Солтүстік Қазақстан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты
Солтүстік Қазақстан облысында жол апатынан үш адам көз жұмды.
Алғашқы апат 7 ақпан, сенбі күні Қызылжар ауданында, Жезқазған – Петропавл автожолының бойында болған.
Toyota Camry маркалы жеңіл көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, үлкен жылдамдықпен Shacman жүк көлігіне соғылған. Салдарынан екі көлік те өртеніп кеткен. Жүк көлігінің жүргізушісі аман қалған. Алғашында жеңіл көліктің 55 жастағы жүргізушісі қаза тапты деп хабарланған еді. Кейіннен автокөліктің ішінде тағы бір жолаушы болғаны және оның да өрттен қаза тапқаны анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, полиция жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.
Екінші өлімге соқтырған жол-көлік оқиғасы 8 ақпан күні таңертең Мамлют ауданында тіркелді. Audi маркалы автокөлік сүт тасымалдайтын жүк көлігімен соғысқан. 24 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
«8 ақпан күні “Мамлютка – Қостанай” автожолында КамАЗ жүк көлігі мен Audi автокөлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алып, Audi жүргізушісі қаза тапты. Қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады СҚО полиция департаменті.
Полиция өкілдері жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол жағдайын ескеруге және көліктің техникалық жай-күйін үнемі бақылауда ұстауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін, 8 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысында Астана – Петропавл республикалық тас жолында Toyota Camry жеңіл көлігі жүк фурасымен соқтығысып, салдарынан төрт адам, оның ішінде 17 және 15 жастағы екі жасөспірім қаза тапқан болатын.