Кіргізгенмен жүргізбейді. Үкімет жүк көліктеріне тыйым салса, салдары қандай болады?
Қазақ билігі үнемі алдымен жартыкеш шешім қабылдап, кейін соның салдарымен күресіп жүреді. Мысал ретінде, осыдан бірер жыл бұрынғы шетелдік тіркеудегі автомобильді заңдастыру науқанын айтсақ болады. Азаматтар жылдар бойы шетелден машина әкеліп, мініп жүрді.
Билік олар шекарадан кірерде бақыламады, елге келген соң Қазақстанда есепке қоюды міндеттемеді. Кейін мұндай машиналардың көбінің тіркеуге қоюға мүмкіндік беретін мерзімі өтіп кетті. Ал кейбірін шетелдегі иесі есептен шығарып, көлік «ауада» қалып қойды. Соның салдарынан Қазақстан жолдарында ешқайда тіркелмеген, шетел нөмірін таққан көліктер қаптады.
Мұндай көліктерді заң аясында бақылау қиынға соғатын. Соны біліп алған кей жүргізуші жол ережесін елемей, өзгелерге қауіп төндіре бастады. Осыдан кейін ғана билік оларды тіркеуге қоюды міндеттеген. Бірақ біздің елде шетелден кірген автомобильді есепке қоюдан қиын шаруа жоқ. Утиль алымы, алғашқы тіркеу, кедендік тазарту деген сияқты алым-салықтар сомасы көліктің өз құнынан да жоғары. Осыған байланысты қайшылық туындады, шетелдік машина мініп жүрген азаматтар мұнша қыруар қаржы жұмсап, көлігін тіркеуден бас тартты.
Билік амалсыздан шетелдік автокөлікті бір реттік заңдастыру науқанын қолға алып, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге кірген көліктерді жеңілдікпен тіркеуге мәжбүр болды. Яғни, бірнеше миллион теңге тұратын тіркеу рәсімін 215 мың теңгеге түсірді. Науқан аясында үкімет шетел нөмірімен жүрген оң рөлді машинаны да есепке қойды. Тіпті автокөліктің шыққан жылы мен экологиялық класына да мән берген жоқ. Жылы ескі, тозығы жеткен, оң рөлді және «конструктор» деп аталатын заңсыз көліктер де тіркеуден өтіп кетті. Ресми есеп бойынша, сол кезде жалпы саны 206 мың шетелдік автомобиль есепке қойылыпты. Оның 132 929-ы – Ресейден, 37 113-і – Армениядан, 21 601-і – Қырғызстаннан келген.
Бірақ билік осыдан кейін де шетелден автокөлік әкелуді тоқтата алмады. Азаматтар әлі де өзге елден машина кіргізіп, тіркеуге қоймастан мініп жүр. 2023 жылы шетелдік көлікті сақтандыруға тыйым салатын заң шығып, Қазақстан азаматының шетелдік машинамен жүруіне шектеу қойылған. Бірақ бұл шектеулер қағаз жүзінде қалған сияқты, елде шетел нөмірін таққан машина әлі көп. Бұл жаңа дау-дамайға жол ашып отыр.
Мысалы, биыл 1 желтоқсанда армениялық көліктердің біздің елдегі иелері Атырау – Доссор тасжолына жиналып, наразылық білдірді. Олар оң рөлді машинамен такси қызметін атқаруға болмайды деген шешімге наразы. Атырау облысында 4 мыңнан аса оң рөлді автомобиль бар екен. Қазіргі заң бойынша, елде оң рөлді автокөлікті тіркеу мүмкін емес. Қазақстан азаматы шетелдік нөмір таққан көлікті тізгіндей алмайтынын жоғарыда жаздық. Осы екі ережеге қарамастан, оң рөлді әрі шетелдік тіркеудегі машинамен жолаушы тасып жүрген азаматтар бар.
Жақында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев оң рөлді машинаны коммерциялық мақсатта және қала арасында жолаушы тасуға пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Мәжілісмен «жауапты органдар тиісті деңгейде бақылау жасамай отыр» деп санайды. Осының салдарынан оң рөлді минивендер себеп болған жол апаты жиілеп кеткен.
Бұл – ел билігі өз қолымен жасаған проблема. Біріншіден, әу баста шетел нөмірін таққан автокөлікті жүргізбеу керек еді. Заң бойынша мұндай машина елде бір жыл жүре алады. Сол мерзім өткен соң не есепке қойғызып, не шекарадан шығарып жіберсе, бүгінгі даудың бірі де болмас еді.
Екіншіден, 2023 жылы бір реттік жеңілдікпен шетелдік көліктерді тіркеген соң бақылауды күшейту қажет болған. Бақылаудың жоқтығынан елде шетелдік көліктер тағы көбейіп, арнайы жеңілдік жасап шешкен проблема қайта туындап отыр. Шамасы алда оң рөлді және шетел нөмірін таққан автомобильдерге қатысты тағы бір үлкен дау болатын сияқты.
Жүк көлігінің иелері жұмыссыз қалуы мүмкін
Ел Үкіметі жеңіл автомобильдер проблемасын шеше алмай жүргенде жүк көліктеріне қатысты тағы бір мәселе туындады. 2026 жылы 1 қаңтарда «Автомобиль көлігі туралы» заңның 38-2-бабы күшіне енеді. Онда «салмағы 25 тоннадан асатын үш осьті жүк көлігінің жалпыға арналған жолда жүруіне тыйым салынады» деп жазылған. Яғни, жаңа жылдан бастап жұрт арасында «самосвал» деп аталатын жүкті өзі түсіретін көлік тасжолға шыға алмайды.
Негізі мұндай шектеу бұрын болған, бірақ билік 2019 жылы оны тиімсіз әрі қолдануға жарамсыз деп танып, күшін жойған болатын. Бірақ 2022 жылы бұл тыйым заңға қайта еніп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп белгіленген. Енді сол заң қолданысқа енетін уақыт келді. Бірақ заңда мұндай талап бар екенін, жаңа жылдан бастап үш осьті жүк көліктерінің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екенін көп адам білмейді. Тіпті жүк көлігі иелерінің өзі білмейтін болып шықты.
Жақында Болатбек Нажметдинұлы бір топ мәжілісменнің атынан премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, осы мәселені көтерді. Оның айтуынша, депутаттар «Автомобиль көлігі туралы» заңның 38-2-бабын алып тастауды ұсынып отыр.
«Бұл норма күшіне енсе, әлеуметтік-экономикалық салдары ауыр болуы мүмкін. Ол құрылыс, жол жөндеу, қоқыс пен қар шығару, энергетикалық инфрақұрылым, су мен газ жүйесі, жер қойнауын пайдалану және ТЖМ саласында жұмыс істейтін шамамен 36 500 жүк көлігін қамтиды. Астық, мақта, тыңайтқыш, жем және өзге өнімдерді тасымалдайтын мыңдаған фермердің жұмысына да тосқауыл болады», – деп мәлімдеді депутаттар.
Мәжілісмендер мұндай машинаның көбі лизинг немесе несиеге алынғанын айтып, заң күшіне енсе, жүк көлік иелері табысынан айырылып, қарызға бататынын алға тартты. Бұл жағдай мыңдаған отбасы мен жүз мыңдаған адамға әсер етіп, соңы әлеуметтік наразылыққа ұласуы ықтимал.
Депутаттардың бұл уәжімен келісуге болады. Әр салада жұмыс істеп жүрген 36 мың жүк көлігі бір сәтте тоқтаса, мыңдаған азамат жұмыссыз қалып, елде техника тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл экономиканың бірнеше секторына кері әсер етеді. Мысалы, құрылыс жұмыстары кешеуілдейді, кен қазу, жол салу сияқты маңызды жобалар аяқсыз қалып, мемлекет шығынға батуы мүмкін. Яғни, бұл жеңіл автомобильдер дауына қарағанда әлдеқайда күрделі проблема болып отыр.
Біз жоғарыда шетел нөмірін таққан автокөліктер мәселесін билік өз қолымен жасағанын айттық. Жүк көлігі жайлы да осыны айтуға болады. Үш осьті жүк көліктері шекарадан кірерде жауапты орган оларды стандартқа сай деп танып, пайдалануға рұқсат берген. Яғни, жүк көліктері жалпыға арналған жолда жүруге жарамды сертификат алған. Олардың жолға шығуына тыйым салатын норма 2022 жылы қайта қабылданғанын айттық. Бірақ одан бері де елге үш осьті жүк көліктері кедергісіз кіріп жатты. Тіпті 20 күннен кейін шектеу күшіне енгелі тұрса да әлі сатылып жатыр. Біз осындай жүк көліктерін сататын компанияға хабарластық. Олар тапсырыс берсек, кез келген уақытта жеткізіп беруге дайын екенін айтты, ал шектеу бойынша қазірше алаңдаудың қажеті жоқ екенін ескертті. Соған қарағанда, билік бұл жолы да жұмысқа орта жолдан кіріскен сияқты. Шетелден кіріп жатқан техникаға тоқтау салмайды, ал елде жүргенін жолға шығармайды. Яғни, мұндай жүк көлігін елге кіргізуге болады, жолда жүргізуге болмайды.
Сауранбаевтың сөзіне депутаттар сенбейді
9 желтоқсан күні Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өткен. Оған көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бастаған бір топ шенді қатысты. Сол жиында журналистер салмағы 25 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салу жөніндегі жұмыс қалай жүріп жатқанын сұрады. Сұраққа алдымен Сауранбаевтың орынбасары Мақсат Қалиақпаров жауап берді.
«Бұл мәселе өте маңызды. Сұрақ 2022 жылдан бері көтеріліп келеді. Жүк көліктері артық жүк басып, жолды бүлдіреді. Норма 2022 жылы заңға еніп, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс болған. Бұл бағытта біршама жұмыс істедік. Депутаттық корпус бұл норманы алып тастауды ұсынып отыр. Норма 1 қаңтарда енгізілмейді. Біз басқалай жұмыс істеп, келер жылы цифрлық шешім енгіземіз», – деді вице-министр.
Осы тұста сөзге Сауранбаевтың өзі араласты, шамасы орынбасарының жауабы көңілінен шықпаған сияқты.
«Қосымша айта кетейін. Стандарт бойынша, біздің жолда әр осьтегі салмақ 8 тоннадан аспауы қажет. HOWO сияқты жүк көліктері тек карьерде жүруге арналған. Оған толық жүк тиесе, салмағы 60 тоннаға жетеді. 60 тонналық көлік тасжолға шықса, бәрін бүлдіреді. 1 трлн теңгеге жол салып, оны бір күнде бұзып тастағанымыз жөн емес. Ондай машина вагон сияқты ғой. Олардың тасжолға шығуына болмайды. Депутаттар ұсыныс айтты, біз оған толық келісіп отырмыз. Мұндай машина көп, сондықтан шектеуді 1 қаңтардан бастамай, кезең-кезеңмен енгіземіз. Алдымен мұндай көліктерді Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларға, содан кейін облыс орталықтарына кіргізбейміз. Сондай-ақ машина иелеріне жүк салмағын белгілі мөлшерден асырмау жөнінде тапсырма береміз», – деді министр.
Сауранбаевтың айтуынша, ауыр жүк көліктері тек карьерде жұмыс істеуі қажет, ал жолға шыққысы келсе, бортын төмендетіп, жүк салмағын азайтуға міндетті.
Бірақ министр мен вице-министр жабылып жүріп, 25 тонналық үш осьті көліктердің қозғалысына тыйым салына ма, жоқ па дегенге анық жауап бере алмады. Олардың сөзінен ұққанымыз, министрлік депутаттармен бірлесіп, жаңа заң жобасын дайындап жатыр, норма 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбейді. Бірақ шенділер бұл тыйымды біржолата алып тастағалы отырған жоқ, кезең-кезеңімен іске асырғалы отыр. Сауранбаев шектеу 2027 жылы қаңтарда күшіне енуі мүмкін дегенді айтты.
Біз Алматы облысында тұратын Кенжебек есімді оқырманымызбен сөйлестік. Оның Shacman жүк көлігі бар. Ол заңда өз көлігінің жолға шығуына тыйым салатын норма бар екенін білмейтін болып шықты.
«Мен Shacman көлігін 2025 жылы көктемде сатып алдым, жарты ақшасын несие алып төледім. Әлі өз басын да шығарған жоқ. Енді оны жүргізбей тастаса, қалай болады? Біздің машинаға онсыз да шектеу көп. Өз салмағы 25 тонна, ереже бойынша оған 8-9 тонна ғана жүк баса аламыз. Бірақ шығынымыз күн сайын артып барады. Мысалы, тамызда 100 литр дизельді 31 мың теңгеге құятын едік, қазір оның бағасы 35 мың теңгеге жетті. Айналасы 3-4 айда осынша өсті. Басқа да шығындар бар. Соның орнын толтыру үшін артық жүк тиейтін жүргізушілер бар, бірақ олар үлкен жолға шықпай, шет жолдарды жағалап жүреді. Өйткені үлкен трассада салмақ өлшеуіш бар, оған түссе, үлкен айыппұл төлейді. Бұған дейін 700-800 мың айыппұл төлеген азаматтарды білемін. Сондықтан ауыл арасында немесе карьерде болмаса, ешкім ауыр жүк баспайды.
Менің ойымша, біздікі сияқты жүк көліктерін жолға шығармайтын шектеу енгізбес бұрын алдымен осындай машиналардың елге келуін тоқтату керек шығар. Қытайдан Shacman көліктері әлі кіріп жатыр. Мен шілдеде жаңа машина алмақ болғанда, кіргізіп беретін кәсіпкерлер табылған. Егер жарты жылдан кейін мынадай шектеу енетін болса, сонша қымбат көлікті неге елге кіргізіп жатыр? Түрлі мемлекеттік бағдарламалар немесе банктер арқылы несие алып, шетелден жүк көлігін әкелген адамдарды білемін. Егер бірнеше айдан кейін Shacman жолға шыға алмайтын болса, банктер, мемлекеттік ұйымдар неге қарыз рәсімдеп отыр? Неге мұндай көлікті жүргізуге шектеу енгелі жатқанын айтпайды», – дейді ол.
Айтпақшы, депутат Болатбек Нажметдинұлы жолдарды жүк көліктері бүлдіріп жатыр деген уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, жолдың тез тозуына машина емес, сапасыз құрылыс пен бақылау жүйесінің әлсіздігі кінәлі. Мәжілісмен трассадағы салмақ өлшеу жүйесі мен көлік инспекциясы артық жүк басқан көлікті анықтауға міндетті. Ал олар бақылауды дұрыс жүргізбесе, бұл – биліктің кемшілігі. Сондықтан тыйым салғаннан гөрі әкімшілік тәртіп орнату қажет. Нажметдинұлы депутаттық сауалына Бектеновтен қандай жауап алғаны белгісіз.
Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК-ні басқарған Нұрлан Сауранбаев Көлік министрлігінің тізгінін биыл шілдеде ұстаған. Оның ҚТЖ-дағы жұмысына мамандардың көңілі толмайды. Ол басқарған кезде «ҚТЖ-ның қарызы 3,65 трлн теңгеге жетті» деген ақпарат бар. Төрт жылда теміржолдың проблемасын шеше алмаған Сауранбаев министр қызметіне кірісе сала, жүк көліктерін жолдан қуып шықпақ. Жаңа министрдің бұл қадамын депутаттар ғана емес, жүк көлігінің жүргізушілері де құп көрмей отыр.
Қуаныш Қаппас