Соловьёв Қазақстан және Орталық Азия елдеріне «арнайы операция» жүргізу керек деген сөзінен кейін эфирден жоғалып кетті
Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв соңғы күндері әдеттегі эфирлерден көрінбей қалды.
"Вечер с Владимиром Соловьёвым" бағдарламасының орнына Россия-1 арнасында сериал көрсетіліп жатыр, ал оның «Комсомольская правда» радиосындағы таңғы эфирлерін басқа журналистер жүргізуде.
Осы жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, Соловьёвті экраннан әдейі алып тастады ма деген сауал туғызды.
Кадрлық шешім және Кремль факторы
Ресейлік бірқатар БАҚ жүргізушінің жұмыстан босатылуы мүмкін екені расымен де талқыланғанын жазады. Алайда бұл шешім іске аспаған. Деректерге сүйенсек, ықтимал кадрлық өзгерісті РФ президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов тоқтатқан.
Даудың себебі неде?
Шу тудырған басты себеп — Соловьёвтің эфирдегі резонансты мәлімдемелері. Ол Арменияда және Орталық Азия елдерінде «арнайы операция» жүргізу ықтималдығын айтып, Орталық Азияны «біздің аймақ» деп атады. Жүргізушінің айтуынша, Армениядан айырылу мен Орта Азиядағы тұрақсыздық Ресей үшін «алып проблемаға» айналуы мүмкін.
Бұл сөздер дипломатиялық аренада да салмақты салдарға әкелді. РФ Сыртқы істер министрлігіне түсініктеме беруге тура келді. Ведомствоның ресми өкілі Мария Захарова Соловьёвтің айтқаны мемлекеттік ұстанымды білдірмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл — жеке журналистің жеке арнадағы пікірі ғана, ал Ресейдің ресми позициясын тек уәкілетті тұлғалар жариялай алады.
Нақты себеп белгісіз
Соған қарамастан, Соловьёвтің эфирден уақытша жоғалуының нақты себебі әлі жарияланған жоқ. Денсаулығына байланысты деген болжам да бар, бірақ ол да ресми түрде расталмады.
Саясаттанушылардың пікірінше, Соловьёвтің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қатысты риторикасы Мәскеудің ресми дипломатиялық желісімен қабыспайды және дәл осы жайт оның уақытша «эфирден шет қалуына» себеп болуы мүмкін.