әлдеқайда бұрын пайда болған және өзінің түп-тамырын антикалық грек рационализміне қарсы туған ойлау жүйесінен алады. Бұл бағыт бойынша адамзатқа ақиқат бір рет және мәңгілікке берілген деп есептеледі, ал білімнің дамуына орын жоқ: жаңа нәрсе ашу емес, тек көне аяндардың көмескі мағынасын қайта-қайта түсіндіру ғана маңызды саналады.

Мұндай дүниетаным синкретизмге негізделеді, яғни, әртүрлі, тіпті бір-біріне қайшы сенімдер мен мифтерді үйлестіруге тырысады. Барлық дәстүрлерде ақиқаттың «ұрығы бар» деп есептеледі, ал олардың арасындағы қайшылықтар еленбейді. Осылайша ежелгі мысыр, кельт, азиялық мифтер, оккульттік ілімдер мен діни мәтіндер бір «ежелгі ақиқатқа» апаратын символдар ретінде қатар қойылады.

Фашистік мәдениеттердің идеологиялық тірегі әдетте дәл осындай дәстүршіл, мистикалық ойшылдардан құралады. Неміс нацизмі де, жаңа италиялық оңшыл идеялар да оккульттік және дәстүршіл көзқарастарға сүйенеді. Бір-біріне мүлде қатысы жоқ тұлғалар мен ілімдерді, мысалы, Августинді Стоунхенджбен немесе Эволаның идеяларын өзге философтармен қатар қою ур-фашизмге тән ойлау тәсілінің айқын белгісі саналады.

Дәстүршілдік модернизмді жоққа шығарады

Ур-фашизмге тән дәстүршілдік қазіргі заманнан, модернизмнен бас тартуға мәжбүрлейді. Сырттай қарағанда италия фашистері мен неміс нацистері техникалық прогресті қолдағандай көрінгенімен, шын мәнінде, олар индустрияландырудың тек сыртқы жылтырына ғана сүйсінді. Нацизмнің идеологиялық өзегінде техника емес, Blut und Boden – «Қан мен топырақ» ұғымы, яғни, табиғи тамырға, жерге және тектік тазалыққа табыну жатты.

Қазіргі заманға қарсы бұл көзқарас көбіне капиталистік заманауилыққа қарсылық ретінде көрінді. Ол 1789 жылғы Француз революциясының, сондай-ақ 1776 жылғы идеялық төңкерістердің рухын – Ағартушылықты түбегейлі жоққа шығарды. Рационал ойлау мен сыни ақыл «азғындықтың бастауы» деп танылып, адамзатты адастырған күш ретінде сипатталды.

Осы себепті ур-фашизмді терең мәнінде иррационализм деп атауға болады: ол ақылға емес – түйсікке, логикаға емес – мифке, дәлелге емес – сенімге сүйенеді. Мұндай дүниетанымда ойлаудан бұрын сезіну маңызды, ал қазіргі заман құлдыраудың символы саналады.

«Мәдениет» деген сөзді естігенде Геббельс неге қаруға ұмтылды?

Ур-фашизмде әрекет өздігінен құндылық саналады: ойлану – әлсіздік, ал күмәндану – еркектікке жат қылық ретінде қабылданады. Онда ақылға жүгіну емес, бірден қимылдау дәріптеледі. Сондықтан мәдениетке күдікпен қарайды, өйткені ол сыни ойды, талдауды және сұрақ қоюды талап етеді.

Осы дүниетанымда интеллектуалдар «жұмсақ ми», университеттер «бүлінудің ұясы», ал ойлы адам «қауіпті элемент» болып көрінеді. Геббельстің «мәдениет» деген сөзді естігенде қаруға ұмтылуы осы өшпенділіктің символдық көрінісі.

Интеллектуалды әлемді менсінбеу – ур-фашизмнің тұрақты әрі айқын белгісі. Фашистік идеология үшін ойлайтын адам емес, бұйрықты орындаушы ғана қауіпсіз.

Синкретизмнің ешқандай түрі сынға төзбейді

Сын айырмашылықты анықтайды, ал айырмашылық – қазіргі заманның белгісі. Қазіргі ғылымда пікір қайшылығы дамудың негізі саналады. Ур-фашизм көзіне келіспеушілік сатқындық боп көрінеді.

Келіспеушілік – өзгешеліктің белгісі

Ур-фашизм табиғи түрде «бөтеннен қорқу» сезімін пайдалана отырып, консенсус іздейді және өседі. Фашистік немесе протофашистік қозғалыстардың алғашқы ұрандары әрқашан бөгделерге қарсы бағытталады. Сондықтан ур-фашизм анықтамасы бойынша нәсілшілдікті қамтиды.

Ур-фашизм неге сүйенеді?

Сондықтан барлық тарихи фашизмдер экономикалық немесе саяси дағдарыстан зардап шеккен, төменгі таптардың қысымынан қорыққан фрустрацияға ұшыраған орта таптарға сүйенді. Бүгінде бұрынғы «пролетарлар» ұсақ буржуазияға айналып, люмпендер саясаттан шеттеп қалғандықтан, фашизм үшін жаңа көпшілік – оңтайлы аудитория.

«Жау» арқылы біріктіру механизмі

Ур-фашизм әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға бір ғана «артықшылық» ұсынады, ол – белгілі бір елде туғаны. Осыдан ұлтшылдық күшейіп, қоғамды біріктіретін басты күш ретінде ортақ жау бейнесі жасалады. Ұлт өзін тек қарсылас арқылы ғана таниды.

Сондықтан ур-фашистік санада «астыртын қастандық» идеясы ерекше орын алады. Қоғам үнемі қоршауда қалғандай күй кешуі тиіс. Бұл сезімді тудырудың ең тиімді құралы – ксенофобия: сыртқы жау да, ішкі жау да жарамды. Еврейлердің жиі нысанаға айналуы да осыдан, олар «іште де, сыртта да» сияқты көрінеді.

Осылайша конспирология жаппай ойлау формасына айналады: күрделі әлеуметтік мәселелердің бәрі «құпия жаулардың» әрекетімен түсіндіріледі. Бұл ур-фашизмнің ең қауіпті әрі тұрақты психологиялық тетіктерінің бірі.

Жауды бір мезетте асыра дәріптеу мен кемсіту

Ур-фашизм қоғам санасында қарсыласты екіұшты бейнеде қалыптастырады. Оны бір жағынан, бай, қуатты, айлакер ретінде суреттесе, екінші жағынан, рухсыз, әлсіз, түбінде жеңілуге тиіс деп көрсетеді. Осындай қайшылық адамдардың ішкі қорлану сезімін қоздырып, өшпенділікті күшейтеді.

Бұл логика бойынша жау аса қауіпті болғанымен, оңай жеңілетін болып көрінеді. Соның салдарынан фашистік сана қарсыластың шынайы күшін бағалай алмайды. Нәтижесінде соғыс пен қақтығыстарда жүйелі түрде қателесіп, өзіне сенімділіктің кесірінен күйреуге ұшырайды.

Мәңгі соғыс мифі

Ур-фашизм үшін өмірдің мәні аман қалу емес – үздіксіз күрес. Сондықтан бейбітшілікке ұмтылу сатқындықпен теңестіріледі, ал пацифизм қылмыс саналады. Бұл дүниетанымда өмірдің өзі тоқтаусыз соғыс ретінде қабылданады.

Сонымен қатар ур-фашизмде «ақырзамандық» үміт те қатар жүреді: бір күні соңғы, шешуші шайқас өтіп, жау түбегейлі жазаланады да, одан кейін «Алтын ғасыр» орнайды деп сенеді. Алайда бұл түпкі жеңіс туралы арман «мәңгі соғыс» қағидасымен үйлеспейді. Осы ішкі қайшылықты фашистік көсемдердің ешқайсысы шешіп бере алмаған.

Популистік элитаризм парадоксы

Ур-фашизм элитаризмге сүйенеді, бірақ оны «халықшыл» кейіпке енгізеді. Қарапайым халық «ең таңдаулы ұлт» деп жарияланады, ал партия сол «ең жақсы» азаматтардың жиынтығы ретінде көрсетіледі. Әр адам элитаға жатуы тиіс деген ұран айтылады.

Алайда бұл жүйені көсем халықтың әлсіздігі арқылы билейді, әлсіз халыққа қатал басқарушы керек деген логика орнығады. Соның салдарынан иерархия тереңдеп, көсем өзінен жоғарыны да, төмендегіні де менсінбейді. Осылайша элитаризм жеке топтың емес, бүкіл қоғамның үстінен орнаған әмбебап үстемдікке айналады.

Қаһармандық пен өлім культі

Ур-фашизмде қаһарман болу сирек қасиет емес, бәріне міндеттелген норма саналады. Мұнда қаһармандық өмірді сақтаумен емес, өлімге құштарлықпен өлшенеді. Сондықтан қаһарман культі өлім культімен қабаттасып жатады.

Қарапайым адамға өлімді «абыроймен қабылдау» үйретілсе, ур-фашистік қаһарман өлімді аңсайды, оны өз өмірінің ең жоғары сыйы деп біледі. Бірақ осы асығыс «батырлықта» ол алдымен өзін емес, өзгелерді құрбан етуге бейім болады.

Ерлік культі

Мәңгі соғыс пен үздіксіз қаһармандықты көтеру мүмкін болмағандықтан, ур-фашизм билікке деген құмарлығын жыныстық салаға ығыстырады. Осыдан еркектік күшті асыра дәріптеу, әйелді кемсіту және жыныстық мінез-құлықтың «қалыптан тыс» барлық түрін аяусыз қудалау туындайды.

Қару билік пен ерліктің символына айналып, фалликалық мағынаға ие болады. Ал тоқтаусыз әскери ойындардың тереңінде өзіне деген сенімсіздіктен туған ішкі тартыс – «invidia penis» жасырынып жатады.

Сапалық популизм және «Халық» спектаклі

Ур-фашизм демократиядағы көпшілікке сүйенген сандық таңдауды мойындамайды. Мұнда жеке адамның құқығы жоқ, ал Халық азаматтар жиынтығы емес, «ортақ ерікке» ие деп жарияланған абстрактілі масса ғана. Сол «ортақ ерікті» тек Көсем ғана білдіре алады деп есептеледі.

Қарапайым адамдар саяси субъект болудан қалады: олар шешім қабылдамайды, тек шақырылады. «Pars pro toto» қағидасымен аз ғана топ «бүкіл халықтың» рөлін ойнайды, ал саясат театрға айналады. Халық шынайы күш емес, сахналық бейне күйінде қалады.

Қазіргі заманда бұл популизм теледидар мен интернет арқылы іске асады: алдын ала таңдалған эмоциялық реакциялар «халық пікірі» ретінде ұсынылады. Ал парламент «халықты білдірмейді» деген сылтаумен жоққа шығарылған сәттен бастап, Мәңгі Фашизмнің көлеңкесі сезіле бастайды.

Жаңа тіл – ойды тұншықтыру құралы

Ур-фашизм әрдайым «жаңа тілде» сөйлейді. Ол – сөздік қоры жұтаң, сөйлемі қарабайыр, мақсаты айқын сыни ойлауды шектейтін тіл. Орвелл сипаттаған бұл тіл тек кітаптарда ғана емес, диктатуралардың оқулықтарында, ұрандарында, тіпті «бейкүнә» телешоуларда да көрініс табады. Сөз азайған сайын ой да тарылып, шындықтың орнына дайын формулалар келеді.

Ур-фашизм бүгін де бар, бірақ ол көбіне қарапайым кейіпке енген. Біздің міндет – оның тілін тану, бүркемеленген формаларын дер кезінде әшкерелеу. Еркіндік пен азаттық бір жолғы жеңіс емес, күн сайынғы жауапкершілік. Сондықтан ұранымыз бір болуы керек: ешқашан ештеңені ұмытпайық!

Умберто ЭКО, ықшамдап аударған Шынар ӘБІЛДА

Тегтер: