Солтүстік Қазақстан облысында өрттен қаза тапқан баланың анасы қамауға алынды
Солтүстік Қазақстан облысының Ольшанка ауылында болған өрт кезінде бес жасар қыздың қаза табуына байланысты оның анасы қамауға алынды.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның айтуынша, әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Себебі өрт шыққан сәтте бала үйде жалғыз болған.
Қайғылы оқиға 18 қаңтар күні кешке Қызылжар ауданы аумағында тіркелді. Екі пәтерлі тұрғын үйдің бірінде 33 жастағы әйел, 31 жастағы ер адам және бес жасар қыз тұрған.
Алдын ала дерек бойынша, ересектер пеш жағып, қонаққа кетіп қалған, ал баланы үйде құлыптап қалдырған. Көршілердің айтуынша, қыз бала бұрын да жиі қараусыз қалатын болған.
Өрт сөндірушілер келген кезде үй толықтай отқа оранып, шатыр құлаған. Өртті сөндіру барысында баланың мәйіті табылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.