Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 25 Қыркүйек 2024

Соқпақбаевтың Қостөбесі

1
Фото: ашық дереккөз

Қостөбе! Текес өзені ирелеңдеп барып дәл Қостөбенің іргесіне таяғанда қайтадан бетін жазыққа түзеп аға жөнеледі. Ал ұлы таудың сілемінен бүйректей болып бөлініп шыққан Қостөбе шұбалып аққан Текеске қарап қаздиып тұр. Осы Қостөбенің бауырында Текестің шығысында Қостөбе деп аталатын ауыл бар.

Бұл жазушы Б.Соқпақбаевтың Қостөбесі! Ол осы шекараның дәл түбіндегі, үркердей ауыл Қостөбені менің Қостөбем деп тебірене жазады. Ал белгілі Іле өзенінің басы, көкшіл жіптей тартылған жіңішке өзен Текесті менің Текесім деді. Дәл осы «Менің Қостөбем», «Менің Текесім» дейтін жантебірентерлік сезім жазушыны сізге жақындастыра түседі. Б.Соқпақбаевты оқып отырып сіз де «Менің Қостөбем», «Менің Текесім» деп күбірлеп айта бастайсыз. Әсіресе «Балалық шаққа саяхатты» оқығанда балалық шағыңыз Текестің бойында, Қостөбенің баурайында өткендей күй кешесіз. Ал Қостөбенің топырағын басқаныңызда жаныңызда жатталған әлгі үзік-үзік суреттер көз алдыңыздан шұбырып өтеді. Тіпті балалық шағыңыз қалған Көстөбеңізге, Текестің бойына келгендей алабұртасыз. Мұнда бәрі таныс. Әне «Текестің күнгей-шығыс бетінде біреуіне біреуі жалғаса біткен екі қырат төбе тұр. Қостөбе деген сөз содан шыққан». Ал Қостөбенің іргесінде шекара күзететін қалашық бар, ол да бұлдырап, алыстан көрініп тұр. Енді көзіңізді Қостөбенің бауырына қарай қадаңыз. Текес батар күннің сәулесіне жонын қақтап, жылт-жылт етіп, жөңкіліп ағып жатыр. Мұның бәрі сіздің санаңызда әбден жатталған көріністер. Қостөбеге табаныңыз тигенде көңіл түкпіріне жан бітіп, тіріліп жатыр. Енді қайтадан әлгі үзік-үзік суреттер оралады ойыңызға. Әуелі жайлау үстінде ойынға айналып қалып, шешем тастап кетті екен деп түйелі кісілердің соңынан жанұшыра жүгірген кішкентай баланың бейнесі көз алдыңызға келеді. Алғаш оқыған кезіңіз анық есіңізде, шынымен де баланы шешесі ұмытып кетті екен деп сіздің де жаныңыз шығады. Сосын баланың Киікбай ауылындағы немере әпкесінің үйіне барып қарма нан жейтін кезі есіңізге түседі. Баласынан көз жазып қалған шешесі Текесті жағалап, ұлын іздеп жанұшырады. Ақыры қамсыз қарма жеп отырған баласын келіп, бас салады. Бұл жолы шешеңізден сәл қысыласыз (Байқайсыз ба, шығармаға дендеп кіргеніңіз соншалық, бұл кезде баласын іздеп Текес жағалап жүгірген шеше сіздің де шешеңізге айналып үлгерген-ді). Осындай ойдың құшағында тербеліп тұрғанымызда ауыл тұрғынының сөзі ойымызды бөлді:

– Сүмбе мұнан қатты ұзақ емес – деді. Иегімен алдыңғы жақты нұсқап. Қайтадан ойдың шырмауына түстік. Сүмбе! Иә, бұл да бізге етене таныс. Әжесіне ерген немересі нағашысының үйіне келе жатыр. Бала жолай тау басындағы қарға қызыға қарайды, оның не екенін әжесінен сұрайды, әжесі қар дейді, бала бұған қызығады. Жаздыгүні қар қалай еріп кетпейді деп таңданады. Сосын «...Саржазықтың бетінде темір пештің қызуына ұқсаған жалындаған ғажайып бір толқын байқалады». Бала әжесінен бұл не деп сұрайды. Әжесі сағым дейді. Бала оның қасына барып, қолмен ұстағысы келеді. Әжесі немересінің қиялына сүйсіне, күледі. Бұдан соң да әлгі бала сіздің көкірегіңізде тынымсыз ойнақ салады. Бірде – кемпірқосақты қуалап жүгіреді. Енді бірде – шырылдауық шегірткені қызықтап, қуалайды. Әйтеуір тынымсыз ерке, тентек мінез.

– Бұрын Қостөбе үлкен ауыл еді. 200 шақты отбасы тұратын. 1996 жылы аудан тарады. Бізді Кегенге қосты. Сөйтіп ауылда жұмыс азайды, адамдар жан бағудың жолын іздеп, жан-жаққа ағылды, көбісі Алматыға кетті. Бізде біраз жыл қала жағалап, жұмыс істедік, ақыры ауылды жөн көріп, осында қайтып келдік. Негізгі тіршілігіміз – мал бағамыз, егін саламыз. Қазір мұнда жиырмадай ғана үй қалды – деді.

Енді қиялымызды шумақтап жинап, Қостөбенің қазіргі тұрғынының әңгімесіне құлақ түрдік.

– Бердібек атамыз осы ауылда туып-өсті. Балалық шағы осында, Қостөбенің бауырында, Текестің жағасында өтті. Осындағы бес сыныптық мектепте оқыды. «Анау, әне Қостөбе» – деді. Батар күннің сарғыш нұрына боялған Қостөбені нұсқап. Сосын: – «Ал анау тұста» – деді. Ауылдың қиыс аяқ жағын меңзеп: «Бердібек атамыз бала кезінде балық аулаған өзен бар. Балалар қазір де сонда барып балық аулайды», – деді.

Біз бұл кезде ауылдағы бес сыныптық мектептің алдында тұрғанбыз. Әңгіме енді соған қарай ауды:

– Қазір бала аз. Жиырма шақты ғана. Бесінші сыныптан соң Нарынқолға барып-келіп оқиды, – деді. Осы кезде атқа мінген бір топ ауыл балалары көшенің шаңын көтеріп, желдіртіп келіп қасымызға тоқтады. Бәрі жамырап амандасты. Жаз бойы күнге күйген, жүздері тотыққан, ауыл көшесін шаңдатып, ат құлағында ойнап, асыр салып жүрген Қостөбенің балалары да жылышұрады. Өздері біз қызығып, құнығып, жастанып оқыған Соқпақбаев кітаптарының арасынан шыға келгендей, боямасыз, шынайы.

Ауылдан ұзап барамыз. Артымызда бұлдырап Қостөбе қалды, біресе оң жағымызға шығып, енді бірде сол жағымызға шығып, еркелей аққан Текес едәуір жерге дейін бізге ілесіп келді де, бір кезде жалт бұрылып, кері ақты.

Алда Нарынқол. Онда жазушының 100 жылдық мерейтойына орай кешеден бері ұлы дүбір той өтіп жатыр. Біз арагідік бос уақытта жазушының туған ауылы Қостөбесіне әдейілеп атбасын бұрған едік.

Қыркүйектің 20-21 күндері Алматы облысы Райымбек ауданында жазушының 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бірінші күні жиынның ашылу салтанаты, сахналық қойылым, ақындар айтысы болды. Ал келесі күні түске дейін Нарынқолдағы орталық саябаққа орнатылған жазушының еңселі ескерткішінің ашылу рәсімі өтті. Осы мерейтойдағы үлкен олжаның бірі – жазушының ескерткіші дер едік. Биік тұғырға тұрғызылған еңселі ескерткіш Соқпақбаевтың тірі бейнесіндей жанды. Сыртқы тұрқы, түр-тұлғасы, бет пішін ғана емес, тік кеудесінен, ойлы пішінінен қаламгердің ішкі жан дүниесі де айқын сезіліп тұр. Саябақтың да айналасы жақсы абаттанған, балалар ойнайтын алаң, қыдырыстап жүретін соқпақ жолдар және демалып отыратын орындықтар. Кешкісін тұрғындар осында келіп балаларын ойнатып, өздері бел жазып қыдырып, арасында жазушы ескерткішін қара тартып шүйіркелесіп, орындықтарда отырса қандай ғанибет! Дүркіреп өткен қаламгер тойынан халыққа қалған тобықтай сый осы болмай ма?

Жазушының тойы екінші күні кешкісін аламан бәйгемен түйінделді. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктер Сарыжаздың жазығының шаңын қағып, үздік-создық мәреге жетіп жатты. Аздан соң бәйге алаңынан оңашалау жерге тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің маңынан адам аяғы сирей бастады. Күн батып, кеш кірді. Екі күн тікесінен тік тұрып, сыйлы қонақтарға қалтқысыз қызмет еткен облыс, аудан халқы үйлерін жығып, той соңын жиыстыруға қамдана бастады. Сарыжаздан тізіліп шыққан нөпір көлік Кегенді, одан ары Алматыны бетке алып, жолға шықты. Кешеден бері ән мен күйге, дулы мерекеге құлағы тұнған Нарынқол, Сарыжаз түннің тыныш құшағына маужырап еніп барады. Сөйтіп Соқпақбаевтың тойы да тарих қойнауына енді. Енді шырқалған ән, шертілген күй, сөйленген сөз, кекілін жел тарап, бәйгеден келген жүйрік туралы әңгіме біразға дейін ел ішінде айтылып жүрері анық. Ал біздің санамызда жазушы Дулат Исабековтің: «Біз әдетте «адам о дүниеге ештеңе алып кетпейді» деп айтамыз. Бұл негізінен материалдық тұрғыдан айтылса керек. Шынымен де қайтыс болған кісінің соңында кең сарайы, көлігі, дүние мүлкі қалады. Ал рухани тұрғыдан мүлде басқаша. Мысалы, Бердібек өзімен бірге қаншама жазбаған дүниесін ала кетті. Егер ұзағырақ жасаса, тәуелсіздіктен кейін тағы да жазар ма еді? Кім білсін? Меніңше, Бердібектің ертерек қайтыс болуы ұлт әдебиетінің үлкен жоғалтуы болды.

Бердібектің бір мінезі жұрт не айтып жатса да мыңқ етпейтін. Тіпті өзін орынсыз сынаса да үндемей жүре беретін. Сөйтсек, оны кейін түсіндік. Жамандыққа жауап қайтаратын болсаң, ол жалғаса береді екен. Жамандықтың өлетін бір-ақ жері – жақсылардың кеудесі. Бекеңнің кеудесі жамандықтың моласы сияқты еді. Ол жамандықтың бәрін үнсіз жұтып, ішінде өлтіретін» деген сөзі әлі санамызда жаңғырып тұр.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