Сор болған стрестік активтер
![None](/static/img/image.jpg)
Әбілқасымованың бастамасы банктерді құтқара ма?!
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, банктердегі стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңгеге артқан. Бұл банк жүйесі активтерінің 6 пайызына тең. Аталмыш агенттік қазір ең бастысы заңды тұлғалардың қарызын (1,1 трлн теңгені) қайтарып алу басты назарда екенін айтады. Ол үшін не істемек керек? Банктердің тынысын тарылтып, тіпті кейбір банктердің банкрот болуына дейін апарып отырған сор болған стрестік активтерден қалай құтыламыз? Өтелмей жатқан триллиондаған қарыздарды қалай қайтаруға болады?
Бұған қатысты қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова: «Алдағы уақытта бизнесмендердің қайтарылмай жатқан несиесін, яғни стрестік активтерін жеке инвесторларға сатамыз» деп отыр.
Бұл ретте ол: «Қарызын өтемегендердің кепілдікте тұрған мүліктері, жер учаскесі, өндіріс базалары, коммерциялық нысандар бар. Міне, соларды экономикалық айналымға (қолданысқа) енгізу үшін жеке инвесторларға сатамыз. Бүгінге дейін жеке инвесторға сату көзделмеген болатын. Тек коллекторлық агенттік, қаржы ұйымдары ғана алатын еді», – дейді.
Әбілқасымованың айтуына қарағанда, бұрын банктер өндіріп алған мүлікті бес жыл ұстайтын. Енді мерзім үш жылға қысқартылды. Яғни осы мерзімде сатып үлгеруі керек.
«Осы мерзімде сатып үлгеруін қадағалаймыз. Сатпайтын болса, шара қолданамыз», – дейді Әбілқасымова.
Сөйтіп, алдағы уақытта банкке қарыз кәсіпкерлер жанталаса қарыздарын өтей бастайтын болады. Мүлкін кепілге қойып қарызын өтей алмай жүргендер де кепілдегі дүниесін тездетіп сатып, борышты өтеуге асығуы тиіс. Алайда отандық сарапшылар бұл бастаманың нәтижелі болатынына аса сенбейді. Мамандардың пайымдауынша, осындай стрестік активтердің салдарынан Қазақстанда банктердің біразы лицензиясынан айырылып, құрдымға кетті. Мысалы, бұған дейін банкроттар шеруін «Алянс» банк, Delta Bank, Tengri bank, «Қазинвест», «Казкоммерц», «Эксим» банктері құраған еді. Биылғы жылы да қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірқатар банктер лицензиясынан айырылатынын айтып отыр. Негізінде, бірнеше қаржылық ұйымның құлдырауы елдегі қаржы секторын құлазытып тастайтыны айтпаса да түсінікті. Осыдан 15-20 жыл бұрын «Қазақстанда бірқатар банктер банкрот болады» деген ақпарат тараса, әжептәуір шошынып, бұған үрке қарайтын едік. Қазір банк пен банкрот ұғымы құлағымызға сіңісті болып қалғаны сонша – селт етпейтін болдық.
Банк жүйесін зерттеуші сарапшылардың пайымдауынша, биылғы күз қазақстандық банктерге оңай тимейін деп тұр. Бұған себеп – елдегі банктердің бірқатарында жағымсыз несие портфелі көбейген. Банктердің берген несиесі биылғы қаңтар айындағы дерек бойынша 3,7 пайызға артқан. Соның ішінде заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 7 758,8 млрд теңгеге дейін 3,5 пайызға, жеке тұлғаларға 10 738,8 млрд теңгеге дейін 3,8 пайызға ұлғайған. Осылайша заңды тұлғаларды қойып, жеке тұлғаның, яғни халықтың несиесі биыл 10 трлн теңгеден асып кетті. Бұл Қазақстан халқының екінің бірі банкке қарыз деген сөз.
Ел қарызға батты, кәсіпкерлер де кәсібін банктен қарыз алып жүргізіп отыр. Мамандар «бұл дабыл қағатын жағдай» деседі. Кезінде банк секторын сауатты жүйелей алмауымыздың зардабын біз енді осылайша тарта бастамақпыз. Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан ШАЯХМЕТОВА:
– Тәуелсіздік алған жылдары банк секторын сауатты қалыптастыруға аса мән бермедік. Несиеге 24-28 пайыз үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу Қазақстанда ғана бар үрдіс. Естеріңізде болса, 2005 жылдары, тіпті банктердің филиалдары ірі қалаларда кез келген аялдамалардың қасынан ашыла бастады. Олардың жұмысы тек қана халыққа несие тарату еді. Осы тұста үкімет сауатты жүйені қолға алып, бұған тоқтам салу керек еді. Өндірісті, мемлекеттік жобаларды, бизнесті қаржыландыру дегенді түсінбестен, білместен, қарапайым халықты банктерге қарызға белшеден батырдық. Енді, міне, соның жемісі, мұның соңы экономикалық сорға алып келеді, – дейді.
Маманның пайымынша, сол кезде ашкөзденіп, халыққа барынша несие таратуды ғана көздеген банктер бүгінде өздері қазған орына өздері түсіп жатыр. Себебі қазір халықта қарызды қайтаратын әлеует жоқтың қасы.
– 2020 жылғы пандемия, биылғы Ресей мен Украина арасының шиленесуі бірқатар бизнесті тұралатты. Дүниежүзілік банктің өзі «былтыр елдегі кедей-кепшіктердің қатарына 800 мың адам қосылады» деп отыр. Мұндай жағдайда халықтың да бизнестің де несиені өтеу қабілеті төмендейді. Сондықтан күзде бірқатар банктер банкрот болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ бұл арада бизнесмендердің стрестік несиелерін инвесторлар сатып алады деп тағы да 100 пайыз сеніммен айта алмаймыз. Себебі қазір инвесторлар да кәсіп бастауға жүрексініп, алды артын бағдарлап отырған кезең. Тіпті кейбір инвесторлар Қазақстан экономикасынан гөрі басқа елдерді таңдап жатыр,– дейді Тоғжан Шаяхметова.
Сала мамандарының пайымынша, қандай да бір қиындық туындаса, үкімет банктерді демеуді назардан тыс қалдырған емес. Зейнетақы қорынан банктерге қаржы бөлу, Ұлттық қордан демеу қаржы бөлу, «Самұрық-Қазынадан» банктерге үлес қаржы бөлу дейсіз бе, толып жатқан қолдау қаржылар банктерді сауықтыруға жұмсалды. Бірақ бұдан банк жүйесі жөнге келіп, халықаралық дәрежеге жете қойған жоқ. Жетпек түгіл, маңайламады да.
– Жалпы, экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін жобаларды қаржыландырады деген желеумен банктерге береді екенбіз. Бірақ банктер қарапайым тұтынушылардың қалтасын қаққаннан басқа ештеңе жасап отырған жоқ. Мұны дереу доғару керек, – дейді Т. Шаяхметова.
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, егер біздің банк жүйесінде нақты экономиканы білетін, алдын ала экономикалық болжам жасай алатын азаматтар отырса, бұл мәселе өзінен-өзі шешімін табар еді. Байыптап қарасақ, 2007 жылдан бері елдегі несие беру көлемі бірнеше есеге ұлғайған. Ал осы аралықта өндіріс қуаттылығы артты ма? Өндірістің ауқымы қаншалықты кеңейді, өсті? Міне, біз кезінде осы жағын тереңдеп зерттеуіміз керек еді. Сол кездерде халыққа оңды-солды есепсіз беріліп жатқан несиеге бақылау қойып, оның орынды, орынсыз жұмсалып жатқаны қатаң қадағаланғанда, нақ қазір біз өнеркәсіптік қарқынымыздың әлсіздігі жайында әңгіме қозғамайтын да едік. Біле білгенге өндіріс пен банк тығыз байланыста болғанда пайда көзі, негізінен, банкке түседі. Өнеркәсіпті, отандық бизнесті банктер арзан несиемен қамтығанда экономика да қарқын алады. Біздегі қаржы институттары керісінше, қара халықты несиеге батырып, оны елге бірнеше есе пайызбен төлеткенді өздеріне несібе көріп отыр. Мұнымен қарыштап дами алмаймыз. Сор болған стрестік активтерден құтылмасымыз тағы анық. Сондықтан әзірге Әбілқасымованың «бизнесмендердің қарызын инвесторларға сатамыз» деген бастамасы «нақты нәтиже береді» деп тағы айта алмаймыз. Болашақта қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді қатаң бақылауға алып «бағытыңды өзгерт, үкіметтен қаражат алу үшін алдымен мықты-мықты өндірісті қолдайтын жобаларыңды ұсын, экономикаға жаның ашып жұмыс істе» деген талапты төтесінен қоя алса игі еді…