Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:36, 01 Қыркүйек 2022

«Сойыларда серкелер, тұяғынан серпілер!»

None
None

Көкірегі ояу, көзі қарақты сөз қадірін білер оқырман болсаңыз, қазіргі баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде кейде ғибратты өнегелі тақырыптар жиі көтеріліп жатады.

Жақсы сөз білгенге маржан сияқты өткенде бір басылымда: «Екі көрші ортақ жер үшін араздасып өзара: «Менікі!, Менікі!» –  деп таласып жатқандағы әңгіменің түйіні: сонда жерден «Екеуіңде мені кісіңдер!» деген дауыс шығуымен аяқталады екен.

          Осы қысқа ғана ой салар әңгіменің негізгі қағидасы болған: «Жер»  демекші, осыдан ғасыр бұрын Алаш арыстары елі мен жері үшін шырылдап сол заманғы жаңа құрылып жатқан Кеңестік үкіметке өзіндік дербестік ел екендігімізді ұғындырып «Жер артында Тіл тұр!» деген ескертулерінің өзі өткен тарихымыздан қалған құнды мәліметтердің бірі деп санаймын.

          Ал енді осы ел мен жер жайлы ойымды бүгінгі күнімізбен салыстыра айта кетсем: Ел тәуелсіздігінің 30 жылында қалыптасқан жүйеге наразы жұртты. Биылғы «Қаңтар қасіретіне» алып келіп, ел билігіне саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар еңгізілуіне бүкіл халықтық референдум да болып өтті.

          Орын алып отырған осы саяси реформалардың басы алдымен, елдегі билік партиясының атауы өзгертілуімен қатар, негізінде мемлекет қаржысымен қаржыландырылып отырған қоғамдық Қазақстан Халқы Ассамблеясы сенат құзыретіне беріліп, ел президентінен бастап, енді барлық әкімдердің партияға төрағалығынан босатып, жалпы сайлауларға қатысты бұдан былай халық қалаулысы атанып отырған кез келген депутат енді халыққа берген уәделерін орындамаған жағдайда оларды мерзімінен бұрын кері шақыртылып алынатын заң өз күшіне еніп отыр.

Сонда да «Сезіктенген бұрын секірер!» – дегендей «қуыршақ» атанған Ассамблеясы арқасында, мемлекеттік тілді қажетсінбеген Зәкіржан Кузиев деген мырза түнеугүні парламент жазғы демалысына кетер алдында аяқасты парламент мәжілісінің су жаңа депутаты атанып үлгерді. Бұлай деуіме айтар уәжім мен бар дәлелім: депутат атанып отырған бұл шіркіннің өзі ірі кәсіпкер, «Нұр Отаннан» – «Аманатты» арқалаған партия мүшесі ретінде оның бір басына жекеменшігіне рәсімделеген 500 гектар жері мен Жаркент қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектеп жанының 2013 жылы ортаға зиянды қалдықтар бөлінетін болғандықтан, амалсыз көшіріліп жабылып қалған 3 (үш) гектарлық кәсіпорын орнын мақсатты жағдайда мектеп салуға мемлекет меншігіне қайтарылуы жайлы заң бар екенін ол өзі біле ме екен?

          Осындайда бар ғұмырын аудандық бір газетке арнап, енді зейнетке шығар шағында өмірден озған Жетісудың белгілі айтыскер ақыны Есенқұл Жақыпбековтың айтқан: «Қай дөкейдің дәуірі туды екен деп, «көтен» аңдып өтеміз бе өле өлгенше?» – деген сөзі еріксіз еске түседі.

Осы ретпен ашығын айтсақ: «Іштен шыққан жау жаман» демекші, егемен Тәуелсіздіктің 30 жылында қоғамды жемқорлық деген індет жайлады. Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан бүкіл елдің бар байлығының жартысы 162 адамның уысында кетті. Өкініштісі, сол дүниенің бәрін адам болам дегендер емес, «құдай болам» дегендер бүлдіруде. Әсілі әділетсіздік пен заңсыздық есіктен сығаласа әдептің түндіктен қашатын қолы ұзындармен «қоразы» жұмыртқалайтын заман тап келеді. Өйткені еліміздегі қаржылық олигархиялық шағын ғана топ шалқып өмір сүруін қоймай, мемлекеттің ішкі кадрлық ісіне араласып, халықты жекеменшігі сияқты көре бастады.

 Шектен шыққан мұндайда: халық алдауға шыдайтын шығар, бірақ қорлыққа шыдамас!..

Осындайда ойшыл шығыс данышпаны Конфуций: «Қоғамда кетік пайда болса, ол жабылмағанша ілгері жылжу болмайды, көпшілік қарағайға  қарсы біткен бұтақты көре тұра, дер кезінде шауып тастамаса, кейіннен одан опық жейді» – деп кесіп айтқан екен.

Енді біз «еститін мемлекет» әділетті жаңарған Қазақстанды бірге құрамыз деп отырған екінші президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан көп үміт күтеміз. Мемлекет басшысы ретінде ол өз сөзінде: «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса елімізді орнықты дамыту ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Десе де бұл бастама ғана, саяси реформа әлі де жалғаса береді» делінген.

Мүмкін осы күзде жаңарған Қазақстан құруда айтылған сыннан қорытынды шығаруға тиіс. Үкіметтен бастау алып, өзгерістердің парламент қабырғасында отырғандарды да айналып өтпесі анық. Шамасы аз шыдауға тура келетіндей. Ел ішінде осылай шындықты бүкпесіз ашық айтарымыз барда: наным, сенім, үміт үзілмесін делік. Болашағың бұлыңғыр десе де  ертеңгі күндерімізге көптеген жоспар құрып жатқанымыз – батылдық деп білемін.

Шын мәнінде Отанға деген шынайы махаббат үлгісін көрсетіп, өткенімізден өнеге аларлық екінші дүниежүзілік соғысындағы асқан ерлігі ескерілмесе де «Отқа түс! Отан  – оттан ыстық, күймейсің» деген Бауыржан Момышұлы мен Кеңес одағы кезінде Қазақ жерлерін тың жерлерді игеруді сылтауратып «Одаққа» бөліп бермек болған ойларына қайсарлықпен қарсы тұрып тайталасқан Жұмабек Тәшеновтей есіл ерлеріміздің аттары бүгінгі ұрпақтар алдында мәңгілікке қала бермек!». Қазақта ондай азаматтар әлі де туылар.

Осылайша баспасөз беттеріне беріп отырған бұл мақаламды бәрі болмаса да, біреуі оқыр, мүмкін президентіміздің де көзі шолып қалар. Оқығандары болса, көңіліне тоқыр деген ойдамын.

Айтар сөзімнің соңын «Сабыр түбі сары алтын!» деген. Қазағыма сәті түсер күндері көп болсын деген ниетпен ойымды аяқтағым келеді.

Тегтер: