Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 22 Ақпан 2023

«СОТ – отқа айналмасын»

None
None

Қасым-Жомарт Тоқаев, «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл.

Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады».

Фейсбук желісінде желдей ескен жағымды жаңалықты көре сала,  «Жас Алаш» газеті заң ғылымының кандидаты, белгілі ғалым Айыпхан Мухамадиевке жолығып, қысқаша сұхбат алып, соны назарларыңызға ұсынуда.

Жарлы Байғанин:Айыпқан Ұлықпанұлы, армысыз!

Соңғы күндері ақпарат құралдарында Жоғарғы Сотта сіздің мемлекеттік тілге байланысты арызыңыз қаралады деген қауесет таралуда, бұл қаншалықты шындық және бұл сот не жайлы болады, тағы қандай мәселелер айтылады? Алдымен, осыған бір тоқталып өтсеңіз.

Айыпқан Ұлықпанұлы: Мен сотқа Қазақстан үкіметі, парламенті, министрліктер жалпы, барлық мемлекеттік органдар Конституцияның 7-бабының «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл – қазақ тілі» делінген норманы ескермей, орындамай отырғандарына арыз бердім. Келесі күрделі сұрақ ол — Н.Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткеннен кейін, «Елбасы» деп аталып, қауіпсіздік кеңесін басқаруға заңдық негіз болмауы жайлы. Тағы бірі — депутаттардың Ант беруіндегі заңдардың тәртібін орындамауы. Осындай Конституцияны бұрмалау әрекеттері, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігінің шектелуіне жол беріп, арты «Қаңтар қасіретіне» апарды. Міне, осындай сұрақтар төңірегінде.

Жарлы Байғанин: Алдымен, тіл мәселесіне келсек, ондағы сіздің қойып отырған талабыңызға сот құлақ асады ма, жоқ әлде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілі құқығы шектелген күйінде қала береді ме?

Айыпқан Ұлықпанұлы: «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабында мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп көрсетілген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, үкімет, мемлекеттік органдар, шенеуніктер барлығы тек қана мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізіп, отырыстар өткізіп, қызмет етіп, сөйлеп, барлық берілетін ақпараттар қазақ тілінде болуға тиісті.

Енді үкімет, министрлер, депутаттар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда тек қана қазақтар емес, бүкіл Қазақстан халқы бірлесе келе, бірауыздан қабылдаған Конституцияның мемлекеттік тiл – қазақ тілі деген талабын неге орындамайды деген үлкен сұрақ туындайды.

Жарлы Байғанин: Сіздің кейінгі жылдары тіл мәселесінде айтқандарыңызды зерделей келе, бәрі заң шеңберінде екенін байқаймыз, дегенмен Астанада осы 28 ақпанда Жоғарғы сотта әділдік болады деп ойлайсыз ба?

Айыпқан Ұлықпанұлы: Өткен желтоқсан айында мемлекеттік тілді соттардың қолдануы жайлы болған конференцияда, Жоғарғы сот төрағасы А.Мерғалиев, басқа да сот басшылары, мүшелері Қазақстанда басқару органдарының биліктің мемлекеттік тілге байланысты Конституциясының 7-бабын заңдарды өрескел бұзып отырғандарын атап өтті. Демек, менің арызым толық қаралып, қанағаттандырылуы керек.

Жарлы Байғанин: Сіз айтқандай болса жақсы, ал егер тағы да халықтың талабы ескерусіз қалса ше?

Айыпқан Ұлықпанұлы: Елді, Конституцияны менсінбеген «Елбасы» Назарбаев қайда? Халықтың қаһарына қалмайық. Заңдылық, әділдік орнатайық! Дулат Исабеков ағамыз ескерткендей, «Ендігі үлкен көтеріліс қазақ тілі үшін болады» дегеніне апаратын ессіздікті тоқтатайық.  СОТ – отқа апармасын деп тілейміз...

Жарлы Байғанин: Сұхбатыңызға рақмет!

Тегтер: