Сот Оңтүстік Кореяның биліктен шеттетілген президентін қамауға алуға ресми ордер берді
Тергеушілер енді Юн Сок Ельді 20 тәулікке дейін қамауға алады. Осы уақыт ішінде прокуратура оған қарсы айыптау актісін шығаруы керек.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, сот Оңтүстік Кореяда әскери режим жариялағаны үшін биліктен шеттетілген президент Юн Сок Ельді ресми тұтқынға алуға ордер берген.
Сеулдің Батыс аудандық соты Юнды бүлік шығарды және билікті асыра пайдаланды деген айыппен ордер шығарғаны хабарланды.
Тергеушілер енді Юн Сок Ельді 15 қаңтарда Сеулдегі резиденциясында қамауға алғаннан бергі уақытты қосқанда 20 тәулікке дейін қамауға алады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу бөлімі Юнды 10 күннен кейін прокуратураға беруді жоспарлап отыр. Осыдан кейін прокуратура тергеуді жалғастырып, 20 күндік мерзім бітпей тұрып айып тағады.
Юн Сок Ель 18 қаңтарда қамауға алынған сот отырысына қатысты. Бес сағатқа созылған сот отырысында ол 40 минут сөз сөйледі, оның ішінде бес минуттық қорытынды сөз болды.
Юн соғыс жағдайын енгізбек болғаны үшін биліктен шеттетілді
Желтоқсанның 14-і күні Оңтүстік Корея парламенті Юн Сок Ельді биліктен кетірді. Бұған мемлекет басшысы 3 желтоқсанда саяси қарсыластармен күресу мақсатында жариялаған әскери жағдай себеп болды. Юнның шешімі қоғамда наразылық тудырып, парламент әскери жағдайды тез арада алып тастады.
Бастапқыда премьер-министр Хан Дик Су президент міндетін атқарушы болды. Алайда 27 желтоқсанда Оңтүстік Корея парламенті Ханды да биліктен кетіруге дауыс берді. Оның орнына премьер-министрдің бірінші орынбасары, экономика және қаржы министрі Чой Сан Мок президент міндетін атқарушы болып тағайындалды.