Сомдалған СОМ мен теңселген ТЕҢГЕ

Тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі – сол мемлекеттің Ұлттық валютасы. Біз – Тәуелсіздігімізді жариялап, айналымға қосқалы еңсесін тіктей алмаған Теңге байғұс теңселген күйі ілдәлдәлап жүрген боп келеді.
Батыс санкциялары мас қылып, шатқаяқтатып тастаған рубльдің исіне мас болды ма білмейміз, Теңгенің тізесі дірілдей түскен сыңайлы.
Америка ақшасы мен орыс рублі алдында жайылып жастық болып үйренген Теңгенің ақыр соңы Сомнан қалып, сорлағанының да куәсі болып келеміз. Теlеgrаm-канал DATA HUB аналитиктерінің салыстыруынша, Сом өсім бойынша соңғы 28 айда бұрын-соңды болмаған тарихи көрсеткішке жеткен! Міне, жетістік! Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, өзбек әкәларымыз да Сумының су жаңа банкноттарына бір ауыз орысша енгізбепті. Ал біздің Теңгеге қарасаң, тек орысшасы емес, арақтың иісі шығатындай. Ұят! Егер Теңгеміз тәлтіректемей, бойын түзесін десек, бұл қателікті де дереу түзеткеніміз жөн!
Енді бір қызығы, тура осы сәтте қазақтың бензині Қордай асып, Бішкекке барымталанып жатыр екен. Жамбыл облысының Қырғызбен шекаралас бөлігінде АИ 92 бензинінің литрі – 175 теңге болса, арғы бетте біздің ақшамен – 350 теңге. Тұп-тура екі есе!
Ежелден екі ел арасында тау асырып, талай барымта жасап үйренген шоң ағайынға бұл тәп-тәуір нәпақа сияқты. Сүйегін сүйретіп, әзер жүрген немістің ескі мәшинелері 90, тіпті 100 литрлік жанармай құятын багына бола айырқалпақты ағайынның «ардақтысына» айналған. Бір-ақ шақырым жердегі Шекара сызығына жеткізіп берсе, болғаны. Ар жағында 295 теңгеден сатып алушылар жетерлік.
Міне, бұл да бизнес. Тек менің түсінбейтінім, осындай экономикалық артықшылықтары бола тұра, Теңге байғұс Сом мен Сумның алдында неге сонша дәрменсіз?
Р.S. Айтпақшы, кеше Арабия сапары барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Қағбаға кірді. Осыдан қанша жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы да сол Қағбаға кіргенде, қазақ баспасөзі ұлардай шулап: «Жыл бойы тамшы тамбаған араб жерінде Нұрсұлтан Қағбаға кірген күнінде керемет ақ жауын болды», – деп алақайлаған-ды. Енді қандай ғажайыптың куәсі болар екенбіз?!
Бірақ «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмаптының» кері келіп, арабқа не жауатынын қайдам, қазаққа ештеңе бұйырмасына сом мен теңгенің теңеуі кепіл сияқты.