Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:17

Солтүстік Корея Ресейге тағы 6 мың әскерін аттандырады

Ким Чен Ын
Фото: ашық дереккөз

Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Кореяның Ресейге қосымша 6 мың сарбаз жіберуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. 

Бұл туралы Yonhap агенттігі парламентке жасалған ресми есепке сілтеме жасап хабарлады.

Украинаға қарсы соғыста Мәскеуді қолдап отырған Пхеньян бұл қадамды үшінші рет қайталағалы отыр. Бұған дейін, былтырдан бері, Ресейге шамамен 13 мың солтүстіккореялық әскери жөнелтілген.

Барлау деректеріне сәйкес, олардың шамамен 2 мыңы Ресейдің Курск облысындағы ұрыстарда қаза татапқан.

Айта кетейік, бұған дейін Ким Чен Ын Курскідегі шайқасқа қатысқандарды «мемлекет қаһарманы» деп таныды.

 20 тамызда Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейдің Курск облысында Украина Қарулы күштеріне қарсы операцияға қатысқан Корей халық армиясының офицерлерін қабылдаған еді. Ким Чен Ын «Курск облысын азат ету операциясына қатысқан командирлер мен сарбаздар Отан сенімін аңызға айналған ерліктерімен ақтады» деп мәлімдеді.

2025 жылдың көктемінен бастап Ресей мен Солтүстік Корея әскери ынтымақтастықты күшейте түсті. Сәуір айында Мәскеу де, Пхеньян да Солтүстік Корея сарбаздарының Курск облысындағы шайқастарға қатысқанын ресми түрде мойындаған.

Оңтүстік Корея барлау қызметінің дерегінше, КХДР Ресейге кемінде 11 мың әскери жіберген, олардың 4 мыңнан астамы қаза тапқан немесе жараланған.

Сонымен қатар Батыс пен Оңтүстік Корея барлау деректеріне сәйкес, Пхеньян Ресейге артиллериялық оқ-дәрілер мен зымырандар жеткізіп отыр. Мәскеу бұл қаруларды Украинаға қарсы соққыларда қолданып жатыр. Ал КХДР, өз кезегінде, Ресейден қанатты зымырандарға қатысты техникалық кеңестер алуы мүмкін.

Әскери одақ туралы келісім

2024 жылғы 19 маусымда Владимир Путиннің Пхеньянға сапары барысында Ресей мен Солтүстік Корея стратегиялық әріптестік жөнінде келісімге қол қойған. Құжатқа сәйкес, екі елдің бірі шабуылға ұшыраса, екіншісі әскери көмек көрсетуге міндеттеледі.

2025 жылғы 12 шілдеде Солтүстік Кореяда өткен келіссөзден кейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров КХДР әскерилерін Украина аумағына жіберу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын меңзеген еді.

Тегтер: