Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Сот дін қызметкері Иаков Воронцовты үйқамаққа босатудан бас тартты

Иаков Воронцов
Фото: Азаттық

Алматыда сот қамауда отырған қазақстандық дін қызмекері Иаков Воронцовқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырмады.

 Ол үйқамаққа шығару немесе кепілмен босату туралы апелляциялық шағым берген еді. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сот отырысында қорғау тарапы оның денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа ауыстыруды сұраған.

"Біз оның денсаулығына байланысты үйқамақ гумандық шешім болар еді деп түсіндірдік. Ол бұрын ауыр дерттен өткен, ал қазір стресс салдарынан қабыну процестері қайта күшейген. Сондықтан ем қабылдауы қажет. Біз тіпті үйқамақ жағдайында электронды білезік тағуға да келісетінімізді айттық. Кепіл төлеуге де дайын болдық. Бірақ судья шағымымызды қанағаттандырмай, бұрынғы қамауда ұстау туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды, - деді адвокат.

Оның пікірінше, бұл шешім соттың қорғау тарапының уәждерін толық қарастырмағанын көрсетеді.

Қылмыстық іс

Бұған дейін Воронцовтың екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Ол есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің:

  • 302-бабы – есірткі қолданатын притон ұйымдастыру немесе ұстау;
  • 296-бабы – есірткі заттарын заңсыз сақтау (сату мақсатсыз)

бойынша айып тағылған.

Иаков Воронцов бұған дейін Ресей православие шіркеуінің священнигі болған. Кейін ол Қазақстанда РПЦ-дан тәуелсіз православ шіркеуін құруға талпыныс жасағанын айтқан.

Осы әрекеттерінен кейін өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.

2026 жылғы 23 ақпанда ол 72 сағатқа қайта ұсталған. Бұл жолы қылмыстық іс аясында күдікті ретінде қамалған.

Әкімшілік қамауда отырған кезінде Воронцов адвокаты арқылы хат жариялап, өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарған.

Оның айтуынша, пәтерінде ешқандай есірткі притоны болмаған және есірткі заттары өзіне әдейі тасталған.

Воронцов бұл жағдайды Қазақстанда РПЦ-дан тәуелсіз православ шіркеуін құру әрекетімен байланыстырады.

Бұған дейін оған экстремизм бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғаны хабарланған. Сондай-ақ ол Алматы қалалық Әділет департаментін сотқа беріп, діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден өткізуден бас тарту туралы шешімді заңсыз деп тануды талап еткен.

Иаков Воронцов Қазақстандағы қоғамдық мәселелерге қатысты ашық пікір айтып жүрген тұлға ретінде белгілі. 2023 жылғы 19 маусымда ол діни қызметін тоқтататынын жариялаған.