Сот Қазақстанда баспана беруден бас тарту шешіміне шағым түсірген шешен белсенді Мовлаевтың талабын қанағаттандырмады
Ақмола облысының соты Қазақстаннан баспана беруден бас тарту туралы шешімге шағым түсірген шешен белсендісі Мансур Мовлаевтың талабын қанағаттандырмады.
Ол Ресейге экстрадициялану қаупіне ұшырап отыр. Бұл туралы 26 ақпан кешінде оның адвокаты Мұрат Адам мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстанның Жоғарғы соты Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялау процесін уақытша тоқтатқан еді. Сондай-ақ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті шұғыл шаралар қолданып, оның шағымы қаралғанға дейін Мовлаевты Қазақстаннан шығармауға шақырған.
Мовлаев — шешен басшылығын және Рамзан Қадыров режимін сынаған белсенді. Ол 2025 жылдың мамырынан бері Ресей билігінің сұрауы бойынша Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Қорғаушыларының айтуынша, Ресейге қайтарылған жағдайда ол қудалау мен азаптау қаупіне тап болуы мүмкін.
Қаңтар айының соңында Қазақстанның Бас прокуратурасы Мовлаевты Ресейге экстрадициялауды мақұлдағаны белгілі болды. Адвокаты Мұрат Адам бұл шешімді «күтпеген әрі шок тудыратын» деп бағалап, келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, Мовлаевқа баспана беруден бас тарту жөніндегі шешімге байланысты сот процесі жүріп жатқан кезде оны беруге болмайды.
Мовлаевпен қатар Қазақстан Ресейге оппозициялық белсенді Юлия Емельянованы да беруді жоспарлап отыр. Ол — Навальный штабының бұрынғы қызметкері. Жоғарғы сот оның да экстрадициясын босқын мәртебесін беру туралы өтініші қаралғанға дейін тоқтатқан.
2022 жылы Мансур Мовлаев Ресейде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Сол жылдың тамызында оны Шешенстанда күштік құрылым өкілдері ұрлап әкетіп, құпия түрмелердің бірінде ұстаған. Кейін Мовлаев қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға жеткен.
2023 жылы Бішкек соты оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға бас бостандығынан айырып, жазасын өтеген соң елден шығару туралы шешім шығарған.
Қырғызстандағы колониядан босап шыққан соң белсенді Қазақстанға келген. 2025 жылдың мамырында Алматыда ұсталып, алдымен 40 тәулікке қамауға алынған, кейін бұл мерзім бірнеше рет ұзартылған.
Заңгерлер мен құқық қорғау ұйымдары БҰҰ-ның тиісті халықаралық тетіктеріне, соның ішінде Адам құқықтары жөніндегі комитетке шағым жолдап, ықтимал экстрадицияны тоқтатуды және Мовлаевқа баспана сұрау рәсіміне толық қолжетімділік беруді талап етті. Олар Қазақстанды адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды.