Солтүстік Қазақстанда фермердің қазасы бойынша жаңа күдікті анықталды
Солтүстік Қазақстан облысында белгілі фермер Азамат Батановтың өліміне қатысты резонансты істе жаңа деректер анықталды. Істе жаңа фигурант пайда болып, тергеу ауқымы кеңейді.
Бұл туралы tengrinews.kz жазды.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Қанды оқиға 2025 жылдың 31 қазанында кешкі уақытта Тимирязев ауданы Докучаево ауылында болған. Алғашында әлеуметтік желілерде 22 жастағы жұмысшы мас күйінде фермерге жалақы дауына байланысты барғаны, Батанов мылтықпен қорқытпақ болғанда, жігіт қаруды жұлып алып атқан деген ақпарат тарады.
Алайда сотта мүлде басқа жайт анықталды.
Тергеу дерегінше, айыпталушы Вадим Орлов фермердің үйіне өзі мылтықпен барған. Оған дейін ол ауыл ішінде өштескен адамдарымен есеп айырысу үшін көлігімен жүріп, бір ауыл тұрғынына оқ атып үлгерген.
Сотта прокурор Әсем Қазбекова жариялаған айыптауға сәйкес, Орлов мас күйінде Батановтың үйіне келіп, есік алдында оған тура көздеп кеуде тұсынан оқ атқан. Фермер құлағаннан кейін Орлов оның қолындағы мылтықты алып, басынан тағы бір рет атқан. Азамат Батанов сол жерде жан тапсырған.
Сотта Вадим Орлов кісі өлтіру және қорқыту баптары бойынша айыпталды. Ал оның танысы Виктор Торгашов аса ауыр қылмысты жасыру бойынша жауапқа тартылды. Тергеу мәліметінше, Орлов қылмыстан кейін мылтықты Торгашовқа беріп, жасыруды тапсырған.
Сот үкімі
2026 жылғы 10 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты алқабилердің қатысуымен үкім шығарды:
-
Вадим Орлов – 11 жылға бас бостандығынан айырылды (орташа қауіпсіздік мекемесі);
-
Виктор Торгашов – 2 жылға бас бостандығынан айырылды (ең төменгі қауіпсіздік мекемесі).
Мемлекеттік айыптаушы Орловқа 15 жыл, Торгашовқа 4 жыл сұраған болатын.
Мылтық қайдан шықты?
Істе ең даулы сұрақ – қылмыста қолданылған тіркелмеген мылтықтың қайдан алынғаны.
Орловтың айтуынша, ол қаруды мерекеден кейін вагончиктің астынан тауып, көлігіне салып кеткен. Кейін тергеу бұл мылтық фермерлік шаруашылық басшысына тиесілі вагончикте жатқанын анықтады.
Аталған фермер сотта куәгер ретінде жауап беріп, мылтықты ауыл маңындағы орман алқабынан тауып алғанын, оны полицияға тапсыруға үлгермегенін айтты. Бұған дейін ол тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны үшін 78 640 теңге айыппұл төлеп, мылтық тәркіленген.
Алайда сот барысында ол өз сөзінде шатасып, Торгашов қылмыс туралы айтып келгенін мойындады.
Енді осы фермердің өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция оның аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, аса ауыр қылмыс туралы хабарламау:
-
6000 АЕК-ке дейін айыппұл,
-
немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары,
-
немесе 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу,
-
не 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Қазіргі уақытта іс сотқа дейінгі тергеу сатысында.