Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:47, 26 Қараша 2025

Жаңа өзгеріс енгізілгеннен кейін мұғалімдер жаппай жұмыстан кете бастады

ұстаз
Фото: aqjolgazet.kz

Қазақстандағы балалар музыкалық мектептерінде тәжірибелі педагогтар жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Бұған біріңғай кадрлық жүйе (БКЖ) енгізілуі себеп болған. Жаңа жүйе мұғалімдердің табысын қысқартып, қосымша жұмыс істейтін мамандарға техникалық бөгет қойып отыр.

Музыка пәні мұғалімдерінің айтуынша, БКЖ іске қосылғаннан кейін апталық жүктемені 27 сағаттан жоғары қою мүмкін болмай қалған. Ал шын мәнінде бұл салада толық жұмыс көлемі 36-40 сағатты құрайды. Оның ішінде: әдістемелік жұмыс, концерттерге дайындық, ұйымдастыру, тәрбиелік іс-шаралар бар.

«27 сағатпен ғана жұмыс істесем, ай сайын шамамен 100 мың теңгеден айырылуыма тура келеді», - дейді Орал қаласындағы музыкалық мектеп педагогы Анна Соломахина.

 

БКЖ-нің тағы бір мәселесі – театр, филармония және мәдениет үйлерінің кәсіби музыканттарын бірлесіп сабақ беруге шақыра алмау. Себебі жүйе астрономиялық сағат (40 минут) пен академиялық сағат (45 минут) айырмашылығын ескермейді. Бұл табысты азайтып, мектептерді білікті мамандардан айырып отыр.

«Осы аптада осы себеппен он шақты тәжірибелі педагог жұмыстан кетті. Балалар ұстазсыз қалды», - дейді мұғалімдер

Педагогтар өз мәртебесін өзгертуді талап етеді

Ұстаздар қазіргі ресми мәртебелерін «қосымша білім беру педагогтары» емес, «кәсіптік бағыттағы білім беру педагогтары» деп өзгертуді талап етіп отыр. Бұл – жалақыны теңестіруге, тиесілі қосымша табысты бекітуге, қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына кіре алу мүмкіндігіне жол ашар еді.

Шағымдар жауапсыз қалып, қысым күшейген

Педагогтардың мемлекеттік органдарға жолдаған өтініштері әзірге нәтиже бермеген. Мұғалімдер тек формалды жауаптар алып, негізгі мәселелер – жүктемені есептеу және қосымша жұмыс істейтіндерді қабылдау түсіндірілмей отырғанын айтады.

Шағымдардан кейін жағдай тіпті ушыға түскен;

жұмысқа келу-кету уақытын тіркеу басталған;

мұғалімдерден түсініктеме талап етілген;

ресми бұйрықсыз тәртіптік шаралар қолданылған.

Кәсіподақ араласпақ

Қазір кәсіподақ мектеп директоры мен білім басқармасымен кездесуге дайындалып жатыр. Педагогтар бұл мәселе мектеп әкімшілігіне қатысты емес екенін, түбі БКЖ -нің қателіктерінде екенін айтады.

Олардың негізгі талаптары:

нормативтерді қайта қарау,

табысты қалпына келтіру,

қосымша жұмыс істейтіндерді қабылдауға мүмкіндік беру,

барлық нақты жұмысты әділ тарификациялау.

«Мемлекет бізден төлейтін ақысынан көбірек жұмыс талап етіп отыр», - дейді Анна Соломахина.

Еске сала кетейік, бұған дейін Теміртау мен Қостанайдың медицина қызметкерлері аз жалақы, ауыр еңбек жағдайы, кадр тапшылығы және тіпті қарапайым тұрмыстық жағдайлардың — жылыту мен жұмысқа жарамды көліктің жоқтығына шағым жасаған болатын.

Тегтер: