Сот кімнің сойылын соғып отыр?
Екі апта бұрын ғана «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен Қостанай облысындағы аттас аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Рустам Садықов бес жарым жылға сотталды.
Одан бөлек, өмір бойы мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Алайда бұрынғы орынбасар соттың мұндай үкімімен келіспейтінін айтады, «қара басымның емес, халықтың қамын ойлаймын деп басым дауға қалды» деп отыр. Соттың мұндай шешім шығаратынын күтпеген жергілікті жұрт та өре түрегелді. Рустам Садықовты қолдап, ғаламторда #Садықовқа бостандық (#свободусадыкову) акциясын ұйымдастырды.
Бар гәп алматылық компания – «Ремдортехник» ЖШС директоры Рашид Сәрсекеновтің Қостанай ауданы Заречный ауылы маңынан құм карьерін игеру үшін жер учаскесіне рұқсат сұрауында болып отыр. Себебі бес жыл бұрын мұнда сібір жарасымен өлген мал көмілген қорым табылғаны анықталғандықтан, бұл жер санитарлық аумақ деп белгіленіп, онда жер қазуға тыйым салынған. Соның салдарынан ертеректе жер телімін алып, қоныстанып қойған 30-ға жуық отбасы үйлеріне инфрақұрылым жүргізе алмай қалады. Әлі күнге дейін онда табиғи газ тартылмаған, жол салынбаған. Ал су мен жарыққа тұрғындар өз қалтасынан қаражат шығарған. Сөйте тұра, ауыл іргесінен жеке компанияға құм қазып алуға рұқсат берілгеніне наразылықтарын білдірді.
Қостанайлықтарды шулатқан, басы-қасында жүргендерді сергелдеңге салған бұл оқиға былтыр, 2020 жылдың мамыр айында басталған-ды. Дәл осы кезде аталған «Ремдортехник» ЖШС облыстық табиғат ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасынан Қостанай ауданы Заречный ауылы маңынан құрылыс құмын өндіруге лицензия алған. Үш жылдық мерзімге берілген лицензия жер учаскесін беруге негіз болғанымен, рет-ретімен орындалуы тиіс тәртіп бар екен. Мәселен, жерді пайдалану үшін заң жүзінде Қостанай ауданы әкімінің жер телімін беру туралы ресми қаулысы шығуы тиіс. Ал мұндай қаулыны әкім аудандық жер комиссиясы құптаған жағдайда ғана шығара алады. Жер комиссиясы бірнеше адамның құрамынан тұратын ұжымдық орган екеніне қарамастан, оның төрағасы болған Рустам Садықов айыптау актісінде компанияға жерді пайдалануға бергізбеу үшін комиссия мүшелерін қарсы қойды делініпті.
Рустам Садықовтың уәжіне келсек, жер комиссиясы бұл мәселені алғашқы рет қарағанда лицензияның үш жылға ғана берілгенін, ал «Ремдортехник» ЖШС жерді пайдалануды 48 жылға сұрап отырғанын көріп, заң аясында компанияның өтінішін кері қайтарған. Өйткені лицензия мен жалға сұрап отырған мерзім сәйкес келмеген. Алайда мұндай жауапқа қанағаттанбаған компания қайтара өтініш тастаған. Тиісті құжаттарға сәйкес, аталған аумақта сібір жарасымен өлген мал көмілген орын бар екені расталған соң, компанияның екінші өтініші де кері қайтарылған. Алайда бұл оның ашуын туғызған көрінеді.
«Өтінішті мақұлдасақ, жемқорлыққа жол бергендей болар едік. Бірақ содан кейін де маза болмады. Жан-жақтан қоңыраулар, ауызша өтініштер түсе бастады, ақша да ұсынды. Ең қызығы, табиғат ресурстарын реттеу басқармасының қызметкерлері де кабинетіме келгіштеп кетті», – дейді Рустам Садықов парақшасында жариялаған видеосында.
Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау үшін ол жергілікті тұрғындардың жанайқайына да құлақ асуды және кәсіпкермен де ортақ мәмілеге келуді ойлайды. Нәтижесінде құм игермекші компания санитарлық аумақтан кері шегінетін болып, аудандық жер комиссиясы жалға алуға сұрап отырған 6,2 гектар жерді 5,8 гектарға дейін қысқартып, өтінішін мақұлдайды.
Осы жерден келіп іс насырға шапқан. «Ремдортехник» ЖШС жер комиссиясының қағазы қолына тие сала, облыс әкімінің қаулысын алмастан, басқа да тиісті жұмыстар жүргізілместен, келесі күні құм қазуға кірісіп кетеді. Бұған жергілікті тұрғындар қарсылығын айтып, митингіге шығады, арты біраз дауға ұласады.
Мәселенің ушыққанын көріп отырған компания тұрғындардың алдында өз қаражатына газ тартып беруді мойнына алады. Сол арқылы құм қазуға тұрғындардың келісімін алмақшы болған. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның мердігер компаниясы – «Gas Qurylys» ЖШС-мен газ тартып беретін болып өзара келіскен.
Алайда Рашид Сәрсекенов «Gas Qurylys» компаниясының басшысы Андей Сидоренкоға хабарласып, шұғыл басқа қалаға жол жүретін болғандықтан, тұрғындармен кездесуге уақыт таппай, газ тартуға деген 10 820 000 теңгені кеңсесіне әкеліп беретінін хабарлайды. Кешкісін ақшаны тапсырып жатқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері үстінен түсіп, қылмыстық іс қозғаған.
Жанайқайын әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізген Рустам Садықов «Ремдортехник» ЖШС-іне берілген лицензия қаншалықты заңды, себебі экологиялық сараптама жасалмаған, лицензия беру кезінде жасалуы тиіс жергілікті қауымның келісімі бар протокол жоқ дегенді айтады.
Оның мұндай мәлімдеме жасауы бүгінде өзіне таяқ боп тиген сыңайлы. Табиғат ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Шайымов: «Садықов әлеуметтік желі қолданушыларын адастырып, мемлекеттік қызметкердің ар-ожданына нұқсан келтірді», – деп сотқа беріп отыр.
Істі қараған аудандық сот куәгерлердің айғақтарын ескермеді деп есептейді Р.Садықов: «Өзімнің не үшін кінәлі екенімді ұға алмаймын. Бар кінәм халыққа жанымның ашығаны ма?» – дейді ол. Қазір құқығын қорғау мақсатында сотқа апелляция беру үстінде.
Ол Рашид Сәрсекеновтің бизнесіне 11 млн теңге шығын келтірді деп айыпталды. Өз кезегінде бизнесмен де «мені әуре-сарсаңға салды» деп ағынан жарылған. Алғашында Р.Садықовқа «бизнеске кедергі келтірді» деген айып тағылған болса, кейін бұл «лауазымын асыра пайдаланды» дегенге ауыстырылғаны да таңғалдырмай қоймады.
Бір істің үстінен екінші істі қозғатып, жығылғанға жұдырық боп тиген Шайымов Мұрат Амантайұлына қатысты журналистік зерттеу барысында ғаламтордағы мынадай дерекке мән бермей қоя алмадық. Шенеунік әр жылдары қаржы полициясы агенттігінде, экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінде, бас прокуратурада, Қауіпсіздік кеңесінің ситуациялық орталығында қызмет атқарған, қазіргі ұлттық экономика вице-министрі Шайымова Айгүл Амантайқызымен ағайынды екен. Екеуі де Ақмола өңірінің тумасы. Дей тұрғанмен бұл даулы істе Мұрат Шайымов бауырының көмегіне жүгінбеді деп үміттенеміз.
Қазіргі кезде бизнесменге берілген лицензия қайтарылып отыр. Барлық жер қойнауын пайдаланушылар заң бойынша 30 сәуірде лицензия шарттарының орындалуы, яғни атқарылған жұмыс туралы есеп беруі тиіс. Егер кемшіліктер анықталса, оны жоюға компанияларға мүмкіндік берілмек, ол талап та орындалмаса лицензия кері қайтарылады. Демек, құм карьердің жасалуы 30 сәуірде белгілі болмақ.