Солтүстік Қазақстан облысында 3 мектеп апатты жағдайда
Солтүстік Қазақстан облысындағы Кіші Қараой ауылындағы мектеп оқушылары қабырғасы қаусап, төбесі опырылғалы тұрған мектепте оқып жүр.
Жалпы өңірде 3 мектеп апаттық деп танылған.
Ақжар ауданындағы Кіші Қараой ауылындағы мектепте қазір 70-тен астам оқушы білім алып жатыр. Үш қабатты ғимарат 1978 жылы салынған. 44 жыл бойына күрделі жөндеу көрмеген білім ошағының тоз-тозы шыққан. Жалпы ғимарат 400 орындық. Бірақ оқушылар аз болғаy соң ғимараттың жартысын ғана пайдаланады. Күтім көрмегендіктен қазіргі таңда төбесінен су тамшылап, қабырғасы көгеріп кеткен. Ауыл тұрғындары былтыр дабыл қағып, жергілікті билікке арызданғанымен, естір құлақ табылмапты.
— Былтыр мектептің жағдайын айтып, мәселе көтерген едік. Сол кезде биліктегілер мәселені шешеміз деген сыңай танытты. Алайда ешқандай жұмыс істелмеді. Балаларымыз қабырғасы көгеріп кеткен ғимаратта білім алып жатыр. Сыныптардың ішінде қолқаны қабатын иіс бар. Мектеп директор – зейнет жасына жақындаған адам. Ол кісіге ештеңе керек емес сияқты, – дейді атын атамауды өтінген ауыл тұрғыны.
Жергілікті билік бұл мәселені біледі, алайда жөндеу жұмыстарын бастауға қаржы жоқ дейді.
— Қазір жобалық-сметалық құжат әзірленді. Күнделі жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңге қажет. Жоспар бойынша Кіші Қараой ауылындағы білім ошағы қайта қалпына келтіріледі. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ақша бөлу көзделген. Бұл нысан әбден ескірген. Сондықтан ол кешенді жөндеуді қажет етеді, – дейді Ақжар аудандық білім бөлімінің жетекшісі Қайрат Садуов.
Айта кетейік, биыл өңірде 27 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 2,4 миллиард теңге бөлінді. Алайда әлі де жүздеген мектеп ғимаратын жаңарту қажет. Бұған дейін Оқу-ағарту министрі республика бойынша апатты жағдайдағы 33 мектеп бар екенін айтты.
«Биыл республика бойынша 7 600-ден астам мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 30-ға жуық мектеп апатты жағдайда тұр. Мұндай мектептерді алмастырып, жаңа мектеп салу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алдыңғы жылы 270 мектеп салынса, биыл 260-қа жуық мектептің құрылысын аяқтаймыз. 2025 жылға дейін мың мектеп салу мақсаты тұр. Сол арқылы 3 ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешіледі», – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданында да бірнеше мектеп ресми түрде апатты деп танылған. Екі мектептің орнына жаңа мектептің құрылысы басталды. Бірі желтоқсанда қолданысқа беріледі. Әзірге Тайынша қаласындағы апатты мектептің оқушылары аудандық білім бөлімінің ғимаратында оқып жатыр. Ал Вишневка ауылының балалары көршілес Ясная Поляна ауылындағы мектепке тасымалданады.