Сот Ертаевке қатысты амнистияның күшін неге жойғанын түсіндірді

Алматы облыстық соты бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа қатысты амнистия туралы қаулыны жойып, оның бостандыққа шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Бұл шешім апелляциялық алқаның қарауынан кейін қабылданды.
2 қыркүйекте Алатау қалалық соты Ертаевтың өтінішін қанағаттандырып, оны амнистия бойынша босату туралы қаулы шығарған еді. Сол кезде сот Ертаевтың өтелмеген мерзімін 11 ай 16 күн деп есептеген болатын.
Алайда облыстық сот бұл шешімнің заңды негіздері жоқ деп тапты. Коллегия бірнеше олқылықтарды анықтаған:
-
Ертаев екі үкім бойынша сотталған (2020 жылғы 16 қараша және 2021 жылғы 3 наурыз).
-
2021 жылғы 25 маусымда Алматының Алмалы аудандық соты осы екі үкімді біріктіріп, түпкілікті жаза тағайындаған. Бірақ:
-
Қаулыда алғашқы үкім бойынша өтелген мерзімнің есепке алынуы қарастырылмаған;
-
Қай үкімнен бастап соңғы жаза мерзімі есептелетіні көрсетілмеген;
-
Алатау сотының қаулысындағы өтелмеген мерзім мен түзеу мекемесінің №14 анықтамасындағы деректер арасында сәйкессіздік бар;
-
Анықтаманың өзі мекеме басшысы қол қоймаған күйде рәсімделген.
-
Осы олқылықтарға байланысты амнистияны қолдану негізсіз деп танылды. Нәтижесінде Ертаевты бостандыққа шығару туралы қаулы жойылып, оның өтініші қанағаттандырылмады.
Айта кетейік, қыркүйек айының басында Жомарт Ертаевтың «жақсы тәртібі үшін» бостандыққа шыққаны хабарланған еді.
Ол бес жыл бұрын Bank RBK-тен 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен сотталған болатын. Бұл іс бойынша бұрынғы акционер Qazaq Banki-дің иесі Бахыт Ибрагим де жазаланған еді. Ол жазасын өтеп шыққаннан кейін көп ұзамай өз-өзіне қол жұмсады.
2020 жылы Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін оның мерзімі тоғыз жылға қысқарған. Дегенмен банкир амнистия арқылы мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, қазір ол пробация қызметінің есебінде тұр.
Ертаев "Альфа-Банк", "Семейбанк", "ИртышБизнесБанк" сияқты мекемелерде жетекшілік қызмет атқарған. 2000 жылдары "Сеймар" холдингін, кейін "Альянс Банкті" басқарды. Украинадағы "БТА Банкті" және Қазақстандағы "Еуразиялық банкте де" басшылық қызмет атқарды.
2009 жылы ол алғаш рет тергеуге алынды. "Альянс Банктен" бір миллиард доллардан астам қаржы шығарылды деген іс бойынша Ертаев тоғыз ай қамауда отырды. Кейін шартты жазаға кесілді.
Кейін біраз уақыт жеке кәсіппен айналысып, "Алма-ТВ"-ны басқарды, "Алма Групптың" президенті болды. Бірақ 2017 жылы Ресейдегі банктердің директорлар кеңесіне кіріп, қайтадан банк ісіне оралды.
2018 жылы Қазақстанның сұрауы бойынша Мәскеуде ұсталды. Тергеу дерегінше, ол Bank RBK-тен 80 млн долларды жалған фирмалар арқылы заңсыз несие түрінде алған. Ол айыптауды "саяси қысым" деп атады. Алайда босатылғаннан кейін қайта қамауға алынып, босқын мәртебесінен айырылды.
2020 жылы өткен сот процесінде Ертаев ұйымдасқан топ құрып, алаяқтық жасады деп танылды.
Бұл іс бойынша 40 адам жазаланды. Тергеу материалдары 700 томнан, айыптау актісі 3600 бетінен тұрды. Іс барысында үш адам тергеу кезінде, тағы бірі сот тыңдалымы кезінде қаза тапты. Олардың барлығы банкте басшылық қызмет атқарған. Бұл өлімдер жұмбақ күйінде қалды.
Бұл істе экс-әкім Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы, кәсіпкер Бахыт Ибрагим де айыпталған еді. Ол сегіз жылға сотталған. Бірақ 2023 жылы бостандыққа шыққаннан кейін жаңа қылмыстық іске байланысты өзін қамауға алу қаупінен соң, өз-өзіне қол жұмсады.