Венесуэлада бірқатар саяси тұтқын бостандыққа шықты
Венесуэла билігі саяси себеппен қамауға алынған азаматтардың бір тобын босатты. Олардың қатарында оппозициялық саясаткерлер, азаматтық белсенділер мен журналистер бар.
Бұл туралы Associated Press хабарлады.
Саяси тұтқындардың босатылуы АҚШ әскерінің Венесуэла аумағында жүргізген арнайы операциясынан кейін бір аптаға жетпей жүзеге асқан. Аталған операция барысында елдің бұрынғы басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес ұсталып, шетелге әкетілген болатын.
АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында саяси тұтқындарды босату америкалық тараптың өтінішімен басталғанын айтты. Ал 9 қаңтар күні Truth Social желісінде Трамп бұл қадамды Венесуэланың «бейбітшілікке ұмтылысының белгісі» деп бағалады.
Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес бостандыққа «айтарлықтай көп адам» шығатынын мәлімдегенімен, нақты сан мен есімдер жарияланған жоқ. Дегенмен El Nacional басылымы құқық қорғаушыларға сілтеме жасап, босатылғандардың қатарында бұрынғы президенттікке кандидат Энрике Маркес, экс-депутат Биаджо Пильери, Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Алехандро Ребольедо және журналист Мигель Морено Дапена бар екенін жазды. Сондай-ақ Испанияның бес азаматы, оның ішінде құқық қорғаушы Росио Сан-Мигель де еркіндікке шыққан.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бұған дейін Венесуэлада 800-ден астам адам саяси айыппен түрмеде отырған. Бақылаушылар саяси тұтқындарды босатуды АҚШ тарапынан жасалған қысымнан кейінгі алғашқы нақты қадамдардың бірі деп бағалап отыр.