Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:12

Ресей Германиядан қару-жараққа қажет технологияларды алуға тырысып жатыр

украина
Фото: Getty Images

Германияның Конституцияны қорғау федералдық ведомствосы (BfV) Ресейдің Германия аумағынан әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін технологияларды заңсыз жолмен иемдену әрекеттері күшейгенін мәлімдеді.

Бұл туралы Handelsblatt басылымы Германия арнайы қызметі әзірлеген өзекті аналитикалық жазбаға сүйене отырып хабарлады.

Құжатта айтылғандай, Ресейдің Украинаға қарсы қарулы шабуылы қару-жараққа, сондай-ақ жаппай қырып-жоятын қаруларды өндіруге қажет технологияларға деген сұранысты арттырған. Ал 2022 жылдан бері енгізілген Еуропалық одақ санкциялары мұндай тауарларды Ресей үшін тікелей сатып алуды айтарлықтай қиындатқан.

Осы жағдайда Ресеймен байланысты құрылымдар экспорттық шектеулерді айналып өтуге тырысып, Германиядан жоғары технологиялы өнімдерді алуға әрекеттеніп отыр. Мұндай тауарлар қатарына жоғары дәлдіктегі станоктар, микроэлектроника, арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету, өлшеу және зертханалық жабдықтар, сондай-ақ бірқатар материалдар кіреді.

BfV дерегінше, бұл операцияларға кей жағдайда Ресейдің арнайы қызметтері де тартылып, түпкі пайдаланушы мен жеткізілімнің шынайы мақсатын жасыруға көмектеседі. Бұл жаппай қырып-жоятын қарулар мен оған қатысты технологиялардың таралу қаупін күшейтеді.

48 беттік талдауда дерек тек дайын жүйелер туралы емес, сондай-ақ оларды әзірлеу, жаңғырту және қолдану үшін қажет техника, материалдар мен ноу-хауға қол жеткізу мүмкіндігі жайында да айтылады. Бұған «екі мақсатты» (dual-use) тауарлар да жатады – олар азаматтық салада да, әскери салада да қолданылуы мүмкін. Мәселен, ядролық, биологиялық және химиялық қару жасауда, сондай-ақ зымырандар, дрондар және басқа да жеткізу құралдарын әзірлеуде пайдаланылуы ықтимал.

Ведомство бағалауынша, Германия бұл тұрғыда ерекше назарда тұр. Талдауда «Германиядан сатып алуға бағытталған шетелдік мемлекеттердің әрекеттері саны мен кәсіби деңгейі жоғары болып қалып отыр және өсуін жалғастыруда» деп көрсетілген. Бұған елдің жетекші индустриялық держава болуы, көптеген жоғары технологиялы компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттері бар ірі ғылыми орталық ретіндегі орны себеп.

Қажетті технологияларды алу үшін  делдал немесе жалған компаниялар сатып алушы ретінде шығып, нақты алушыны жасырады. Сондай-ақ ЕО елдері немесе үшінші мемлекеттер арқылы «айналма жеткізілімдер» ұйымдастырылып, логистика әдейі шатастырылады.

Талдауда нақты мысалдар да келтірілген. 2025 жылдың қыркүйегінде Франкфурт-Майн сотына қырғыз-ресейлік кәсіпкер шақырылып, оның Ресей үшін әскери мақсаттағы тауарларды сатып алу бойынша халықаралық желіге қатысы бар деген күдік қаралған. Сол айда Гамбург соты тағы бір кәсіпкерді Ресейге қарсы санкцияларды бұзғаны үшін төрт жарым жылға бас бостандығынан айырған. Сот мәліметінше, ол 2022 жылдың қарашасынан 2024 жылдың ақпанына дейін Ресейге 850 мың еуродан астам сомаға электронды компоненттер жеткізген, ал төлемдер мен логистика негізінен Гонконг арқылы жүргізілген.

BfV Ресейдің ядролық, химиялық және биологиялық қарулардың ірі арсеналына ие екенін де атап өтеді. Ведомствоның бағалауынша, Ресей әлемдегі ең үлкен ядролық арсеналға ие.

Сонымен бірге арнайы қызмет назарды тек Ресейге ғана аудармауға шақырып, жаппай қырып-жоятын қарулардың таралуы тұрғысынан «қауіпті мемлекеттер» қатарына Қытай, Иран, Пәкістан және Солтүстік Кореяны да қосады. Талдауда бұл елдердің әскери технологияларды белсенді дамытып, шетелден технология мен ноу-хау алудың түрлі жолдарына жүгініп отырғаны айтылған.