Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
04:29, 29 Қазан 2020

Сот әділ болсын десек

None
None

Құрметті Президент!

Мемлекетіміздің өркендеуіне Сіз барлық қажыр-қайратыңызды сарып, үлкен жұмыстар атқарып жатқаныңызға куәміз.

Бастаған игілікті істеріңізге Аллам сүйеу болсын.

Ал біз де өз кезегімізде азаматтық қоғам құрып, еліміздің дамуына игі ықпал етер шараларды жасауға талпынудамыз. Және де халықтың арасында жүрген азамат ретінде елдің тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізіп отырған бірнеше мәселені көріп, Сізге, осы мәселелердің менің түсінігімдегі шешімдерін ұсынып отырмын.

Бірінші мәселе – Жеке сот орындаушылар туралы.

Қазіргі таңда жеке сот орындаушылар өздерінің іс-әрекеттері арқылы халықтың қаржылық және психологиялық әлеуетіне айтарлықтай теріс ықпал етуде.

Мәселен, мемлекетке немесе заңды тұлғаға борыштар болып қалған кісіден ақша өндірудегі Жеке сот орындаушыларының істейтін бар амал-айласы оның есепшоттарын, мүлкін бұғаттау мен шетелге шығуға тыйым салу ғана. Жеке сот орындаушылар борышкерді іздеп табуға тырыспайды да деп айтсақ болады. Алдын ала борышкерге хабар бермей тұрып, оның есепшотын бұғаттап тастау жеке сот орындаушыларының негізгі әрекеті болып табылуда.

Тіпті төлеп жатқан банктегі кредиттік шоттарын да бұғаттап тастайды. Соның салдарынан бұғаттан шығарамын деп жүргенде банктегі несиесінің пениясы өседі. Сонымен қатар негізгі мөлшерде борышынан бөлек, 25% дейін жеке сот орындаушыға төлеуге тура келеді. Бұл, несиесін зорға төлеп жүрген адамдар үшін материалдық және психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болып табылады.

Және көбіне борышын төлегеннен кейін, есепшоттарын аштыру мен аресттен шығару процесі ұзақ уақыт алып жатады. Борышкерлердің өздері жеке сот орындаушыдан қажетті құжаттарды алып, керекті инстанцияларға жүгіруіне тура келеді.

Сонымен қатар жеке сот орындаушысының жіберген қателігінен зардап шегіп жатқан азаматтар да аз емес. Жеке сот орындаушысының жауапкершілігін күшейту керек.

Осылардың барлығын ескере келе, жеке сот орындаушылар туралы заңға өзгерістер енгізу қажет деп есептеймін:

  1. Борышкердің телефонына немесе әлеуметтік желілердегі парақшаларына, электронды поштасына алдын ала ескерту жіберу. Қазіргі технологиялар дамыған заманда, борышкерді іздеп таппау деген бос сөз.
  2. Жеке сот орындаушының алатын үстеме пайызын борышкердің мемлекеттік айппұлдар төлеу кезіндегі төлейтін соммасына қосу. Шотын бұғаттап тастағаны үшін берешек соммаға қосымша 25 % сот орындаушыға беру халыққа үлкен ауыртпалық салуда.
  3. Борышкердің банктердегі кредиттік шоттарына бұғат қоюға шектеу қою.
  4. Борышын төлеген азаматтардың шотын ашуды жеделдету және автоматтандыру.
  5. Жеке сот орындаушылар тарапынан жіберілген қателіктер борышкердің өмір сүруіне қиындықтар тудырмауды қамтамасыз ету.

Екінші, Жоғары оқу орындарына бөлінетін грант беруге өзгерістер енгізу мәселесі. Бұл мәселені осыдан бірнеше жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде де көтеріп ұсыныс айтқан болатынмын, бірақ  ұсынысты саралап, елеп-ескерген ешкім болмады. Бәлкім, бұл ұснысым биліктегі мырзаларға керек те емес болар, бірақ қарапайым халыққа қажетті деп есептеймін.

Менің ұсынатыным Жоғары оқу орнына мемлекеттік грантты тек оқуға түсерде ғана емес, оқуға түскен. Бірақ ақылы оқитын студенттер арасында да бөлу. Яғни, бұл шара арқылы ақылы оқитын студенттер арасында білім алуға деген мотивацияның өсуіне әсер етіп, елімізде бәсекеге қабілетті білімді жастардың көбейюіне игі ықпалын тигізетінені сенімдімін.

Түрлі себептермен грантқа түсе алмай қалған, бірақ білімді жастарға келесі жылғы грантты күтпей-ақ, ақылы бөлімге түсіп, өз білімділігін дәлелдеу арқылы қалған жылдарын грантта оқу мүмкіндігі, нағыз білім қуған жастар үшін үлкен қолдау болар еді.

Сонымен қатар бұл, өз кезегінде абитуренттер мен мектеп бітірушілер арасында ЖОО тапсыру кезінде туындайтын психологиялық қысымның бәсеңдеуіне, сәйкесінше, жасөспірімдер арасындағы суицидтік оқиғалардың азаюына ықпал етер ме еді деген үмітім бар!

Үшінші ұсынысым – Бизнеске қолдау көрсету бойынша.

Шағын және орта бизнес өкілдері арасында өндіріспен (тауар өндірушілер, жеңіл өнеркәсіп, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру) айналысатын компанияларға ҚҚС төлеуде жеңілдіктер жасау. Бұл өз кезегінде отандық өнімдердің артуына әсер етеді деп сенемін.

Сонымен қатар «Даму» қорының функциясын өзгерту қажет. Қазіргі таңда атқарған істері мен кеткен қаржы бойынша «Даму» қоры елдің экономикасына пәлендей жақсы әсер ете алмай отыр. Банктерге кредит беруге ақша бөліп қана отырған бұл қордың жұмысына жаңа леп керек.

Бұл қорды мемлекет ақшасын банктерге беріп отыратын қордан, венчурлық немесе инвестициялық қорға айналдыру қажет. Стартап жобаларды зерттеп, оларға ақша салып тәуекелге бара алатын, тиісінше экономикаға қаржы әкелетін қорға айналдыру маңыздырақ. Қазіргі таңда серпінді жобаларды инвестициялық қаржыландыру зор маңызға ие.

Болмаса, «Даму» қорынан бөлек инвестиялық-венчурлық шаралармен айналысатын жаңа қор ашу қажет немесе жекеменшіктегі инвестициялық-венчурлық қорлармен келісімге келіп, шағын және орта бизнесті дамытуға арналған қор жұмыстарын мемлекеттік қаржыландыру шараларын қарастыру ШОБ саласына маңызды серпін беретіні сөзсіз. Осылайша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жаңа деңгейге көтеру маңызды. Атқарылатын жұмыстарды атқарылған нақты істермен этап-этапымен қаржыландыру арқылы еліміздегі шағын-орта бизнесті дамытуға болады.

Новаторлық идеясы бар әлемдік деңгейге шыға алатын стартап-компанияларды қаржыландыруды қолға алмай, еліміздегі шағын бизнестің жылдам дамуын күту негізсіз. Стартап жобалар ғана еліміздегі кенже дамып келе жатқан ғылыми ауқымды жұмыстардың бастамашысы бола алады.

Төртінші ұсыныс туризм саласына жаңа бастамалар әкелу.

Сыртқы туризм болсын, ішкі туризм болсын бізде кенжелеп дамуда. Қаншама бағдарламалар қабылданса да туризм саласының экономикамыздағы орны өте төмен күйінде қалуда. Бұған енді пандемия қосылып тіптен кері кеткендігін көруімізге болады.

Еліміздегі туристік инфрақұрылым мәселесі айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптардың бірі. Қанша айтылғамен де өзгеріп жатқан дүние шамалы.

Сырттан туристерді тартудағы әлеуетіміздің басқа туризмі дамыған елдермен салыстырғанда төмендігін есептейтін болсақ, бізге ерекше тұрғыда бұл мәселені шешпек ләзім.

Атап айтқанда, біз елімізден өздерінің тарихи отанына кеткен эксотандастарымызға басымдық беруіміз қажет. Сан миллиондаған адамның Ресей, Германия, Украина және т.б. тарихи отандарына кеткендігін және аға буынның өздерінің туып-өскен елдімекендеріне деген сағыныштарын ескеретін болсақ осы салада дұрыс шешімдер қабылдау арқылы туризм саласына серпін беруге болады.

Арнайы фестивальдар мен шаралар ұйымдастыру, туристік сапармен елімізге келген эксотандастарға мейрамханалар мен қонақүйлерде арнайы жеңілдіктер жасау секілді шаралар арқылы елімізге келетін туристер санын артыруымызға болатынына сенімдімін.

Туған жердің ауасын жұтып, балалары мен немере-шөберелеріне міне менің туып-өскен мекенім деп көрсететіндей жағдайлар қалыптастыра алсақ болғаны.

Жоғарыда айтылған ұсыныстарды өзіңізге жеткізуді азаматтық парызым деп есептей отырып, Сізді ашық азаматтық қоғам қалыптастыру жолында барша игі шаралардың бастамашысы болады деп сенемін.

Тегтер: