Экс-судья Тәткеева Ресей азаматы болып шықты

Бұрынғы судья және Қазақстан Жоғарғы сотының экс-төрағасы Жақып Асановтың азаматтық істер жөніндегі кеңесшісі болған Қарлығаш Тәткеева, Антикор ірі алаяқтық ісі бойынша іздеу жариялаған тұлға, Ресей азаматы екені анықталды.
Бұл жөнінде Rupep жобасы хабарлады. Олар құжаттар базасын зерттеп, ресейлік паспорттың айқын белгілері бар Тәткееваның суретін жариялады.
Қазақстан Конституциясына сәйкес, азаматтарға қос азаматтыққа рұқсат жоқ. Мұндай жағдай анықталған кезде қазақстандық паспорт автоматты түрде жарамсыз болып қалады. Өткен жылы ғана күштік органдар осындай 1190 деректі әшкерелеген еді.
Қалай Қазақстаннан кетіп қалған?
Жарияланған мәліметтерге қарағанда, Тәткеева ресейлік құжатын еш жерде ашық көрсетпей, дәл осы арқылы қылмыстық іс қозғалған соң елден кедергісіз шығып кеткен.
Карьералық жолы
Қарлығаш Таткеева Жамбыл облысында туған. Еңбек жолын прокуратурада бастап, кейін Қарағанды сот жүйесінде жұмыс істеген. Оның мансабындағы ең жоғарғы лауазымы – Жақып Асанов Жоғарғы сотты басқарған кезде кеңесші қызметін атқаруы болды. Қазір Асанов Сенат төрағасының орынбасары.
Экстрадиция мүмкін бе?
Егер ресейлік азаматтығы расталса, Таткеева Қазақстанға экстрадициядан құтылуы мүмкін. Дегенмен, Ресейде кей жағдайларда жаңа алынған паспорттар формалды себептермен жойылғаны белгілі. Сондықтан бұл да оған толықтай қорғау кепілі бола алмайды.
Айта кетейік, Тәткееваға тағылған айып әзірге тек күдік деңгейінде қалып отыр. Құқық қорғау органдары оны аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша іздестіруде. БАҚ дерегінше, ол 2021–2024 жылдары азаматтарға жылжымайтын мүлік пен тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деп уәде беріп, 1 миллиард теңгеден астам қаржыны иемденген.