Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 24 Қазан 2024

Солдат саудасы. Путин мен Ким Чен Ын қатынасының жаңа дәуірі

Путин мен Ким Чен Ын
Фото: ИЗВЕСТИЯ/Павел Волков

Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО жеңісінің басты кілті – адам ресурсы болды. Сталин соғыстың алғашқы қиындығын миллиондаған адамның өмірімен еңсерді.

 Мәскеуге таяп келген неміс солдаттары алдында тау боп үйілген КСРО солдаттарының өлігінен асып өте алмай қалды...

Бұл біздің ауыз «Ұлы отан соғысы» деп үйреніп кеткен қан қасап туралы зерттеулерде айтылатын бір фактор. Путин Украинамен соғыста Сталиннің осы бір тәсілі – басқа мүмкіндік болмаса қолда бар барлық ресурсты пайдаланып көруге бел буған сияқты. Бұл түрмедегілерді мәжбүрлеп соғысқа жібере бастағанда-ақ белгілі болған. Бұл Иран мен Солтүстік Кореядан қару-жарақ алып, пайдалана бастағанда және қаншама жанама әрі фактілі дәлелдерге қарамастан, «полная чушь» деп бет бақтырмағанда-ақ белгілі болған. Енді ол бүкіл әлемнің көзін бақырайтып қойып, Солтүстік Кореядан адам сатып алуға кіріскен сыңайлы. Иә, адам сатып алуға. Солдат саудасы.

Бұл сауда Ресейге не үшін керек?

Путин 2022 жылдың күзінде жариялаған мобилизация кезіндегі хаосты әлі ұмыта қойған жоқ. Кедендік бекеттердегі шақырымдарға созылған кезек, шетелдерді басып қалған орыстар, Ресейдің ірі қалаларындағы наразылықтар... Ресей президенті оған дейін де мобилизациядан барынша қашып баққан, тіпті, мобилизация болмайды деп уәде де берген. Бірақ ақыры майдандағы жағдай соған мәжбүрлеп тынды. Осы күні әлемдік БАҚ та, ресейлік түрлі ақпарат көздері де мобилизацияның әлі күнге астыртын жалғасып келе жатқанын жиі жазады. Өз сарбазын өзі сүйреп, соғысқа апара алмай отырған Путинге Ким Чен Ынның солдаттары осындай тағы бір шудан қашуға мүмкіндік береді. Сонау 70-80 жылдары Африканың бірнеше еліне «тәжірибе үйретіп» қайтқаны болмаса, нақты айбары қандай екенін дәлелдеп көрмеген, изоляциядағы елдің «белгісіз батырлары» соғысқа киліккенмен де соншалық «погода» жасай алмайды деп болжаушылар көп. Бірақ КХДР әскері Путиннің бар жыртығын жамап бермесе де, қарайып жүргенінің өзі дәтке қуат. Санкциядан көз ашпай, өзі де изоляцияның аз алдында тұрған Путинге дәл қазір ең алдымен өз ұлысының тыныштығы маңызды. Әлемнің «екінші армиясы» мен «төртінші армиясы» күш қосса алынбайтын жау бар ма!» дегенге де жақсы.

Қарны аш КХДР

Ким Чен Ын үшін адам құны олардың құқықтары сияқты – көк тиын. Оны әлемнің «төртінші армиясы» атандырған да осы адам ресурсы. 1,2-1,3 миллион әскері сапта тұр дейді. КХДР пропогандасына сенбейтін сарапшылар бұл көрсеткішті 650 мыңға дейін түсіріп тастайды. Әйелдеріне дейін әскерге баратын «сүйікті Ким Чен Ынның» сарбаздары қалай болғанда да аз емес. Ара-тұра ядролық қаруын айтып доңайбат көрсетіп, қару-жарағын сынатып, «видео-отчет» беріп тұратын КХДР басшысына мобилизация проблема емес. Иек қақса болды, берісі 4 млн, арысы 6,2 млн сарбаз сапта тұрады дейді. Оның сыртында тағы қаншама ерікті отрядтары бар.

Жұрттан аласталған Ким Чен Ынның қай уақта да қалтасы тесік, қарны аш. Сондықтан ол бұл соғыстың ұзаққа созылғанын қалайды. Аштық қысқанда террористерді қаруландырумен де айналысады делінетін КХДР армиясы үшін Путиннен түк тартса да олжа. Себебі Ресей өз әскеріне ай сайын 2 000 АҚШ долларын төлесе, кәріс сарбаздары соның жартысына да риза болады деп жазады DW (Deutsche Welle) сайты. Сеулдің Кукмин университетінің профессоры Андрей Ланьков екі тарап тек ақшамен ғана емес, айырбаспен де келісіп отыр дейді. Путин Ким Чен Ынға жаңа технология береді, ал Ким Чен Ын Путинге адам ғана емес, тағы қаншама қару-жарақ береді.

Қазір түрлі ақпарат көздері КХДР-ден Ресейге өткен солдаттардың қанша екенін санап бола алмай жатыр. Бұл туралы ең әуелі дабыл қаққан Оңтүстік Корея тарапы Ресейдің Қиыр Шығысында КХДР әскерінің бір тобы жеткізілгенін, мұнымен де тоқтамай, 12 мың кәріс солдатының Украинаға қарсы соғысқа аттанғалы жатқанын хабарлаған. Артынша мұны Батыс елдері де, Украина тарапы да іліп әкетті. Дегенмен бұл тараптағы негізгі дереккөз Оңтүстік Корея болып отыр. Украина барлау қызметінің басшысы Кирилл Буданов Солтүстік Кореяның 11 мыңдық әскері 1-қараша күні соғысқа дайын болатынын айтты. Алғашқы отряды 2 600 адам, олар Курск облысына жіберіледі деп нақтылады. Будановтың алғашқы отряд деп отырғаны Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігі айтып отырған Ресейдің Қиыр Шығысында шоғырланып үлгерген отряд болса керек.

Әлбетте, биыл жаздың басында ғана Путинмен қол алысқан, күздің басында Шойгуды күтіп алып, әскери әлеуетімен таныстырған Ким Чен Ынның бергенінен берері көп, алғанынан алары көп. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі өзінің сенімді дереккөздеріне сүйеніп, Украинаға қарсы әскер жөнелтуі мұнымен бітпейді, 200 000-ға дейін адам жіберуді жоспарлап отыр деген ақпарат таратты. Бұл – Солтүстік Корея соғыстың ресми қатысушысына айналады деген сөз. Ал бұл Украинаға қару-жарақ пен қаржылай көмек көрсетумен шектеліп отырған Батыс елдерін ойландыруы мүмкін.

Бұл жерде ең алдымен Солтүстік Кореяның соншама әскері келсе не істейді деген мәселеге назар аудару керек. BBC агенттігі бұл мәселеде бірнеше кедергіні айтады. Оның ең негізгісі – тілдік барьер. Екіншіден, Корея әскерінің тактикасы (Ресейден, КСРО-дан үйренген) ескірген, оны майдан даласында іске асырам деу ақылға қонымсыз. Ресейдің танк колонналарын Украина дрондармен қалай сабағанын біз де, Путин де ұмыта қойған жоқ, Ресей танктері Украина даласында сүйегі саудырап әлі жатыр. Сондықтан «төртінші армияның» соғыстағы міндеті қандай, орны қай жерде – әлі болжанып бітпей жатыр.

Путин КХДР сарбаздарын ең бір жанып тұрған қалың өрттің ішіне, «мясорубкаға» жіберу үшін пайдалануы мүмкін. Бұған Ким Чен Ын да онша қарсы бола қоймайды, себебі изоляцияда жатқан елдің басшысына азаматтарының сырттан түрлі ақпарат әкелуі онша тиімді емес деп жатқандар да бар. Рас, Солтүстік Корея азаматтарының бұған дейін де Ресей ормандарында арзан жұмыс күші ретінде жұмысқа жегілген. Бірақ олар да кісі аяғы жете бермейтін Қиыр Шығыстан бері аспаған. Сондықтан Ким Чен Ын әскерін дәл Еуропаның босағасынан қайтарып алуға құлықсыз болуы да мүмкін. Тағы бір болжам – КХДР сарбаздары ішінде дезертирлер шығып жатса да таңғалмаңыз. Себебі Ким Чен Ирдың кезінде шекара бұзып, шетелге қашқан солтүстіккореялықтар көптеу болатын, кіші Ким келгелі бұл көрсеткіш жоққа жақын. Режим бұрынғыдан да қыса түскен. Демек, олардың құны Ким Чен Ын алдында да, Путин алдында да сұраусыз. Бұл Путинге күні ертең адам шығынын жасырып қалуға да таптырмас мүмкіндік.

Адамы арзан Ким Чен Ынның қаруы да арзан

Солтүстік Кореяның адам ресурсы сияқты оның қаруы да Ресей үшін арзанға түспек. Тіпті салыстырмалы түрде алғанда Ресей өзінің қаруын құртқаннан гөрі КХДР-дың қаруын қолдануға бейіл екендігі де айтылып жатыр. Өйткені КХДР-ға «технология берем деп жүрген» Ресейдің өзі осы күні әлемдік санкциялардың зардабынан қару-жарақ жасауда қысылып қалды. Әрине, аузын қу шөппен сүртпеуі мүмкін, бірақ өзінің сапалы қаруын бұдан да жаман күнге сақтап қалуға тырысады. Тиісінше, оның орнына Солтүстік Кореяның сапасыз снарядтарын пайдалануды құп көреді. Сапасыз дейтіні, КХДР қанша күшенсе де заманауи қару жасай алмайды. Оның қаруының негізін баяғы КСРО, бүгінгі Ресейден қалған «ескінің көзі» құрайды. Рас, ішінара жаңалағандары, өңдегендері де жоқ емес. Бірақ бұл Ресей әскері үшін таныс та бейтаныс қару болып қала бермек. Ресей өзінен қалған бұл қаңсықты қайтпек дерсіз. Ресейге қазір Украина тарапына тыныштық бермеу маңызды. Белгілі бір келісімге (Ыстамбұлда қойған шартына) қол жеткізгенше, майдан даласындағы, тылдағы жағдайларын ретке келтіріп, қару-жарақ қоймаларын толтырып алғанша Ким Чен Ынның әскерін де, қаруын да әжетке жаратуға болады. Және дәл қазір оған мұндай арзан дүниені ешкім бермейді.

Ресейдің өзге елдерден қару-жарақ алып, соғысқа пайдаланып жатқаны бұған дейін де жазылды, айтылды. Мамырда АҚШ-тың барлау басқармасы (DIA) 3 млн артиллериялық снаряд жеткізгенін; Британия корольдік институты Ресейдің снаряд қоры Украинадан бес есе асып кеткенін, оның себебі Солтүстік Корея екенін айтты. Хвасонг-11/KH-23 баллистикалық ракеталарын тауып алған Украина тарапы да «изгойлардың» бұл әріптестігін өз пайдасына жаратып қалуға тырысуда. Қазірдің өзінде Батысты көмек пакетін беруде бұрынғыдан да белсенді болуға шақырып жатыр.

Жалпы, Ресей-Украина соғысына Солтүстік Корея әскері де кіретіні туралы айтылып жүргелі бір жылдан асты. Осы күнге дейін Путин бастап, ұсақ шенеуніктеріне дейін жоққа шығарып келген Солтүстік Кореяны соғысқа тарту мәселесі шешіліп болған сыңайлы. Рас, Мәскеу де, Пхеньян да бұған қатысты ештеңе айтпайды. Айтса да үзілді-кесілді жоққа шығарып жүр. Тіпті қазанның басында Солтүстік Кореяның алты офицері Донбаста қаза болды дегенде де үнсіз қалған. Тек бірлі-жарым ақпарат көздері бұл жай ғана тәжірибе алмасу үшін келгендер деген мәлімет таратты.

Кеше ғана НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте мәлімдеме жасап, әзірге нақты ақпаратты Оңтүстік Кореядан күтіп отырғанын, келесі аптада бәрі белгілі болатынын айта келіп, егер КХДР әскері Украинаға қарсы соғысқа кіріскені расталса, бұл соғыс аймағының кеңеюі (эскалация) деген сөз деді. Ал Оңтүстік Корея Украинаға тікелей көмек көрсетіп, әскери кеңесшілерін жіберу мәселесін қарастырып жатыр. Олар Ким Чен Ын сарбаздарының тактикасын үйретіп, тұтқынға түскен КХДР сарбаздарын тергеуге көмектесеміз деп отыр.

Қалай болғанда да, Солтүстік Кореяның Ресейге қару-жарақ қана емес, адам – әскер беруі Украина-Ресей соғысын мүлде басқа деңгейге көтерер түрі бар. Ал Батыста қару (адам) алған Ресейге де, қару (адам) берген Иран мен Солтүстік Кореяға жаңа санкция пакеттері әзірленіп жатқаны айтылады.

Алмас НҮСІП