Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады? - депутат

Бейсенбаев
Фото: zhasalash.kz

Депутат Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің ресми статистикасына күмәнмен қарайды. 

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев республикалық бюджеттің орындалуына қатысты сын айтты. Ол қазіргі қаржы саясатының ел экономикасында қауіп тудыратын теріс тенденциялардың қалыптасуына себеп болып жатқанын алға тартты.

Елнұр Бейсенбаев ең өзекті мәселе ретінде Ұлттық қордан бөлініп жатқан қомақты қаражатты атады. Оның сөзінше, өткен жылы қордан 5,6 триллион теңге алынған, ал биыл бұл көрсеткіш 5,3 триллион теңгені құрамақ.

«Яғни, 2024 жылы бюджеттің 25 проценті, 2025 жылы тағы 23 проценті Ұлттық қордан толтырылады. Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды. Қынжылтатыны – осы», - деді депутат.

Ол Ұлттық қордан алынған қаражат қазіргі кезде бюджет тапшылығын жабуға көмектескенімен, болашақта әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттердің тоқтап қалуына немесе өзге салаларға ауыр салдар әкелуі мүмкін екенін ескертті. Бейсенбаевтың айтуынша, бұл — дау тудырмайтын ақиқатқа айналған мәселе.

Екінші мәселе – азық-түлік бағасының күрт өсуі. Елнұр Бейсенбаев ресми мәліметтер мен шындықтың арасындағы алшақтыққа назар аударды.

«Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болды. Яғни 150 пайызға күрт көтерілген. Министрліктің бағасын реттейміз деген мәлімдесі орындалмады. Дәл қазір Магнумдағы картоптың бағасы – 550 теңгеден сатылуда», - деп нақты мысал келтірді ол.

Сондай-ақ, ол бұған дейін 1 500 теңгеден асқан қызанақ пен қияр бағасына таңғалып жүрген халықтың бүгінде қымбатшылыққа дағдыланып кеткенін атап өтті. Ал жалақы мәселесіне келгенде, депутат Үкіметтің ресми деректеріне сенімсіздік білдірді.

«Үкіметтің мәлімдеуінше, дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені, яғни 830 долларды құрайды деген мәлімдемесі ешқандай сенім ұялата алмайды», - деді ол.

Бейсенбаевтың айтуынша, 3 миллион қазақстандық бар болғаны 200 мың теңге жалақы алады, ал 1,8 миллион адам ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге өмір сүріп жатыр. 15 жылдан бері өзгермей келе жатқан ресми жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз. Алайда Бейсенбаев бұл көрсеткіш шынайы жағдайды бүркемелейтін сандар деп есептейді.

«Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыс істеп жүр. Қалғандары қайда?!» - деп сұрақ қойды ол.

Оның айтуынша, пандемия кезінде 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы алған 4,5 миллион азаматтың басым бөлігі әлі де тұрақты жұмыс таба алмай жүр. Елнұр Бейсенбаевтың пайымдауынша, бұл – бюджет құрылымындағы және экономикалық саясаттағы кемшіліктердің айқын көрінісі.

«Жалпы салықтық түсім – 13,5 трлн. теңге болса, ал шығысымыз – 25,7 трлн. Яғни біз жыл сайын тапқан табыстан шамамен екі есеге артық жаратамыз».

Бұған қоса, халықтың банктерге қарызы да алаңдатарлық. 25 трлн теңге – бұл мемлекеттің бүкіл бюджетімен пара-пар сома.

«Яғни, біз қарызға өмір сүріп жатырмыз деген сөз», - дейді депутат.

Бейсенбаевтың айтуынша, Еңбек министрлігінің бюджеті 96 миллиард теңгеге қысқартылған. Ол бұл соманың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға төленетін жәрдемақыны 20 пайызға көбейтуге немесе 100 мың ерекше баланы қамтитын оңалту орталықтарын салуға пайдалануға болар еді деп атап өтті.

 

Тегтер: