Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Қыз алып қашу қылмыс па, дәстүр ме?

Қыз алып қашу
Фото: Ғалым Смағылұлы карикатурасы

Қыз алып қашу ұзақ жылдар бойы қазақ қоғамында «дәстүр» деген ұғыммен ақталып келді. Алайда кейінгі кезде болған оқиғалар бұл түсініктің шын мәнінде ауыр қылмыстарға апаратынын көрсетті.

 Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуы мен кәмелетке толмаған қызды еркінен тыс алып қашып, зорлануы мәселенің тұрмыстық емес, мемлекеттік деңгейдегі проблемаға айналғанын айқын аңғартты.

Нұрай
Фото: ашық дереккөз

Нұрай оқиғасына Президент неге назар аударды?

2025 жылдың 11 қаңтарында Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбай дүкенге бара жатқан кезінде өз үйінің маңында кісі қолынан қаза тапты. Оған алдын ала торуылдап жүрген жігіт кенеттен шабуыл жасап, бірнеше жерінен пышақтаған. Ауыр жарақаттан Нұрай оқиға орнында қаза тапты. Күдікті 28 жастағы ер адам болып шықты, ол оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай қала сыртынан ұсталды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен тергеу басталды.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде қыздардың қауіпсіздігі, олардың соңынан қалмай аңду (сталкинг) және қоқан-лоқы көрсету фактілеріне полицияның дер кезінде шара қолданбауы қызу талқыланды. Нұрайдың туыстары құқық қорғау органдарынан ұсталған қылмыскерге ең қатаң баптар бойынша айып тағып, әділ жазалауды талап етті.

Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты халық арасындағы ашу-ыза билік органдарының назарын аудартты. 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы қыз алып қашудың адам ұрлау екенін, ұлт беделіне нұқсан келтіретін ауыр қылмыс екенін мәлімдеді. Тоқаев күдіктінің Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталғанын, ақырында оның соңы адам өліміне соқтырғанын атап өтті. Президент Ішкі істер министріне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетін құқықтық бағалауды, сондай-ақ Бас прокурорға істі жан-жақты тексеруді тапсырды.

«Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», – деді Тоқаев.

Президенттің ашық сынынан кейін көп ұзамай Шымкент қаласында бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері, соның ішінде Шымкент ПД басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен шеттетілді.

Шымкенттегі қыз алып қашу оқиғасы

Нұрай трагедиясымен қатар Шымкентте тағы бір қыз алып қашу оқиғасы қоғам назарына ілінді. 16 қаңтар күні БАҚ беттерінде Шымкентте 17 жастағы кәмелетке толмаған бойжеткенді бір топ ер адам көшеде ұстап алып, көлікке күштеп отырғызып, алып қашқаны жазылды. Жәбірленушінің айтуынша, бұрын танымайтын бейтаныс жігіт оған үйленбек ниетпен достарымен бірге осындай қылмысқа барған. Қызды Шымкенттен Сарыағаш жақтағы ауылға алып барып, үйіне кіргізгенде сол үйдің әйелдері ақ орамал алып шығып, «келін түсірдік» деп мәз-мейрам болған. Тіпті әулет мүшелері алдын ала жоспарлап, отшашу атып, бұл «үйлену тойын» видеоға түсірген. Кәмелетке толмаған қыз өзін студент екенін, мұндай «дәстүрге» қарсы екенін айтып жан ұшырғанымен, үлкендер жағы оның сөзін елеусіз қалдырған. «Әжеңді танимын, әкеңді білемін, жақсы жерге келдің» деген сияқты сөздермен үлкендер жағы қызды басуға тырысқан. Содан кейін қыздың ұялы телефонын тартып алып, «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазуға мәжбүрлеген. Бұған бой бермеген қызды қорқытып-үркітіп, ақыры күш қолдану арқылы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген...

Жәбірленуші қыз бұл үйден сәті түскен бір мезетте қашып шығып құтылған. Біраз уақыт бойы қорланған қыз әділдік іздеп, ақыры бұл оқиғаны жария етуге бел буып, әлеуметтік желі арқылы басынан өткергенін жұртқа жеткізді. Ол өзіне зұлымдық жасағандардың әлі күнге жазаланбағанын, қазір бауырларының жанында қорғанып жүргенін айтып, қылмыскерлердің қатаң жазаға тартылуын талап етті. Қоғамдық резонанс тудырған видео үндеуден кейін полиция ресми мәлімдеме жасап, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Н
Фото: Әлихан Сариев/Tengrinews.kz

Қыз алып қашу неге тыйылмады?

