Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:04, 26 Қазан 2023

«Сол баяғы жаттанды шаблон» : Саясат Нұрбек субтитрға ақша шашып жүр

41
Фото: из открытых источников

Coursera – Стэнфорд университеті 2012 жылы жасап шығарған жаһандық платформа. 

Қазіргі таңда бұл платформамен әлемнің алдыңғы қатарлы деген 185 университеті серіктестік орнатқан. Ал қолданушылар саны 124 миллионнан асып жығылады. Білім-ғылымның барлық саласын қамтитын Coursera-ның каталогында 10 мыңға жуық курс бар. Оның дені ағылшын тілінде екені айтпаса да белгілі. Материалдардың мазмұны мен форматы болса дәстүрлі оқу үрдісіне ұқсас. Лекциялар бейне және мәтін түрінде жүктеледі. Оған қоса үй тапсырмалары мен тесттер, мерзімді емтихандар бар.

Coursera-да тегін курстар жетеді. Дегенмен таңдалған бағыт бойынша барлық модульді меңгеріп, курсты толық аяқтап, ресми сертификат аламын десеңіз, ақылы қызметке жүгінуге тура келеді. Қысқа курстар 10 доллардан басталса, 2-4 жылға дейін созылатын толыққанды бағдарламалардың бағасы 9 мың долларға дейін. Алатын біліміңіз бен қолыңызға түсетін сертификаттың қайда, қалай пайдасы тиеріне ешкім кепілдік бере алмайды. Десек те, ізденіс пен білім алудың жаңа тәсілі танымалдылыққа ие болып отыр.

Әлемдік білім беру үрдісіндегі тенденциялардан қалмайық деп осы жылы ғылым және жоғары білім министрлігі «Coursera қазақ тілінде» жобасын бастады. Жоба бойынша арнайы таңдалған 654 курс қазақ тіліне аударылады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда 50 сабақ аударылып, платформаға салынды. Тағы 50 сабақтың материалдары жүктеуге дайын тұрған көрінеді. Осы 100 сабақ «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен пилоттық жоба ретінде әзірленген. Қордың 2022 жылғы есептерін ақтарып отырып, аталған «Coursera қазақ тілінде» жобасына 2 млрд 460 млн теңге бөлінгенін анықтадық. Көріп отырғандарыңыздай, пилоттық жоба үшін (100 сабақ!) аз сома емес. Әр сабақ үшін 24 600 000 мың теңге... Ал ендігіде бұл пилоттық емес, толыққанды жоба ретінде мемлекеттен қаржыландырылмақ.

Жақсы, жоба жасалды, қаржы бөлінді. Енді оның қолданысы мен нәтижесі қалай болып жатыр? Жаңағы 100 сабақ пен 19 300 студентке шақталған тегін «доступ» еліміздегі 25 өңірлік жоғары оқу орнына үлестірілген. Бұл «доступтың» әрбірі ақшаға келгені айдан анық. Алайда министрлік нақты соманы айтпаған, көрсетпеген, үнсіз. Ал оқытушыларға арналған платформаға тегін кіру мүмкіндігі әр адам басына 10 доллардан сатып алыныпты. Мұны министр Саясат Нұрбек мақтанышпен мәлімдеген. Оның сөзінше, жақын жылдары тегін мүмкіндік алатын студенттердің санын 100 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Енді, 20 мыңға жетер-жетпес орын мен 100 ғана сабақтың өзіне 2,4 млрд кетсе, 100 мың орын мен 654 сабаққа қанша қаражат қажет болатынын есептей беріңіз.

Осыншама шығындалатындай жоба ма бұл? Оқытушылар мен студенттер Coursera-ны оқығаннан қандай мәселе шешіліп жатыр? Ең алдымен құжат тұрғысынан алып қарайық. Coursera-да өткен курсың мен алған сертификатыңды оқу орны немесе жұмыс беруші ескере ме? Министрліктің мәліметінше, мұндай сертификатты есепке ала ма, жоқ па, ЖОО-лар білім бағдарламасы мен академиялық күнтізбеге сәйкестігіне қарап өздері шешеді. Негізінен, жоспар бойынша, университет оқу бағдарламасы мен міндетті кредиттерді ескере отырып бірнеше курстың топтамасын бекітеді. Ал студент оны онлайн платформада оқып, семестрлік білімді сонда ала алады. Осылайша, болашақта оқу ғимараттарындағы орын тапшылығы мәселесін ішінара шешуге талпыныс жасалып жатыр. Алайда жұмыс берушінің мұндай әртүрлі сертификаттарды ескеріп, соның салмағына қарай шешім шығаруы екіталай. Бұл бір делік. Екіншіден, жобаның басты мақсаттарының бірі – қазақ тілінің қолданысын кеңейтіп, ана тіліндегі ғылыми-цифрлық контент жасау. Бір естіген құлаққа концепция дұрыс секілді. Дегенмен айту бөлек, іске асыру бөлек. Іс жүзінде курс ағылшынша сайрап тұр, қазақшалағандары субтитр ғана. Және әр сабақтан соң берілетін қысқаша дәріс пен тесттер аударылған. Оның өзін жасанды интеллектің көмегімен жүзеге асырып отырған министрлік қалайша бұл жоба «қазақ тілін дамытуға бағытталған» деп айтып отыр?

Осының бәріне қарамастан, бұл жемісті жоба, қажетті жоба деген дүние көп айтылып жатыр. Мәселен, Coursera-ның Қазақстандағы жергілікті ресми серіктесі, платформаның техникалық мәселелерімен шұғылданатын BMG Upskill компаниясының деректеріне сүйенсек, дәл қазір платформаның 20 700 тіркелушісі бар, 52 000 курс оқылған, 32 000 адам сертификат алған. Мұның өзі басталғанына бір жыл да болмаған жоба расымен сұранысқа ие деген әсер қалдырмай қоймайды. Бұл мәліметтермен бірге ресми сайтқа курсты оқып жатқан студенттердің пікірлері жарияланыпты. Қарап отырсақ, «әдемі, күшті, даму, мүмкіндік» деген ұранды сөздерден басқа ештеңе жоқ. Шын мәнінде осылай ма? Оны анықтау үшін бірқатар студенттермен тілдесіп, сауалнама жасадық. Ең қызығы студенттердің көпшілігі мұндай бағдарламаның бар екенінен де бейхабар болып шықты. Демек, университет білімгерлері Coursera-дан курс оқуға мүмкіндік болғанын білмеген де. Іздеу салып отырып, сертификаты бар студенттерді таптық та, сұрақтарымызды қойдық. ТарМУ-дың 4 курс студенті Айдана Рахымның (аты-жөні өзгертілді) айтуынша, олардың білім бағдарламасындағы «Кәсіпкерлік іс» пәнінің оқытушысы мен куратор-эдвайзер студенттерді Coursera-дағы «Кәсіпкерлік: кәсіптің негізін қалау» курсынан өтуге мәжбүрлеген.

– Курстың шаблоны – сол баяғы жаттанды шаблон. Дәрістерді оқисың, тестілеуден өтіп, содан соң сертификат аласың. Университет бізге тегін кіруге арналған логин берді. Ал оқытушылар осы сертификатты алуға міндеттеп, қайта-қайта талап етті. Бізге бір семестр уақыт барын айтты. Негізі бейнесабақты қарамай-ақ, лекцияны оқып, тест тапсыра беруге болады. Сабақпен таныстым деген батырманы бассаң тест шыға келеді. Ол емтиханды қатарынан екі-үш рет тапсыра аласың. Бірінші тапсырғанда қателеріңді қарап, екіншісінде дұрыстап белгілеуге болады. Осылайша, ақпаратты меңгермегендер де тесттен оңай өтіп кетеді. Сабақтан қалмай барып жүрдік, оған қосып бір семестр онлайн оқуды жүктеді. Біз не үшін керек екенін түсінбесек те орындап беруге тура келді, – дейді Айдана.

Осы сарындас пікірді бірнеше студенттен естідік. Яғни Coursera да білім жүйесіндегі басқа бағдарламалар секілді өзінің негізгі функциясын орындап отырған жоқ. Жай ғана қағаздағы статистиканы толықтыру үшін, «айтты-орындадық» деген сипатта өтіп жатыр. Ал негізі, жоба студенттерге таныстырылып, тақырыптар түсіндіріліп, сосын қызығушылығы бар балалар оқуы керек курс еді ғой бұл. Олай дейтін себебіміз, ден қойып, ішіне кіріп оқыған адамға бұл платформа расымен де пайдалы болар еді. Осы орайда, Coursera-ның ақылы қызметін пайдаланып, бірнеше курсына ағылшынша оқыған оқытушы Айбек Шегебай былай дейді:

– Университет мұғалімдеріне платформаға тегін кіруге мүмкіндік берілді. 10 доллардан алдық деп жүргендері сол болса керек. Бірақ ондағы лимит бір ғана курстан өтуге жетеді. Мәселен, курс бірнеше блоктан тұрса, соның бастапқылары ғана ашық болды. Ары қарай оқи алмайсың. Сондықтан мен ақылы нұсқаға көштім. Өйткені ағылшын деңгейі жақсы ізденімпаздарға берері көп екеніне көзім жетті. Ал қазақшаға аудару жағына келсек, субтитр қаншалықты тиімді нұсқа деген сұрақ туындайды. Курс деген аударып бере салатын кітап емес. Мен өзіме қызық болған соң жарты жылға 590 доллар төлеп отырмын. Алайда қызықпайтындар да бар. Бұл орайда оқытушылардың да, студенттердің де сұранысы ескерілгені дұрыс шығар. Себебі бәріне бір-бір курстан таратып беру жақсы нәтиже бере қоймайтыны анық. Мысалы, маған бір курс берді, ұнады, тағы оқиын десем мүмкіндігім біткен. Сосын сатып алдым. Ал тағы біреулерге қызық емес, олар платформаны тіпті ашпаған да. Яғни курс күйді де кетті. Міне, осыған қарап түсінуіміз керек, қызығушылыққа қарамай, теңдей бөле салу – мәнсіз, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген сол ғой... Ақшаны игеру керек деп бәріне сертификат міндеттейді. Ал тестті қайталап өтіп-ақ қажетті балды алуға болатынын министрлікте отырғандардың ешбірі білмей ме? Бұлай ұранмен, жай қағазбен жұмыс істейтін болсақ, ештеңе де өнбейді. Қажеттіліктер ескерілуі керек, – дейді оқытушы.

Баян Мұратбекқызы