Республика күні: мың адамға марапат, он адамға айыппұл
25 қазанда Қазақстан ұлттық мереке – Республика күнін атап өтті.
Бірақ елдегі ең айтулы дата уыстап орден-медаль тарату және белсенділерді қудалаумен ғана есте қалды. Басқаша айтқанда, бір топ адам салтанатты сарайларда марапат алып, марқайып тұрғанда тағы бір топ адамды сыртта полиция қолын қайырып, ұстап әкетіп жатты.
Өткен аптаның аяғына қарай аспаннан марапат жауды. Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет үйінде премьер-министр Олжас Бектенов, облыс орталықтарында аймақ басшылары әр сала өкілдеріне орден-медаль таратты. Марапат алғандардың арасында ірі шенділер, мәдениет қайраткерлері, спортшылар, еңбек адамдары және кәсіпкерлер бар.
Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенсек, Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларының 500-ге жуық жұмысшысы, 200-ге жуық шағын және орта бизнес өкілі, 130-дан аса ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мемлекеттік наградаға ие болыпты.
2024 жылы 25 қазанда 450-ден аса жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті марапатталған. Биыл мыңнан аса адам награда алғанын көріп отырсыздар. Яғни, билік марапат тарату қарқынын бұрынғыдан да үдете түсті.
Тойланбайтын ұлық мереке
Әлемдегі кез келген мемлекет үшін ең қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні. Сол күнге орай елде керемет мерекелік көңіл күй орнап, халық шаттыққа шомады. Жұрт демалып, той тойлайды. Бұл күнді көп адам асыға күтіп жүреді. Ал Қазақстанда бәрі керісінше. 2022 жылға дейін 16 желтоқсан Тәуелсіздік мерекесі болды. Бірақ билік ол күнді жалпыхалықтық мерекеге айналдыра алмады. Ол кезде де сарайларда марапат жауып, алаңдарда наразылар ұсталып жататын.
16-17 желтоқсанда көпшілік мереке тойлаудың орнына 1986 жылы қаһарлы империядан ақырып теңдік сұраған боздақтар мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын еске алып, билікке сын айтатын. Сөйтіп, Тәуелсіздік күні – наразылар митингке шығатын, полицейлер көше аңдып, күзетте тұратын, үлкен қаладағы студенттерді ауылға «қуып» жіберетін әдет қалыптасты.
2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін билік «ескі Қазақстанмен» күрес ұраны аясында Тәуелсіздік мерекесінің уақытын өзгертті. Яғни, елімізде тәуелсіздік мерекесі 16 желтоқсаннан 25 қазанға ауысып, Республика күні елдегі жалғыз ұлттық мереке болып белгіленді. Ал 16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлт батырларына тағзым ететін мемлекеттік мереке болып белгіленді. 25 қазан – «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған күн. Бұл дата тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республика күні ретінде атап өтілетін. 1995 жылы 18 қазанда ұлттық мереке статусын алған. Бірақ 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, мемлекеттік мереке атанды. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер тізімінен сызылып, 13 жыл бойы елеусіз қалды.
Қазіргі билік Тәуелсіздік мерекесінің датасын ауыстырғанмен, қалыптасқан жағдайды өзгерте алмады. Тіпті 2-3 жыл өтпей жатып, Республика күнінің де қадірін қашырып алдық. Бұрын 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік мерекесі қалай елеусіз өтсе, қазір 25 қазанды да дәл солай атап өтіп жүрміз. Халық ұлық мерекеден ұмытылмастай әсер алып, егемен елдің азаматы ретінде қуана қоятындай ештеңе жасалып жатқан жоқ.
Ұлттық мерекеде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар ресми іс-шаралар өткізуі қажет. Бірақ шенділер соның өзін жоғары деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. 24 қазан күні «Астана Опера» театрында «Рухтың асқары – Қазақстан» атты мерекелік концерті өтіп, оған президент қатысты. Ал 25 қазан таңда Ақорда алдында Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Ал облыс орталықтары мен мегаполистерде жұрт таңғалатындай ірі іс-шара болған жоқ. Мемлекеттік органдар әлеуметтік желідегі парақшаларында «Республика күні құтты болсын» деген картиналар жариялағаны болмаса, ұлттық мерекені ұлықтайтындай ештеңе ұйымдастыра алмады. Осылайша, Егемендік декларациясының 35 жылдық мерейтойының өзін елеусіз өткізе салдық.
Абай Балажан, журналист, қоғам белсендісі:
Республика күнінің ешқандай идеологиялық сипаты жоқ
Тәуелсіздік мерекесі неге тойланбайды? Мұның мәнін Горбачев билікке келіп, қайта құру ұраны шыққан кезден бастауға болады. Сол кезде адамдар саяси алаңдарды тастап кете бастады, бей берекетсіздік орнады.
Мұндай жағдай 5-6 жылға созылып, КСРО тарады, республикалар тәуелсіздік алды. Тәуелсіздік аларда әр мемлекет өз болашағын жоспарлап, қай бағытта жүретінін бағамдай бастады. Біз сол кезде жоспарсыз қалдық. Тәуелсіз ел боламыз, мындай мемлекет құрамыз деген жоспар жасай алмадық. 1980 жылдардың ортасынан ауа бере Назарбаевты ұлы адам етіп көрсету басталып кеткен. Тіпті ол Кеңес одағын басқара алады деген сөздер тарады. Біз осы сөзге елітіп жүріп, өз мемлекетіміздің идеологиясын қалыптастыруға мұршамыз болмай қалды.
Мұндай ұстаным тәуелсіздік алған соң да жалғасты. Назарбаев алдымен экономика, сосын саясат деген ұран тастады. Идеология экономикалық блокқа емес, саяси блокқа кіреді. Саясат ұмыт қалды деген сөз, идеология да ұмыт қалғанын білдіреді. Ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылық сол беті қалыптаспады.
