Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:41

Солтүстік Корея Шығыс бағытқа бірнеше баллистикалық зымыран ұшырды

Зымыран
Фото: EPA

Солтүстік Корея Шығыс бағытқа қарай бірнеше қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымыран ұшырды.

 Бұл оқиға Оңтүстік Корея мен АҚШ президенттерінің Сеулдегі алдағы кездесуі қарсаңында орын алды. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары комитеті хабарлады.

Оңтүстік Корея тарапының мәліметінше, радар жүйелері «бірнеше баллистикалық зымыранды анықтаған», олар қысқа қашықтыққа арналғаны болуы мүмкін.

Бұл — маусым айында қызметіне кіріскен Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Ли Чжэ Мён тұсындағы алғашқы зымыран ұшыру. Бұған дейін Пхеньян мамыр айында осындай сынақ өткізген болатын.

Токио: «Қауіпсіздікке әсер еткен жоқ»

Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаити Солтүстік Кореяның бұл әрекеті ел қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірмегенін айтты.

«Біз жағдайды АҚШ-пен бірге нақты уақыт режимінде бақылап отырмыз және барлық қажетті ақпарат алмасу жүріп жатыр», – деді Такаити AFP агенттігіне.

Вашингтон мен Сеул кездесуі алдында

Оңтүстік Корея мен АҚШ президенттерінің кездесуі келесі аптада Сеулде өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) саммиті аясында жоспарланған. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай басшысы Си Цзиньпинмен де жүздесуі болжанған.

Сарапшылар Пхеньянның мұндай қадамы Сеул мен Вашингтон арасындағы келіссөздерге қысым көрсету және аймақтық саясаттағы өз орнын еске салу амалы болуы мүмкін деп бағалап отыр.

Парад және жаңа ядролық қару

11 қазанда Солтүстік Корея астанасы Пхеньянда соңғы екі жылдағы алғашқы ірі әскери парад өтті. Оған Ким Чен Ынның өзі қатысып, жаңа «Хвасон-20» құрлықаралық баллистикалық зымыранын таныстырды.

Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігі бұл зымыранды «ең қуатты ядролық стратегиялық қару» деп атады. Агенттіктің хабарлауынша, «Хвасон-20» АҚШ аумағындағы нысандарға соққы беру қабілетіне ие болуы мүмкін.

Парадта сонымен қатар гипердыбысты зымырандар мен басқа да заманауи қару түрлері көрсетілді.

Пхеньянның бұл әрекеті аймақтағы шиеленісті қайта күшейтті. Сарапшылардың айтуынша, Солтүстік Корея алдағы апталарда жаңа сынақтар өткізуі мүмкін, ал Сеул мен Вашингтон тараптары дипломатиялық жауап әзірлеп жатыр.