Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:48, 18 Тамыз 2022

Солтүстікті қазақыландыру – уақыт күттірмейді

None
None

Солтүстікті қазақыландыру, теріскейде босап қалған ауыл-аудандарға жұртты қоныстандыру бойынша 5-6 жылдан бері «Еңбек» бағдарламасы жұмыс істейді.

Осы уақытқа дейін оңтүстік аймақтардан, яғни Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және батыс аймақтан Маңғыстау облыстарынан біраз отбасы теріскейге көшіп барып қоныстанды. Алды жерсініп, жергілікті халықпен етене араласып кетті. Теріскей дегенде халық – Павлодар, СҚО, Ақмола, Қарағанды, Қостанай өңірлеріне барып, қоныстанып жатқанын айта кетейік. Мемлекеттен осы аймақтарға арнайы квота бөлініп, көшіп барған адамдарға әртүрлі жағдай жасалып жатыр.  

Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына сонау Иран республикасынан да қандастарымыз көшіп келіп қоныстанған болатын.

 Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында да осы «Еңбек» бағдарламасымен солтүстік аймақтарға жұмыс күшін тарту қажеттілігі туралы тапсырма берген болатын. Онда еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеп, еңбек ресурстарының тапшылығы бар аймақтарға үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған еді. Сол тапсырма аясында біраз шаруа қолға алынып, жұмыс жасалып жатыр.

Ал біз Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ғабит Сақтағановты әңгімеге тартып, Еңбек бағдарламасымен өңірге көшіп барып қоныстанып жатқан тұрғындардың қазіргі жағдайы туралы сұрадық.

Ғабит Сақтағанов: «Мағжан Жұмабаев ауданына Еңбек бағдарламасын іске асыру жобасы аясында 2016 жылдан бастап 306 отбасы жұмыс күші мол аймақтардан қоныс аударып келді. 2022 жылғы жоспар бойынша ауданымызға 63 отбасыны қабылдау үшін квота қарастырылған болатын. Бүгінгі күнде осы квотаның 50 пайызы орындалып отыр. Жылдың аяғына дейін қоныс аударып келемін деуші 12 отбасы үміткерлеріміз бар. Қабылдау кезінде ең бастысы мамандықтарына сай ауданымызда бос жұмыс орынның болуын талап ретінде қойып отырмыз. Себебі қоныс аударып келгеннен кейін отбасының міндетті түрде тұрақты табыс көзі болуы қажет деп санаймыз. Қосымша өз ісімен айналысамыз деген отбасыларға өз ісін ашуға көптеген мемлекеттік бағдарламалардың аясында қолдау көрсетіп, жәрдем жасаймыз» – деп түсіндірді.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы аграрлық аймақ. Сондықтан Мағжан Жұмабаев ауданындағы жеке шаруа қожалықтарында агрономдар, механизаторлар, мал дәрігерлері, дәнекерлеушілер қажет екені анық. Халықпен тікелей қызмет етіп отырған маман денсаулық сақтау саласы мамандары, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің тапшы екенін де атап айтты.

Біз Ғабит Балғабайұлынан көшіп барған отбасыларға қандай көмек жасалатынын сұрадық. Ол: «Қоныс аударып келген әрбір отбасы мүшесіне 214 410 теңге біржолғы қоныс аудару субсидиялары төленеді. Одан бөлек, тұрғын үй сатып аламын деушілерге отбасыдағы адам санына қарай және қалалық немесе ауылды жерге орналасуына қарай тұрғын үйді сатып алу үшін қосымша субсидия төленеді. Мысалы, ауылды жерлерге келген азаматтарға мынадай субсидия төленеді. 1 адамға 551 340 теңге, ал екіден 4 адамға дейінгі отбасыларға 661 608 теңге. Егер отбасында бестен көп адам болса, онда оларға 735 120 теңге қарастырылған. Қалалы жерде сәл басқаша. Мысалы, 1 адамға 735 120 теңге, екіден 4 адамға дейінгі отбасыларға 918 900 теңге. Ал бестен жоғары болса, 1 102 680 теңге қарастырылған» – деп ашып айтып берді.

Тегтер: