Нұрғиса Тілендиевтің алдында...

Нұрғиса Тілендиевтің сан қырлы талантының бір биігі – күйшілік өнер.
Оның күй өнеріндегі даралығы – домбыраны солақай тартуында ғана емес, күйді жанымен сезініп, жүрегімен шерте білуінде еді. Осы шеберлігі оның шығармашылығына өзіндік өрнек дарытып, қазақ күй өнеріне жаңа тыныс әкелді. Ғұмырының басым бөлігінде оркестрге арнап, шығармаларды оркестрге икемдеген. Нұрғисаның феномені неде десе, мен дәл осы «Отырар сазы» ұлт-аспаптар оркестрі дер едім. Күйшілігін шағын ортада ғана паш ететін, ал сахнада тыңдарманына күйшілігін жарыққа шығара бермейтін. Жаулыбай Иманәлі деген журналист ағамызбен ертеректе әңгіме-дүкен құрып едім. Сол кісі Қонаевтың Нұрғисаның күйшілік өнерін ерекше жақсы көріп, ықыласпен тыңдағанын, жоғары бағалағанын, сол кісі қолқа салуымен Нұрағаның күйшілік қыры қазақ телевизиясына келгенін айтып қалды. Осыдан соң Кеңес Дүйсекеев ағамыз Жаулыбай Иманәліге Нұрғисаның күйшілік қыры туралы хабар жасауды тапсырыпты. «Нұрғисаның домбырасы» хабары арқылы көпшілік Нұрағаның күйлерімен, күйшілік қырымен танысқан десе-ді.
Жалпы Нұрғиса Тілендиевке домбыра тарту өнері атадан дарыған. Әкесі Тіленді домбыра шерткен, ал атасы Атабай Жамбыл Жабаевтың әкесі Жабаймен бірге туған, өнердің қадірін білген, сері азамат болған. Атабайдың Сүйінбай, Жамбыл, Түктібай сынды ақындармен тығыз араласуы жалпы бұл әулеттің бойына өнердің қанмен дарығанын аңғартады. Ал анасы Салиха – аты аңызға айналған әнші Кенен Әзірбаевтың қарындасы. Ол да ел ішінде сызылтып ән салған дарынды жан болған. Ана сүтіндей сіңген сол ән мен күй бала Нұрғисаның жүрегіне терең әсер етіп, өнерге деген іңкәрлігін, қызығушылығын ерте оятты. Жас Нұрғиса бозбала шағында-ақ қазақ, қырғыз, татар, орыс халықтарының музыкалық аспаптарын еркін меңгеріп, ел-жұртты тамсандырған. Оның кәсіби өнер жолы – тағдырдың тамаша тартуы іспетті. Бұл жол 14 жасында қазақ музыкасының атасы Ахмет Жұбановпен жолығуынан басталады. Ұлы ұстаз бала дарынның талантын танып, оны Қазақ халық аспаптар оркестрінің домбырашылар құрамына қабылдайды. Бұл Нұрғиса үшін үлкен өнерге бастар алғашқы баспалдақ еді. Тағдырдың тағы бір сыйы – ол осы оркестрде әйгілі күйші Қали Жантілеудің жанынан орын алады. Осылайша, қазақ музыка өнерінің тарихында Нұрғисаның дара жолы қалыптаса бастайды. Өз естеліктерінде де әкесінің күйші екенін, «Аққу», «Арман», «Терісқақпай» деген үш күйді Тілендінің күйі деп жаздырып кеткен. Бәлкім, әуелгі нұсқасында Жетісудағы күйшілердің, Тілендінің сарындары болған шығар, бірақ бұл күйлерді жетілдіріп, өңдеп, биікке шығарған, тыңдарманға жеткізген бәрібір Нұрғисаның өзі. Бұлай деуімізге де себеп бар. Мысал келтіре кетейін, Жетісу өңірінде шертпе дәстүр кең тарағанын білеміз. Ал Нұрғиса «Аққу» күйінде, әсіресе күйдің екінші бөлімінде төкпе қағыстарды да араластырып жіберген. Күйдің басы шертіп басталады да, ары қарай төкпе дәстүрімен жалғасып кетеді. Нұрғиса орындаған, сахнаға әкелген «Ақсақ құлан» төкпе дәстүрімен орындалатын күй ғой. «Аққу» күйіндегі төкпе қағыстар осы «Ақсақ құланның» сарынынан кейін туған дүние болса керек. Күй табиғатында кең тараған шертпе және төкпе дәстүрлер болса, Нұрғиса осы екі мектептің тоғысында өзіндік үшінші бағыт қалыптастырған, әртүрлі сарындар мен дәстүрлерді бір жерге тоғыстырған талант. Соңғы кездері мұндай күйшілердің қарасы көбейді, дегенмен осы бағытты алғаш бастағандардың бірі – Нұрғиса Тілендиев еді. Нұрғисаның «Жекпе-жек» деген күйі бар ғой. Ең алғаш «Қыз-Жібек» фильмінде пайдаланады, кейін өзінің «Алтын дән» поэмасының ортасында қолданады. Осы күй басынан аяғына дейін төкпе дәстүрмен орындалады. Күйші бұл күйде төкпе дәстүрге тән қағыстарды, тек төкпе дәстүрге тән буын формасын пайдаланған. Сол сияқты «Әлқисса» күйінде де шертпе дәстүрімен басталып, күй ортасында, екінші бөлімінде аттың шабысын салатын қағыстың тұсында төкпе күй дәстүріне ауысады. Мұндай қағыс түрі Жүсіпбек Елебековте кездеседі, Нұраға да дәл осы қағыс түрін «Әлқиссада» шебер қолдана алған. Нұрғиса Тілендиевтің орындаушылық мектебіне тән шеберлік, динамикалық ауысымдар мен терең иірімдер «Әлқисса» күйінде айқын көрінеді. «Әлқисса, тартатұғын Нұрғиса» деген кезінде мәтелге айналып кетіп еді. Қазіргі таңда «Әлқисса» халық арасында ең кең танымал күйлердің бірі десек те болады. Домбыра ұстаған әрбір жас домбырашының тартатын алғашқы күйлерінің бірі де осы туынды екенін білеміз. Нұрғиса ағаның «Әлқиссасын» кезінде өз көзінше орындап, батасын алған сәтім әлі есімде. Нұрғиса ағаны алғаш көруімнің өзі – бір бөлек хикая.
1995 жылдың көктемі болатын. Біз Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының 1-курс студенті едік. Бір күні факультет деканы Меруерт Каленбаева шақырып жатыр деген соң, факультетке бардым. Ол кісі: «Нұрғиса Тілендиев ағамыз биыл 70 жасқа толып отыр. Жақында мерейтойлық концерті өтеді екен. Сол концертке оркестрге көмекке үш-төрт студент қажет болып жатыр. Сен пысық сияқтысың, жаныңдағы студенттерді ертіп, «Отырар сазы» оркестріне барыңдар. Сабақтан босатамыз. Бұл – өмірлік есте қалатын сәт. «Нұрғиса – аңыз адам ғой, ертең айтып жүресіңдер», – деді. Содан өзіммен бірге оқитын үш курстасымды ертіп, қазіргі Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға келдік. Біз барғанда дайындық жұмыстары басталмай, оркестр мүшелері репетицияға әзірленіп жатыр екен. Біз де домбыраларымызды құлақ күйіне келтіріп, қолымызды жаттықтыру мақсатында домбырамызды тартып отырдық. Залда қаншама аспап, қаншама адам, олардың құлақ тұндырардай гуілі. Бір мезет барлығы сілтідей тынды. Сол сәтте байқасақ, оркестр залына Нұрғиса аға кіріп келеді екен. Ол кісінің төбесі көріне салысымен, оркестр мүшелері орнынан тік тұрып, бірден тынышталып қалды. Нұрғиса ағаны бұрын тек теледидардан немесе сахнадан ғана көргенбіз, ал енді дәл алдымызда тұр!
Қолында темекінің тұқылы ғана қалған, екінші қолында әдемі таяқ. Оркестр мүшелері бірден орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Бір жас дирижер жүгіріп барып темекінің тұқылын қағып алып, күлсалғышқа тастады. Аға ишарамен: «Отырыңдар», – деді. Барлығы орындарына жайғасты.
«Мен консерватория ректоры Дүйсен Қасейіновпен сөйлесіп, үш-төрт домбырашы жібер деп өтініш білдіріп едім. Келдіңдер ме? Тұрыңдаршы!» – деді дауысы қарлығыңқы шықса да зілді үнмен.
Біз бір-бірімізге қарап, орнымыздан тұрмай қалдық. Сол сәтте Нұрғисаның «Стать!», – деген зор үні залды жаңғыртты. Қорыққанымыздан орнымыздан атып тұрыппыз. Артынша: «Тұр дегенде тұру керек!» – деді де, отырыңдар деген ишарат білдіріп еді, жалма-жан отырдық. Репетиция басталды.
Ол кезде оркестрде Жалғасбек Бегендіков, Қарасай Сайжанов, Жамағат Темірғалиев сияқты дирижерлер, Қошқарбек Тасбергенов, Жексенбек Нұржауов сынды күйшілер Нұрағаның жанында жүрген. Бір дирижер «Махамбет поэмасын» бастады. Бір сәтте Нұрғиса аға орнынан тұрып, дирижерлік пультке өзі шықты. «Сендер Махамбетті білесіңдер ме? Кім болғанын түсінесіңдер ме? Қандай қазақ екенін сезесіңдер ме?» – деп, біз жаққа тіке қарап, сұрақ қойды. Ешкім үн қатпады.
«Бұл – Исатайдан айырылып, Нарын құмында жалғыз жортып келе жатқан Махамбет. Осыны ескеріп тартыңдар!», – деді де, басымен ишарат білдіріп, оркестрге «Кеттік!» деген белгі берді. Сол сәттен бастап, музыка тілімен айтқанда, нағыз кереметтің куәсі болдық. Жетпіс шақты музыкантты уысында ұстаған дирижерді алғаш көруім. Нұрағаның мимикасы, қол қимылы бәрі бір-бірімен ғажап үйлесім тауып тұр. Музыка мен адам біртұтас тірі организмге айналып кеткен сияқты күй кештік. Махамбеттің соңғы нотасын қалай аяқтағанымызды да аңғармай қалдық. Есімізді жиғанымызда «Міне, осылай болу керек», – дегенін естідік.
Келесі шығарма «Ата толғауы» еді. Тұяқтастан басталатын кіріспесі бар. Ұрмалы аспапта отырған жігіт кіріспені ойдағыдай бастай алмай қалса керек. Сол кезде Нұраға: «Есек көрдің бе?», – деді. Музыкант үнсіз. «Есек көрдің бе?!», – деп тағы сұрады. Тағы да үн жоқ. «Бұл Жамбыл атамның есегінің жүрісі!», – деді де, күле еске алды.
«Мен бала күнімде Жамбыл атам біздің ауылға есекпен келетін. Біз балалар, балалық қой, ағаш сұғып, шабынан таяқпен түртіп, есекті мөңкітіп, атамды құлатып, құлатқанына ішек-сілеміз қатып мәз болушы едік. Сол есектің жүрісін сал, кеттік!», – деді. Музыкалық шығарма сәтті шықты. Бір сәт тыныстауға уақыт берілді. Репетицияны басқа дирижерлер жалғастырды. Бір мезетте Қарасай Сайжанов мені Нұрағаға меңзеп көрсетті. Аға маған зер сала қарап отыр екен. Менің домбыраны сол қолмен тартатыныма назар аударған сияқты. Ол кісі де солақай еді ғой. Іштей қобалжып, қазір шақырмаса екен деп отырмын. Көп ұзамай, өзі дирижерлік пультке қайта көтерілді. Бір шығарманың жартысына келгенде тоқтай қалып, «Әй, солақай! Бері кел!», – демесі бар ма?! Залдың соңынан қалай жетіп барғанымды өзім де білмей қалдым. «Домбыраңды берші», – деді де, қолына алып бір-екі қағып көрді. Саусақтары үлкен екен, дыбысы қуатты шығады.
«Күй тартысасың ба? – деді. Немесе бокстасасың ба?» – деп жымиып қойды. Қолдары күректей, жұдырығы жуан еді. «Менің «Әлқиссамды» білесің бе?» – деп сұрады. – «Білем», – дедім. «Ендеше, орныңа барып тарт!», – деді.
Оркестр алдында «Әлқисса» күйін бастадым. Алдымен шертіп бастап, артынша төкпелетіп тартатын буынына көштім. Дайындықта жүрген жігітпін ғой, саусақтарым жүрдек. Күйді ойдағыдай тартып шыққан сияқтымын. Күй аяқталған соң Нұраға біраз уақыт үнсіз отырды. Оркестр де тым-тырыс. Бір кезде басын көтеріп:
«Бәрі дұрыс. Жастық жігер бар екен. Кейін сабаңа түсесің...», – деп бір ауыз сөзбен түйіндеді. Үзіліс жарияланды. Нұраға сахна шетінде тұрған фортепианода ұзақ отырып, жаңа бір әуенді ұзақ ойнап отырды да, залдан шығып кетті. Сол кеткеннен кейін репетицияға оралмады. Келесі күні жеке жағдайыммен репетицияға қатыса алмадым. Сөйтіп, Нұрағаның 70 жылдық мерейтойлық концертіне де қатысу бақыты бұйырмады. Өмірімдегі Нұрғиса Тілендиевтің алдында күй тартқан сәттің алғашқысы да, соңғысы да осы болды.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ,
күйші