Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:51

Сот "Қазақмыс" корпорациясын жұмысшының мүгедек болып қалуына толық кінәлі деп таныды

Қазақмыс
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның кассациялық соты өндірістік жарақат ісі бойынша түпкілікті шешім шығарып, "Казақмыс" компаниясын жұмысшының мүгедек болып қалуына 100 пайыз жауапты деп таныды.

 Осылайша төменгі сот инстанцияларының шешімдері күшін жойды.

Оқиға қалай болды?

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылғы 22 сәуірде "Қазақмыс" кәсіпорындарының бірінде жұмыс істеген азамат ағаш өңдеу станогында ауыр жарақат алған. Оқиға салдарынан оның оң қолының бірнеше саусағы кесіліп, жұмысшы III топтағы мүгедек атанып, кәсіби еңбекке қабілеттілігінің 35 пайызын жоғалтқан.

Алғашқы тексеру комиссиясы жазатайым оқиғаға жұмысшының өзін де кінәлі деп танып, "абайсыздыққа жол берген" деген қорытынды жасаған. Осы уәжге сүйенген бірінші және апелляциялық соттар жәбірленушінің талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Кассациялық сот не деді?

Алайда кассациялық сот бұл ұстаныммен келіспеді. Судьялар өндірістегі жазатайым оқиғаларды қарауда негізгі жауапкершілік жұмыс берушіге жүктелетінін ерекше атап өтті. Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – жұмысшының емес, жұмыс берушінің тікелей міндеті.

Сот шешімінде мынадай жайттар көрсетілген:

  • 1951 жылғы станок өзінің пайдалану мерзімін әлдеқашан өткерген және міндетті техникалық сараптамадан өтпеген;
  • Құрал-жабдық жоғары қауіптілік көзі болып саналады;
  • Жұмысшыда тапсырманы қауіпсіз балама тәсілмен орындау мүмкіндігі болмаған;
  • Жұмысшының жабдықта жұмыс істеуге ресми рұқсаты (допуск) болмаған;
  • Демалыс күні жұмысқа шығуға жазбаша келісім алынбаған.

Соттың пайымдауынша, бұл заңбұзушылықтардың барлығы жұмыс берушінің жауапкершілігіне жатады және оларды жұмысшының мойнына артуға болмайды.

Қорытынды шешім

Кассациялық соттың шешімдерін толықтай жойып, жұмысшының жарақатына жұмыс берушінің 100% кінәсі бар, ал жұмысшы кінәсіз деп таныды және жәбірленушінің талабын толық қанағаттандырды.

Тегтер: