Солайы солай...
Ресейлік «МИГ России» дейтін ірі Telegram каналының авторларының пікірінше, Тоқаев Қазақстанды «дені дұрыс, озық, демократиялық мемлекетке» айналдырып жатыр.
Қыркүйекте жұрт Тоқаевтың жолдауын талқылауға жарыса кіріскенде, көптеген сарапшылар «Қазақстан демократиялануға бет бұрды» дей бастаған кезде Қазақстандағы оқиғаларға үнемі көзін тігіп отыратын ресейлік саясаткер Роман Юнеман мұнымен келіспейтінін жазған.
Ол әлі де солай ойлайды екен. Қазақстанда шынайы революция болған жоқ дейді ол.
– Қазақстанда болып жатқан қазіргі өзгерістер – косметикалық өзгерістер. Елбасы туралы заң жойылса, бұл тек оның отбасының активтеріне қатысты. Экс-президент мәртебесі қала береді екен. Ендеше, оған әлі де еш тиісуге болмайды. Қазақстанда шынымен де біршама еркіндік пайда болды, жаңа партиялар тіркеліп жатыр, бірақ мұны нағыз демократияландыру демес едім. Биліктегі партияның атауын өзгертті, бірақ одан мәні өзгермеді. ҰҚК-нің қолындағы билігі азаятыны түсінікті, бұл да сөзсіз, оң өзгеріс.
Дегенмен Қазақстандағы қазіргі үрдістер өзінің формасымен баяғы Медведевтің либерализациясына қатты ұқсайды. Одан кейін Ресей демократиялану жолына түсті ме?
Жалпы, қазір Қазақстанның алдында тұрған басты тәуекел демократиялану емес. Қазақстанның алдында басқа міндет тұр, экономикалық мақсат. Экспорт құрылымын күрделендіру керек. Қазір Қазақстан экспортының жартысынан астамы – мұнай. Ел бюджетінің үштен екі бөлігі мұнай сатудан түсетін ақшаға тәуелді. Ресей бюджеті дәл бұлай мұнайға тәуелді емес.
Егер Қазақстан экспорт түрін көбейтіп, мұнайды басқа бір технологиялық жағынан жоғары нәрсемен алмастыра алса, онда әлеуметтік теңсіздік мәселесін шеше алар еді. Елдегі байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың шектен шығып кеткені туралы Тоқаевтың өзі айтып еді. Оған елдегі баршаға белгілі сыбайлас жемқорлық келіп қосылып, арты қаңтар оқиғасына әкелді. Елде тағы да толқыныстар болса, оған дәл осы әлеуметтік-экономикалық себептер әкеледі.
Әрине, қазақстандықтар халықтың табысы өскенін күтіп отыр. Мұны ұлттық қордан халыққа ақша таратып берумен қысқа мерзімдік уақытқа жүзеге асыруға болады. Бірақ мәселені ұзақ мерзімге шешу үшін тек қана экспортты күрделендіру керек. Тоқаев экономиканы модернизациялау туралы айтып жүргенімен, мен бұл бағыттағы пәлендей маңызды қадамдарды әзірге көріп отырған жоқпын.
Бір кездері ресейлік оппозиционерлер «әне, грузиндер демократия жасай алды» деп, оларды посткеңестік өзге елдерге мысал етуге құмар еді. Грузиндер туралы ештеңе айта алмаймын, бірақ Қазақстанда демократия орнады деуге әлі анық ерте. Солай, – деп жазған екен саясаткер.