Соның аяғы бүгінгі жағдайға ұрындырып отыр. 16 желтоқсанды тәуелсіздік мерекесі ретінде тойлай алмадық. Мереке Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді. Билік жұрт көшеге шығып кете ме деп қорқатын. Шенділер халыққа мерекелік көңіл күй сыйлауға ынталы емес. Өйткені ұнжырғасы түсіп, ертеңінен үміті болмай жүрген халықты басқару оңайырақ болмақ. Ал тәуелсіздікті сезінетін, егемендікті мақтан тұтатын азаматтар билікке көбірек талап қояды.
Республика күнінің ешқандай идеологиялық сипаты жоқ. Адамдар оның қандай ұлық мереке екенін сезінбейді, әйтеуір күнтізбеде көрсетілген демалатын күн деп қана біледі. Кез келген мемлекетте ұлық мереке – Тәуелсіздік мерекесі. Тіпті Кеңес одағы кезінде сондай болатын. Ол кезде Үкімет 7 қарашаға бір ай бұрын дайындалатын. Көшеде, қоғамдық орындарда, автобустарда 7 қарашаның символикалары салынып, жарық шашатын белгілер орнатылып, мерекелік көңіл күй алыстан сезіліп тұратын. Ал тәуелсіздік алған 34 жылдан бері 16 желтоқсан қарсаңында да, 25 қазан қарсаңында да мұндайды көрген жоқпыз. КСРО кезінде Қазан революциясының 30 жылдығы, 50 жылдығы сияқты атаулы жылдарды атап өту тіпті жыл басында басталатын. Мысалы, биыл Қазақстанның егемендік декларациясы қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Мерейтойлық жыл. Оны атап өтуді жыл басында демей-ақ қояйын, бір ай немесе 20 күн бұрын бастаса болар еді ғой. Біздің билік оның бірін істеген жоқ. Қазір технология дамыған, әлеуметтік желілер бар. Тәуелсіздік мерекесін тойлаймын десе, халықты жұмылдыруға мүмкіндік мол. Осының бәрін істеу үшін ешқандай артық ақылдың қажеті жоқ. Демек, жауапты органдарда не мүлде басы істемейтін, не оны керек етпейтін адамдар отыр деп есептеймін.
Белсенділер қудаланған күн
Республика күні қарсаңында әлеуметтік желіде 25 қазан күні бірнеше қалада митинг өтеді деген ақпарат тарады. Сол-ақ екен, полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, белсенділерді аңду, ұстау, қамау басталды. Мысалы, Алматы полициясы Республика күні «қаладағы қауіпсіздікті 3,5 мың полиция қызметкері қамтамасыз еткенін» хабарлады. Көшеде мұнша полиция қаптап жүргенде қалай мереке тойлауға болады?..
Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер ұсталып, кейбірі қамалды, кейбіріне айыппұл салынды. 26 қазан күні «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина әлеуметтік желіде ұсталғандар мен қамалғандар саны 70-тен асқанын хабарлады. Белсенді азаматтар елдегі қымбатшылыққа, салық саясатына және халықтың күнкөріс деңгейінің төмендегеніне наразылық білдірді. Ал полицейлер оларды «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабымен қудалады. Кей белсенді үйінің маңын полиция торуылдап, сыртқа шығармай қойғанын мәлімдеді.
Астанада белсенді Эльвира Бекзадинаны полиция кәмелетке толмаған балаларымен бірге ұстап, Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген. Біз Эльвираның өзіне хабарласып, мән-жайды сұрадық. Ол бізге ұсталған, айыппұл арқалаған белсенділер өте көп екенін айтып, тізім жіберді. Онда митинг қарсаңында ұсталған 20 адамның қай баппен, қандай жазаға тартылғаны толық жазылған. Соның ішінде онға жуығы айыппұл арқалапты.
«Митингке шығатынымды әкімдікке ескерткем. Бірақ ескерткендердің өзі ұсталып жатты. Мысалы, екібастұздық Жанат Жамалиевті 15 тәулікке қамады. Елде қымбатшылық қысып барады. Ал митинг күнде болып жатқан жоқ. Сол үшін мүмкіндікті пайдаланайын деп екі қызыммен бірге митингке шықтым. Әкесі жұмыста болғандықтан, балаларымызды амалсыз ертіп алғам. Бірақ үйден шыққаныма 5 минут болмай жатып, «Абырой» спорт кешені аялдамасы маңында сары түсті автозактан 4 СОБР жасағы шығып, балаларыммен бірге ұстап алды. Инстаграм желісінде тікелей эфир жүргізіп келе жатқам, телефонды тартып алды, эфир үзілді. Сол жерде кәмелетке толмағандар ісі бойынша инспектор дайын тұр екен. Балаларды 12:00-де мен отырған Сарыарқа аудандық ПБ-ға алып барды. Оларды сағат 13:50-де әкелері алып кетті. Ал мені түнгі 20:00-ге дейін ұстады. Кезекші прокурор келмеді, қағаз бен қалам сұрасам, бермеді. Сағат 15:15-те сот өтті, менің қорғаушымды қатыстырмады, хаттамамен таныстырмады, судья құқығымды таптады. Ондағылар мені заңсыз митингке шықтың, балаларыңды ойла, сені толық тексереміз деп қорқытпақшы болды. Бірақ мен заңды жақсы білемін, ешқандай заңсыз әрекетке барған жоқпын. Сол үшін амалсыз босатты. Билік халықтан қорқады, сол үшін белсенділерді қудалайды. Сондай-ақ халық та қорқынышын жеңе алмай отыр», – дейді Бекзадина.
Қуаныш Қаппас