Солтүстік жарық: ерекше құбылыс қазақстандықтарды таңғалдырды
Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының тұрғындары қарашаның 5-інен 6-сына қараған түні табиғи құбылыс солтүстік жарықты байқаған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Аққайың ауданы Тоқаш ауылының тұрғындары да бұл құбылысты көрген. Тіпті Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігіндегі Ғабит Мүсірепов ауданының Чистополье ауылында солтүстік жарық қараңғы аспанда айқын көрініпті. Мамлют ауданының Бексейіт және Кондратовка ауылдарында да аспан жарқырап тұрған.
Астрофизикалық зертханалардың мәліметінше, 5 қарашада кешке күшті магниттік дауыл тіркелген. Ал оның салдары жердің солтүстік жарты шарының едәуір бөлігінде байқалған.
Солтүстік жарықтар қалай пайда болады?
Аврора зарядталған бөлшектер (электрондар мен протондар) Жер атмосферасының жоғарғы қабатындағы газдармен соқтығысқанда пайда болады. Бұл соқтығыстар аспанды түрлі-түсті жарықпен толтыратын кішкентай жарқырауды тудырады.