Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Соңғы он алты жыл және «Отырар сазы»

Нұрғиса Тілендиев
Фото: ашық дереккөз

Нұрғиса дүниеге келерде әкесі Тіленді қыз күтіпті. «Мұның күпірлік» болар деген шешесі Сәлихаға: «Сен не білесің, күй күмбірі ұлға, үн сыңғыры қызға жарасқан. Домбыраның құлақ күйін келтірер болса, бала баршылық, құлақ құрышын қандырар әнші қыз керек», дейтін көрінеді. 

Той, жиында сырнай тартып, ән салған, шешендігімен, балуандығымен айнала төңірегіне танылған Сәлиха күйеуінің бұл сөзін де жақатпай: «Қара да тұр, егескенде жер қайыстырар балуан туып беремін. Сіңірі шыққан кедей серіге не құт болар, не жұт болар», – дейді екен. Ал Нұрғиса «құлақ құрышын қандырар» әнші болмаса да жүрек тербетер ән жазды. «Жер қайыстырар палуан» болмаса да саздың тілін біліп, жан тебіренткен өнерпазға айналды.

Қазақтың «сегіз қырлы бір сырлы» дейтін сөзі кімге болса да жөнді-жөнсіз телініп, әркімге көңіл жықпастықпен көп айтылып, әбден жауыр болғандай көрінеді. Дегенмен осы сөз Нұрғиса Тілендиев секілді шын өнерпазға қарата айтылғанда, қайтадан адасқан иесін тапқандай дөп келе қалатыны бар. Бейне бір күміс ердің жабыға емес, жүйрікке жарасатынындай. 

Нұрғиса – саз өнерінің сан қырын меңгерген сиқыршы еді. Оның домбыраға жан бітірген, күйсандықтың көмейінен саз гулеткен, баттутаның ұшымен тұтас оркестрді кейде жер бауырлата қоңыраулатып, кейде әуелете шарықтатқан талантты сиқыр демей не дейсіз?! Осы өнердің бәрі жиылып келіп Тілендиев феноменін қалыптайтындай. Ал Нұрғиса феноменін арналы өзенге теңесек, оның бір бұлағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографикалық оркестрі.  

Тілендиев бір сөзінде: «Жеті ағайынды киелі өнердің мен үшін ең қымбаттысы – музыка. Ал музыка құдіретін жанымен ұғып, қадіріне қалтқысыз көз жеткізген адам оның бар болмыс табиғатын толғанбай, тебіренбей, әсте айта алмас еді», – дейді. Көзінің тірісінде-ақ артынан небір аңыз еріп, ол аңыз тағдырымен қоса өріліп, тұтас өмірі өнерге, музыкаға айналған Тілендиев туралы толғанбай, тебіренбей айту мүмкін емес. 

Әдетте Нұрғисаның мінезінің қиқар, «қыңыр-қисық», айтқанынан қайтпайтын бірбеткей болғаны жөнінде жиі айтылады. Қызығы осы – «қыңыр» мінезінің көбі оның әдепкі тіршілігінен гөрі өнерімен сабақтасып жатады. Әйтпесе, күнделікті тіршілікте Нұрғисаның аса бауырмал, кісі баласын жамандамайтын, жүрегі таза жан екені ол туралы жазылған естеліктерден сезіліп тұрады. Бұл да Тілендиев тағдырының өнермен біте қайнасып кеткенінің нақты айғағы болар. 

 «Отырар сазы» ансамблі 1979 жылдың көктемінде құрылды. Құрушысы – Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның профессоры, қазақтың көне аспаптарын тірілтіп, қайтадан жан бітірген белгілі ғалым Болат Сарыбаев. Әу баста ансамбльдің құрамын сол кездегі консерваторияның сегіз студенті құрайды. «Отырар сазының» аяғынан қаз тұруына Жамбыл атындағы филармонияның сол кездегі директоры Тілеубай Ыбыраев көп септігін тигізеді. Ансамбльдің атауын дирекция ақылдаса келе сазсырнай, үскірік секілді ежелгі аспаптар табылған Отырар қаласымен байланыстырып, «Отырар сазы» деп атайды. 

Негізі «Отырар сазының» түп-тамыры Б.Сарыбаевтың ұзақ жыл жинаған қазақтың көне аспаптарының коллекциясынан бастау алады. 1960 жылы Сарыбаев өз үйінде 250 аспапты құрайтын пәтер-музей ұйымдастырады. Осы аспаптардың негізінде кейіннен «Отырар сазы» құрылады. Ансамбльдің алғашқы дирижерлері Қаршыға Ахмадияров, Сейілхан Құсайынов. 

«Отырар сазының» фольклорлық-этнографикалық оркестр болып құрылып, шығармашылық тұрғыда толысып, жетіліп, даңқының артып, дабырының алысқа жететін кезі – Нұрғиса Тілендиевтің оркестрге бас дирижер болып келетін шағы. Бұл 1982 жылдың қыркүйек айы еді. Тілендиев келген бойда бірден жұмысқа кіріседі. Алдымен аспаптарды көбейтіп, музыканттар санын 30-ға жеткізіп, оркестр құрады. Көп ұзамай қазан айының 17-сі күні Жамбыл атындағы филармонияның концерт залында оркестрдің алғашқы концертін береді. Міне, сол күннен тартып 17 қазан «Отырар сазының» туған күні есептелінеді. Сол күннен тартып дирижер Тілендиевтің халық ықыласына бөленген, қазақтың ән-күйін оркестрге салып тамылжытып, қанат бітірген, өзі де қанаттанған салтанатты өмірі басталды.

Тілендиев «өнердегі әкем» деп А.Жұбанов пен М.Төлебаевты атайды. Жұбанов 13 жастағы қаршадай баланы домбыра қағысынан танып, оқуға түсіріп, жолын ашады. Ал Төлебаев Нұрғисаны Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясының опера және симфониялық оркестрі дирижері класына оқуға түсуге көмектеседі. Төлебаевтың Тілендиевке «көмектескенінің» өзі бір әсерлі хикая. Ол кезде М.Төлебаев соғыс жылдары үзіліп қалған оқуын Мәскеуде жалғастырып жүреді. Алматыға жолы түссе Нұрғисаны іздейді екен. Сондай күндердің бірінде 1948 жылы Чайковский атындағы музыка училищесінде ұлт аспаптары пәнінен сабақ беретін Нұрғисаны іздеп барады. Сабағын зейін қойып тыңдайды. Сосын Мәскеуге оқуға шақырады. Мұны естіген Тілендиев «оқуға төлейтін қаражатым жоқ» деп қырынан қысылады. «Ол оңай, ақша табылады» дейді Төлебаев. Сөйтіп көп кешікпей біраз өнерпаз жігіттерді қасына ертіп «гастрольге» шығады. Өзінің туған жері Бөрілітас ауданында ел аралап, концерт қояды. Кейіннен қасындағы жігіттердің еңбекақысын толығымен беріп, қалған 36 мың сом қаражаттан өзі бір тиынын да алмай Нұрғисаның атынан кассаға қойдырады. Өзі Мәскеуге кетерінде: «Келесі жылы оқуға кел, консерваторияға түссең ақшадан тарықтырмаймын», – дейді. Айтқандай-ақ, кейін Тілендиев Мәскеуге оқуға түседі. Дирижерліктің қыр-сырын игереді. Нұрғисаны «Отырар сазына» алып келген бір сүрлеу осы еді.

«Отырар сазының» оркестр болып құрылуына мұрындық болған адам – Дінмұхамед Қонаев. Тілендиев пен Қонаевтың арасы ежелден сыйлас, тілеулестік деңгейде болған. Тіпті Нұрғиса Орталық Комитеттің бірінші хатшысына қалаған уақытында хабарласып, қалаған уақытында кабинетінің есігін қақпай кіре береді екен. Сондай күндердің бірінде Қонаев Тілендиевті шақыртады. Екеуара әңгіме ұзаққа созылмайды. Қонаев фольклорлық-этнографикалық оркестр құру қажет екенін, ол міндетке өзін лайық көріп отырғанын айтады. Бастапқыда Тілендиев бұл шаруаның жауапкершілігінен жалтарып, «Қазақфильмдегі» жұмыстарын сылтауратып, қашырта жауап береді. Бір кезде Қонаев: «Нүркен, сен осы қазақсың ба?» – дейді Тілендиевті сынай қарап. Нұрғиса да жұлып алғандай: «Иә, таза қазақпын», – деп жауап береді. Мұны естіген Қонаев: «Онда әңгіме бітті. Бүгіннен бастап сен сол оркестрдің жетекшісің», – дейді. Сөйтіп Тілендиев өмірінің соңғы 16 жылын «Отырар сазына» арнайды.

 «Отырар сазының» 15 жылдығы кезінде Нұрғиса сырқаттанып, жиі ауруханаға түсіп жүреді, бірақ соған қарамастан, тынымсыз еңбек етеді. Ең алдымен әкесі Тілендіден қалған «Терісқақпай», «Ақ бөкен», «Арман» секілді жеті күйін нотаға түсіреді. «Арман», «Терісқақпай» күйлерін «түнде ғана аяқтадым» деп, ертесі оркестрге салып тамылжытып ала жөнелгенде тыңдаған жұрт сүйсіне бас шұлғыған деседі. Денсаулығының сыр бере бастағанын іштей сезген өнер иесінің әке күйін оркестрге салғаны – перзенттік парызын өтегені болар.

Оркестрдің 15 жылдығы жақындаған сайын Нұрғиса тыным алмайды. Филармонияның кішкентай залында азаннан кешке дейін күй шалқиды. Кейде маңдайы жазылып, қабағы ашылып, қайратты шашы желп-желп етіп құлашын кең жаяды, кейде иығы баяу қозғалып кібіртіктей береді, мұндайда қабағы түйіліп, жүзі сұрлана қалады. Оркестрдегілерге бар айтатыны: «Жүрегіңмен ойна, айналайындар». Сөйтіп оркестр зар бабына түскенше бір тынбайды, өзі де қара терге түседі, оркестрдегілердің де қамау терін алады. 

1997 жылы 4 желтоқсан күні «Отырар сазы» оркестрі Алматыдағы Республика сарайында өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Нұрғисаның қара ормандай халқына аппақ көңілмен еркелеп, кең көсіліп, өз өнерінен өзінің жаны рахат тауып, көрерменнің де айызын қандыра сусындатқан сәті осы. Қазір жұрт қызыға тамшалап жүрген видеолардағы Нұрғисаның қимас бейнесі осы концертте түсірілген. Тілендиевтің шалқыған, шабыттанған көңілі, халықтың риясыз қошеметі видеодан анық сезіледі. Әсіресе «күйдің аты «Әлқисса», тартатұғын Нұрғиса» дейтіні, сосын ұстазы Жұбанов сыйлаған домбыраны аса бір елбіреген ыстық көңілмен қолына алып, «Отырар сазына» қосылып «Әлқиссаны» орындайтын сәті шынымен де жан тебірентеді. Концерт соңында зал толы халық «Құстар қайтып барады» әнін композитормен бірге шырқап, қимай-қимай тарасады. Бұл – «Отырар сазының» Тілендиев жетекшілік еткен соңғы концерті еді. 

Осыдан соң Нұрғисаның жүрегі тағы да сыр беріп, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізіледі. Он екі күн ес-түссіз жатып, әрең дегенде беті бері қарап, ауруханадан шығады. Жұрт улап-шулап, Нұрғисасын көргеніне қуанып қарсы алады. Сонда Тілендиев жанашыр жақындарына: «Сендер жүре беріңдер, мен оркестрге барып қайтайын», – депті. Шаршаған жүрек жанындай болып кеткен «Отырар сазынан» қуат алғысы келген шығар, бәлкім. Өзі тірілткен аспаптың үніне құлақ түріп, тыныштық тапқысы келген шығар, бәлкім. Ұлы жүректің сол кездегі аңсар арманын қарапайым пенде, біз, мүмкін түсіне де алмайтын шығармыз.

1998 жылдың күзінде Н.Тілендиев өзі үнемі аруағына сиынып, пір тұтатын Қарасай батыр бабасының туғанына 400 жыл толған мерейтойында, атақонысының төрінде «Отырар сазына» дирижерлік етті. Әдеттегідей, зеңгір биіктен төмен қарай зулаған тұйғындай кеудесін биік ұстап, қайратты шашы құбылған сазға ілесіп желп-желп етіп, мерейі тасыды. Өзі тауып бабын келтірген әр аспаптан төгілген әуен дирижердің жүрегіне құйылып, әжім басқан, ауру қажытқан жүзінен нұр болып халқына таралып жатты. Бұл Тілендиевтің «Отырар сазына» соңғы рет дирижерлік еткені болатын.

Ал өмірінің соңғы күндері қолына алған партитурасында төрт беттік «Реанимация» күйі қалды. Ауруханада... Аяқталмаған...

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