Сот Мирболат Мырзатайұлына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды
Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы журналист Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы сот отырысында 27 қаңтар күні белгілі болды.
Судья қаулыны оқып, Мирболат Мырзатайұлына қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылсын деп мәлімдеді. Осылайша, блогерге бұған дейін тағайындалған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы өз күшінде қалды.
Сот процесі барысында тыңдаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары бөлек залға орналастырылып, сот отырысы бейнебайланыс арқылы көрсетілді. Алайда трансляцияның дыбысы нашар естіліп, кей сәттерде үзіліп отырған. Осындай үзілістердің бірінде қоғам белсендісі, бұрын президенттікке кандидат болған Хасен Қожахметов сот шешімі әділетсіз шыққан жағдайда аштық жариялайтынын айтты.
Айыптау тарапы не дейді?
Прокурор сотта сөйлеген сөзінде Мирболат Мырзатайұлының тіл мәселесіне қатысты «арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойғанын» алға тартты. Айыптау тарапының пікірінше, журналист өзге ұлт өкілі болып табылатын мемлекеттік мекеме басшысының қазақ тілін білмеуін сынға алып, оны қызметінен кетуге шақырған.
Прокурордың айтуынша, бұл әрекеттер әлеуметтік желілерде жарияланып, «ұлтаралық араздықты қоздыру» белгілерін қамтыған.
Сот ғимаратына жиналған белсенділер мен қолдаушылар «Мирболатқа бостандық!», «Қазақ тіліне бостандық!» деген ұрандар айтып, үкімге наразылық білдірді. Олардың айтуынша, ол тек «Тіл туралы» заңның орындалуын талап еткен, ал бұл қылмыс ретінде қарастырылмауы тиіс.
Бұған дейін хабарланғандай, 54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы бұрын «Қазақстан» және КТК телеарналарында тілші болып жұмыс істеген. Кейін журналистикадан кетіп, YouTube платформасында блог жүргізе бастаған. Ол әлеуметтік-саяси тақырыптарда пікір білдіріп, атом электр станциясының құрылысына қарсы шыққан.
2025 жылдың қараша айында сот оны Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі («әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік араздықты қоздыру») бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған. Айыптау актісіне сәйкес, журналист мен бір мекеме басшысы арасында тіл мәселесіне байланысты жанжал болған.
Қорғау тарапының уәжі
Мырзатайұлының адвокаты Жанара Балғабаева бұл істі саяси қудалау деп бағалап келеді. Оның айтуынша, қорғауындағы азамат тек өзіне қазақ тілінде жауап беруді сұраған.