Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:01

Женевада Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер аяқталды

Иран АҚШ
Фото: ашық дереккөз

Женевада Тегеран мен Вашингтон арасында, Оманның арағайындығымен, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты кезекті келіссөздер раунды аяқталды. 

БАҚ мәліметінше, Тегеран тек АҚШ санкциялары толық жойылған жағдайда ғана келісімге келуге дайын.

26 ақпан, бейсенбі күні кешке Оман өкілдері АҚШ пен Иран делегациялары Женевада өткен келіссөздерді аяқтағанын мәлімдеді.

Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди:
«АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеуден кейін күнді қорытындыладық», – деді. Ол келесі аптада Венада «техникалық деңгейдегі» жаңа кезең өтетінін қосты.

АҚШ делегациясының құрамында Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер болды. Иран тарапынан сыртқы істер министрі Аббас Аракчи қатысты.

Axios басылымының жазуынша, тараптар 26 ақпанда таңертең және кешке екі сессия өткізген. Таңғы кездесуден кейін америкалық делегация «көңілі толмаған» күйде болғанымен, кешкі жиынды Уиткофф пен Кушнер «оң» деп бағалаған.

Қатардың «Әл-Жазира» телеарнасы таңғы сессия барысында Иран АҚШ-пен ядролық келісім бойынша өз жобасын ұсынғанын хабарлады. Дереккөздердің айтуынша, Тегеран уран байытуды тек уақытша тоқтатуға дайын, алайда ядролық нысандарды толықтай жоюдан бас тартады. Сонымен бірге Иран уран қорын төмен деңгейге дейін қысқартуға және ядролық нысандарға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдерін кіргізуге келісетінін білдірген.

CNN тілшісінің иран делегациясына жақын дереккөздерге сүйенген мәліметіне сәйкес, Иран АҚШ-пен тек барлық америкалық санкциялар мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциялары күшін жойған жағдайда ғана келісімге баруға дайын. Бұған дейін осындай мазмұндағы мәлімдемені Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Мажид Тахт-Раванчи де жасаған болатын.