Қыз алып қашу оқиғаларына қатысты нақты статистиканы құқық қорғау органдары ұзақ уақыт бойы арнайы тіркемей келді. Көп жағдайда мұндай қылмыс «Адам ұрлау» бабымен қарастырылып, немесе мүлде жабулы күйде қалатын. Дегенмен құқық қорғау органдары мен зерттеушілердің дерегіне көз жүгіртсек, мәселенің ауқымын аңғаруға әбден болады. Кейінгі жылдары ресми тіркелген қыз алып қашу фактілері жылына шамамен 20-ға жетеді екен. Мәселен, 2023 жылы елімізде осы тектес 18 қылмыс тіркелген болса, олардың үштен екісі (12 дерек) оңтүстік өңірлердің үлесінде болған. 2019 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда мәжбүрлеп алып қашуға байланысты 214 қылмыстық іс қозғалған, алайда соның 94,3 пайызы «қылмыс құрамы жоқ» деген себеппен тоқтатылған. Сотқа небәрі 10 іс жіберіліп, осы істер бойынша 27 адам ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тағы бір дерекке қарағанда, кейінгі 7-8 жылда осындай 257 іс тіркеліп, олардың 95 пайызы жабылып қалған екен.

Бұл көрсеткіштер ресми тіркелген жағдайлар ғана. Шын мәнінде, қыз алып қашу оқиғаларының басым бөлігі жария етілмейді. Мамандардың айтуынша, ұрланған қыздардың көбі полицияға шағым түсірмейді, ал түскен істердің де сотқа жетуі өте сирек. Мысалы, 2024 жылдың 8 айында тек Түркістан облысының өзінде 18 қыз алып қашу оқиғасы анықталғанын депутаттар мәлімдеген. Бұл – бір ғана өңірдің өзінде бұрынғы жылдардағы бүкіл республикалық статистиканы басып озатын көрсеткіш.

Қыз алып қашқанға қандай жаза қолданылады?

Бұрын ҚР Қылмыстық кодексінде қыз алып қашу жеке бап ретінде қарастырылмай, жалпы «Адам ұрлау» (125-бап) құрамында тергелетін. Оның өзінде, егер қылмыскер ұрланған адамды өз еркімен босатса және басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босататын нормасы бар еді. Дәл осы құқықтық олқылық, яғни, қызды біраз күннен кейін қайтарып берсе, жазадан құтылу мүмкіндігі талай қылмыстық істің тоқтатылуына себеп болды. Жоғарыда келтірілген 94-95 пайыз істердің жабылуы соның айғағы.

2025 жылы Қылмыстық кодекске 125-1-бап енгізілді – бұл «Некеге тұруға мәжбүрлеу» деп аталады. Президент Қ.Тоқаев 2025 жылғы 16 шілдеде осы заңға қол қойып, оны күшіне енгізді. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 125-бабына (Адам ұрлау) да түзету енгізіліп, енді ұрланған қызды кейін «ерікті түрде босатты» деген сылтаумен істі жабуға жол берілмейтіні нақты жазылды. Яғни, қыз алып қашқан адам жәбірленушіні қоя берсе де, оқиға қылмыс ретінде тіркеледі. Бұдан былай қалыңдық ұрлау әрекеті ҚК-нің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланып, қатаң жаза тағайындалуы тиіс.

Мұндай заңнамалық қадамдар көптен бері құқық қорғаушылар мен қоғам белсенділері талап етіп келген өзгерістер болатын. Заңгерлердің пікірінше, жаңа баптың енгізілуі қылмыскерлерді ойландырады және жазаның бұлтартпауын қамтамасыз етуге, қоғамда мұндай озбырлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Дегенмен заң қатайды екен деп мәселе толық шешіле салмайтыны белгілі. Ең бастысы – заңды дер кезінде қолдану практикасы. Яғни, полиция мен прокуратура енді әрбір шағымды соңына дейін жеткізіп, бұрынғыдай татуластыруға немесе «дәстүр» деген желеумен жабу тәжірибесіне жол бермеуі керек. Соттар да жаңа баптар негізінде әділ үкім шығарып, кінәлілерді тиісті жазаға тарту қажет. Сонда ғана қоғамда «қыз алып қашу – дәстүр» деген ұғым өзгеруі мүмкін.

Тұрсынбек БАШАР