Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 16 Желтоқсан 2022

Соңғы түйенің жүгі ауыр

None
None

Осыдан аттай он алты жыл бұрын «Алқабилер туралы заң» қабылданып, бір жылдан кейін елде алқабилер соты қолданысқа енді.

Содан бері алқабилер қарайтын істердің саны біресе артып, біресе кеміген. Оның үстіне осы жылдардың ішінде олардың айыпталушылардың талабын толық қанағаттандырып бергені көзге көріне қойған жоқ.

Айталық, 2020 жылы алқабилердің қатысуымен 58 адамға қатысты іс қаралып, бір адам ғана ақталып шыққан. Былтыр 85 адамға қатысты істі қараған алқабилер 7 адамды ақтау туралы шешімнің шығуына түрткі болыпты. Осының өзі алқабилер институты өз мақсат үдесінен көріне алмай жатқанын көрсетсе керек. Кейбір сарапшылардың сөзінше, алқабилер қараған істердегі ақтау үкімінің аздығы халық атынан сайланған сотта судьялардың да қатыстырылуы. Яғни шешім шығару үшін жеке кеңесу бөлмесіндегі жағдайды бақылау мүмкін емес. Былай айтқанда қанша жерден айыпталушының ісі жан-жақты қаралғанымен, алқабилер судьяның шешіміне тәуелді. Мәселен, осы уақытқа дейін алқабилер шешіміне судьялардың әсер етуі, олардың үкімін тоқтатып тастау мен қабылдамауы сияқты деректер кездесіп жүр. Енді, міне, келер жылдан бастап алқабилер қарайтын істердің қатары тағы артуы мүмкін. Алайда олардың қарауындағы істердің тізбегі артқанымен, ақырғы шешімді шығаратын судьяның өзі болса, жаңа құжаттың қабылдануынан қайыр бар ма?

2019 жылы қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес, алқабилердің қылмыстық процеске қатысуын кеңейту шаралары қолға алынбақ. Заңға тиісті түзетулер қолданысқа енгеннен кейін, судьяның шешіміне келіспеген сотталушы өтініш беру арқылы аса ауыр қылмыс бойынша қозғалған істі де алқабилердің қарауына рұқсат етіледі. Алайда заңдағы өзгерістер тек 2024 жылдан бастап қолданысқа берілетін көрінеді. Ол бойынша алқабилердің соттылығы сол жылдан бастап қосымша тағы 13 ауыр қылмыс құрамына кеңейеді. Оның ішінде азаптау мен адамның дене мүшелері мен ағзаларын сату, кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылыққа тарту секілді бірнеше қылмыс құрамын алқабилер соты қарайтын болады. Осылайша халық атынан сайланатын сот 44 құрам бойынша қылмыстық істерге үкім шығарады.

Кәсіби судья болмаса да халық арасынан таңдап алынған алқабилердің шешіміне сотталушылар да көбірек иек артуы түсінікті. Ал алқабилердің қарауындағы істердің ауқымы кеңейсе, ақтау үкімдерінің сапасына айтылар сын да артып кетпей ме?

Сенатор Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, елімізде алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Сол үшін бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейту маңызды. «Осы арқылы соттың біржақтылығы немесе әділетсіздігі туралы теріс пікірлерді азайтуға септігін тигізеді. Қарапайым азаматтардың, әдеттегі жай адамдардың қатысуымен шығарылған үкім  – соттың немесе судьяның емес, «қоғамның» пікірі ретінде қабылданатын болады. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға серпін береді», – дейді ол.

Сондай-ақ сенатор Алқабилер соты қолданысқа енгізілген 2007 жылдан бері алқабилердің қатысуымен жүргізілген сот процестері бойынша ақтау үкімдерінің саны едәуір көп екенін айтып отыр. Мысалы, соңғы үш жыл ішінде алқабилер қатысуымен қаралған 130-істің 14-і бойынша ақтау үкімі шығарылып, тек үшеуінің ғана күші апелляция арқылы жойылған. Оның өзінде үш үкімдерді жоюына сот талқылауы барысында процестік бұзушылықтар мен алқабилерді іріктеу рәсімі сақталмауы себеп болған. Бұл істер жаңадан қарауға жолданған. Жалпы Жоғарғы Сот тарапынан үш жылда қабылданған ақтау үкімдерінің ешқайсысы күшін жоймаған көрінеді.

Ал бұл жолғы өзгерістер туралы айтқан Нұрлан Бекназаров: «Алқабилер сотынының бір судьямен қаралып, шешім шығарылатын соттан басты артықшылығына – алқа билер 10 адамнан тұратыны және олар жан-жақтан іріктелінуі, сотта отырып тікелей қатысуымен алдын ала тергеу, қылмыстық істері бойынша айыптаушы прокуратураның, айыпталушы қорғаушысының дәйектерін жалғыз судьяның ғана емес, 11 өкілді адамның ашық жариялы түрде тыңдап, талқылап, шешім қабылдауда тек судьяның пікірі  ғана емес,  қатысып отырған алқабилердің тәуелсіздігі, жан-жақтылығы мен объективті шешім қабылдауы деуге болады. Алқабилер сотымен қарастырылатын істердің құрамына соттылықты анықтау барысында қылмыстардың санатымен бірге, олардың азаматтық қоғамдағы маңыздылығы да ескеріледі», – деп отыр. Нақтылап айтқанда, автокөлік жүргізушілердің көлік құралдарын жүргізу ережелерін бұзу және алкогольдік, есірткілік масаң күйде жол апаттарына жол беріп, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан істерді алқабилердің сотына беріледі.  Сонымен қатар, азаптауға қатысты істердің де соттылығын алқабилер қарауына жатқызу жоғарыда айтылған істерді сотта қарау кезінде әділдігін, ашықтығын, бейтарап және объективті болуын қамтамасыз етеді. Өйткені қоғамда осындай істер бойынша құқық қорғау және сот саласына қатысты дау-дамай, наразылық, қызу талқылаулар жиі орын алып келеді. Сондай-ақ қаралатын істердің құрамына соттылықты анықтау барысында қылмыстардың санатымен бірге, олардың азаматтық қоғамдағы маңыздылығы да ескеріледі. Оның айтуынша, азаптауға қатысты істердің де соттылығын алқабилер қарауына жатқызу жоғарыда айтылған істерді сотта қарау кезінде әділдігі, ашықтығы, бейтарап және объективті болуы қамтамасыз етілетін көрінеді. Бұл қоғамдағы резонансты істер бойынша құқық қорғау және сот саласына қатысты дау-дамай, наразылық, қызу талқылаулар жиі орын алудың себебінен туындаған.

Ал алқабилер сотының құрамына Қазақстан азаматы, әрекетке қабілетті, психикалық аурулармен есепте тұрмаған 25-65 жас аралығындағы өтелмеген не алынбаған соттылығы жоқ адамдар кіреді. Қолданыстағы «Алқабилер туралы» Заң талаптарына сәйкес, алқабилерді жергілікті атқарушы органдар тарапынан алдын ала, бастапқы, бірыңғай, қосалқы және қосымша деген бес түрлі тізімнен құралып, алқабилерге кандидаттарды алдын ала бастапқы тiзiмiнен азаматтарды кездейсоқ таңдау тәсілі жүргiзіледi. Бірақ алдағы уақытта қолданып жүрген тізім түрлері жойылып, бірыңғай тізім болады және бұл тізім Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің базасында электрондық жүйе түрінде жасалмақ.

Заман ағымына қарай шетелдік тәжірибені де қолданысқа енгізіп, халық сотына көбірек сенім артылғаны дұрыс-ақ. Құжатқа қажетті өзгерістер мен толықтырулар да алқабилер қатысатын соттың ашық болуына ықпал етіп, құзіретін кеңейтуге жұмыс істеуі тиіс. Бірақ сот процесіне заңдық тұрғыдан бөлек, моральдық тұрғыдан қарайтын алқабилердің адалдығы маңызды болып тұр. Өйткені адам тағдырын шешетін сын сағатта антына адалдық таныту бәрінен қиын болып барады.

Тегтер: