Солтүстік бөлікті сақтап қалу қажет
Ұмыт бола бастаған САРАТС-2 жобасы енді «Кіші Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» атауымен қайта күн тәртібіне шықты.
Осы уақытқа дейін жыл сайын үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз 2,5-3 млрд текше метр су кетіп жатты. Осылайша, 30 млрд текше метр суды жоғалттық. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Кіші Арал теңізінің көлемі 27 млрд текше метр су. Демек, осы жылдары біз Кіші Аралға қарағанда көбірек су жоғалтқанбыз. Одан бөлек, жыл өткен сайын жағдай үдей түсіп, тұрғындар үшін қауіп-қатер артып келеді. 17 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан осынау ауқымды бағдарлама жуырда облыстық қоғамдық кеңесте талқыланды. Мамандар мен сарапшылар, қоғам белсенділері жобаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, тиімді ұсыныстарды жергілікті әкімдікке жолдады.
Сырдария суының көлемінің төмендеуіне байланысты туындаған проблемалық мәселелер Кіші Аралды, оны сақтап қалу жобалары, өңір халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсері және күріш егу, дария суын үнемді пайдалану мәселесін бөліп қарауға болмайтынын көрсетіп отыр.
Солтүстік Арал теңізінің деңгейін көтеріп, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бастамасы жылдар бойы айтылып келеді. Көптің көкейіндегі күрмеулі мәселенің нүктесі қойылатын күн де алыс емес шығар. Талқылауға ұсынылған жобада, жалпы құны 120 миллион АҚШ долларын құрайтын екі нұсқа қаралған. Соның ішінде Сырдария бассейніндегі ең үлкен Қамбаш көлінен Кіші Аралға су жеткізу үшін канал қазу қаралған. Бірақ оған қатысушылардың біразы қарсылық танытты.
- Екінші нұсқа бойынша, Тұщыбас көлінен Сарышығанақ бұғазына су апару мәселесі. Бұл қазу жұмыстарына апарады, ал келешекте канал құммен жүргеннен кейін қайта көміліп қалуы мүмкін, – дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы басшысының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері құжаттағы жобаларды мұқият зерделеп, мамандар мен сарапшылар кеңесіне жүгініп, жобаның үшінші нұсқасын әзірлеп ұсынды. Онда кем-кетіктер ескеріліп, ең тиімді әдіс қаралған. Және Аманөткел аумағынан Мырзаш су реттегішін салу қажеттігін құжатқа енгізуді талап етті.
- Көкарал бөгетін қайтадан қалпына келтіру мәселесі көтерілді. Суды Қамбаштың төменгі жері Ақлақ жағынан канал тартып, Кіші Аралға құйылса деген ұсынысқа келістік, – дейді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Сұлтанбек Тәуіпбаев.
Үшінші нұсқада суды Қамбаш көлдер жүйесі бойынша Үш шоқының жоғары тұсынан, яғни Аралқұм тұсындағы Үлкен Қаратүп тұсынан беру, Солтүстік Арал теңізін бір деңгейлі қылу, Көкарал бөгетін бірден Балтық теңізінің деңгейіндей 52 белгіге дейін көтеру. Бұл жобаның алдыңғы екі жобадан артықшылығы, біріншіден екі платинаны салу және ұстап тұру шығыны жойылады, су жоғарыдан берілгесін Солтүстік Арал теңізін тұздылығы біркелкі болса, балық жоғары өрлеп, Қамбаш көлдер жүйесіне де еркін миграциялай алады, яғни көлдерде балық пайда болып, теңіз акваториясы үлғаймақ.
«Неге Қамбаш арқылы?» деген сұраққа облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев былай дейді.
– Себебі Қамбаш қазірдің өзінде Балтық теңізі деңгейімен 54-55 белгіде тұр, яғни Көкарал бөгетінің су ұстап тұру деңгейінен 12-13 метр биік. Ал суды төменге емес, биік жағына апарып, содан құлатудың тиімділігін кез-келгеніміз білеміз. Сондай-ақ уақытша іске қосылған Бұрмақұлақ-Аспай жүйесі, Қамбаш көлдер жүйесіне 4 жыл су құймау салдарынан суы сасып кетуге айналғасын, уақытша Мырзаш су реттегіш салғанша қосылған жоба. Оның Бұрмақұлақтағы екі шлюзінен су өткізу қабілеті аздығын, оған тағы шлюз қосып өткізу қабілетін көтеру айтылғанмен, ескерілмеді, сондықтан Аманөткелдің бергі бетінде Кіші Аралға өтуі тиіс артық су жиналып жатыр. Бүгінде Бұрмақұлақтан бөлек, Ералы каналын су жырып өтіп те түсіп жатыр. Сондықтан Мырзаштағы су реттегішін салуды мейлінше тездету керек, – деді Болат Жолтайұлы.
Сонымен қатар, судың мұз асты ағыны Сырдарияның өзін-өзі қайырдан тазалап отыру мүмкіндігі де ескерілуі қажет. Ал оған миллиардтаған қаржы бөлсек те экскаватормен тазалау қиын. Сондай-ақ Қамбаш көліне тиісуге болмайды деген де пікір бар, алайда ихтиолог мамандар берген қорытынды бойынша, көлдің су өткізбелі болуы көлге тек пайдалы болмақ. Сондықтан бұл мәселеде мамандар мен ғалымдар пікіріне жүгінген дұрыс.
Жалпы, ауқымды бағдарламаға экологиялық ахуал мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық әлеуетін көтеру бағытындағы жобалар да қаралған. Онда ғылыми-туристік экспедицияны дамытуға «Барсакелмес» қорығы аумағынан «Сафари парк» құру, Қамбаш көлінен аквапарк салу секілді бастамалар ұсынылған. Бірақ бұл жобалар әлі де сүзгіден өтетін болады.