Солтүстік Корея ядролық суасты қайығын жасап жатыр

Солтүстік Корея (КХДР) жаңа атом суасты қайығын құрастырып жатқанын ресми түрде растады.
Елдің басшысы Ким Чен Ын құрылыс жүріп жатқан әскери верфьке барып, жаңа суасты кемесімен танысты. Бұл туралы Корей Орталық Телеграф Агенттігі (KCNA) хабарлады.
КХДР-дың бұл мәлімдемесі алғаш рет болып отыр. Бұған дейін, 2024 жылдың қазан айында, Оңтүстік Корея барлау қызметі Солтүстік Корея атом суасты қайығын жасап жатқан болуы мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Алайда сол кезде барлау деректері бұл кеменің нақты ядролық реактормен жабдықталатынын нақтылай алмаған.
Бұл жаңалық Солтүстік Кореяның әскери-теңіз күштерін одан әрі нығайтуға бағытталған стратегиялық жоспарларының бір бөлігі. 2023 жылдың қыркүйек айында КХДР тактикалық ядролық қарумен жабдықталған алғашқы суасты қайығын таныстырған болатын. Сол кезде Ким Чен Ын елдің суасты флотының дамуын кеңейту жоспарын жариялаған еді.
Қазіргі уақытта Солтүстік Кореяның суасты флоты әлемдегі ең ірі флоттардың бірі болып саналады. Сарапшылардың бағалауы бойынша, елде 70-тен 90-ға дейін суасты қайығы бар.
КХДР-дың ядролық мүмкіндіктерін кеңейтуі халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырып жатыр. АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея билігі бұл жағдайды аймақтағы қауіпсіздікке төнетін жаңа қатер ретінде қарастырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Пхеньянның бұл қадамы ядролық қару жарысын күшейтуі мүмкін.
БҰҰ мен бірқатар елдер Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын шектеу үшін санкциялар енгізгенімен, КХДР өз әскери әлеуетін дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр.