Сот Гүлмира Сатыбалдыдан қанша ақша өндірді?
Астана соты Гүлмира Сатыбалдыдан 6,5 миллиард теңгеден аса соманы өндіру туралы шешім қабылдады, — деп хабарлайды Жас Алаш Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот Түрсен Алагөзовтың материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандыру туралы ұйғарым шығарды.
«Сатыбалдыдан жәбірленуші Алагөзовтың пайдасына GALANZ bottlers АҚ жай акцияларының 43,25 пайызын заттай қайтару арқылы 6,5 миллиард теңге мөлшерінде материалдық залал және 1 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиян сомасы өндіріп алынсын. Сондай-ақ, Сатыбалдыдан мемлекет кірісіне 6,8 миллион теңге өндіріп алынсын», — деді судья Кеменгер Имашев.
Сот Гүлмира Сатыбалды 2020 жылдың маусым-қыркүйек аралығында жәбірленуші Түрсен Алагөзовқа моральдық-психологиялық қысым көрсетіп, оған тиесілі GALANZ Bottlers АҚ акцияларының 43,25 пайызын сенімді тұлғасына қайта жазуға мәжбүр еткенін анықтады, бұл 6,5 миллиард теңгеден аса сомаға материалдық залал келтірді.
Сондай-ақ, сотта жәбірленуші Айгүл Мекешованың азаматтық талап арызы бойынша іс жүргізу медиациялық келісімнің бекітілуіне және талап арыздан бас тартуына байланысты тоқтатылғанын хабарлады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.